Accessibility links

"Арманым көп еді, күл-парша болды". Кабулдағы журналист әйелдің қазіргі жағдайы


Кабул көшесінде жүрген "Талибан" қарулы жасағы. Ауғанстан, 18 тамыз 2021 жыл.
Кабул көшесінде жүрген "Талибан" қарулы жасағы. Ауғанстан, 18 тамыз 2021 жыл.

Кабулда тәліптер әйелдерге қауіпсіздік мақсатында "уақытша" үйде отыруды бұйырғаннан кейін жұмысына барып жүргендер некен-саяқ. Азаттық радиосы Ауғанстан астанасындағы дүрбелеңге қарамастан жұмысын жалғастырып жатқан журналист әйелмен сұхбаттасты.

Рахила Елена — "Талибан" (Қазақстанда террористік деп танылған ұйым) Кабулды басып алған соң да жұмысқа барып жүрген санаулы журналист әйелдің бірі. Тәліптер жұмыс істейтін әйелдерге "уақытша" үйде отыруды бұйырып, оның себебін "біздің адамдар әзірге ондайға үйренген жоқ" деп түсіндірген.

Жергілікті баспасөз құралында жұмыс істейтін журналист қауіпсіздік мақсатында бүркеншік есімді пайдалануды жөн көрді. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол бұған дейін құрған жоспары мен арманы күл-парша болып, қиын жағдайда қалғанын айтады.

Азаттық: Қауіп төніп тұрғанына қарамастан жұмысыңызға қайта оралуыңыздың себебі неде?

Рахила Елена: "Талибан" Кабулды басып алған 15 тамызда әдеттегідей күнделікті жиналыс болып жатқан еді. Содан кейін біз кеңседен кеткен соң жұмыс орным екі-үш күн жабық болды. Бірнеше күннен соң бастығымыз жұмысқа оралуымызға болатынын айтты. Кеңсеге аз ғана адам барды, арасында мен де бармын.

Жұмысқа қайтып баруымның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, мен – жеке тұлғамын. Ешбір үкімет немесе билік жеке өміріме байланысты шешім қабылдай алмайды. Шешімімнің салдары қандай боларын білмеймін, бірақ күндердің күні еш қауіпке қарамастан өз қалауымды орындадым деп айта аламын.

Кабулды тәліптер басып алғаннан кейін, қаладағы базарлардың бірінде бет-жүзін бүркейтін киім киіп жүрген әйелдер. 28 тамыз 2021 жыл.
Кабулды тәліптер басып алғаннан кейін, қаладағы базарлардың бірінде бет-жүзін бүркейтін киім киіп жүрген әйелдер. 28 тамыз 2021 жыл.

Екіншіден, Ауғанстан үкіметі білім алуыма қаржы құйды. Жұмысым үшін қоғамға борыштармын деп ойладым. Журналист ретінде міндетім – жұмысқа шығып, өмірде не болып жатқанын халыққа жеткізу. Журналистің міндеті – қоғамдағы проблеманы, үкіметтің қателігін, адамдардың проблемасын айту. Адамдардың проблемасын шешіп бере алмаймын, бірақ олардың үніне айналу – жұмыс міндетім деп білемін.

Жұмысқа келуіме қаржы да себеп болды. Өзім үйдің үлкенімін, отбасым менің табысыма қарап отыр.

Азаттық: "Талибан" билікке келген соң жұмысыңызда не өзгерді?

Рахила Елена: Бізде сөз бостандығы болды. Тақырыпты еркін таңдайтынмын, үкімет пен басқаларды еркін сынайтынмын. Бұрын материалдарымда цензура болмайтын. Қазір бәрі өзгерді.

Қазір Ауғанстанда билік вакуумы қалыптасты. Әзірге сөз бостандығының қайта орнауы я орнамауы белгісіз. Материалдарымызда мұқият болуға тырысамыз, өз-өзімізге цензура қоямыз.

Мысалы, екі күн бұрын жаңа үкіметтің орнауы және халықтың уайымы туралы мақала жаздым. Өте мұқият болып, өзіме цензура жасап отырдым. Бірақ редакторым мақаламды өңдеп, бізге қауіп төндіруі мүмкін тұсын, көбіне азаматтардың пікірін алып тастады. Қазір қалағанымды айтып, қалағанымды жаза алмаймын. Өзгеріс осы.

Халық "Талибан" туралы сыни пікір айтса, мақалама оны қоса алмаймын. Бұл маған ғана емес, әріптестерімді де қауіп төндіреді. Тіпті, басылым жабылып қалуы да мүмкін.

Азаттық: "Талибан" билігінің қол астында жұмыс істеп жатқан журналист әйел ретінде болашағыңызды қалай елестетесіз?

Рахила Елена: Кейінгі екі аптада осы сұрақты өзіме күнде қоямын. Жауап жоқ. Егер осы сұрақты тәліптер Кабулға кірмес бұрын қойсаңыз, болашаққа жасаған жоспарымның тізімін берер едім.

Өмірімнің алдағы 30 жылына құрған жоспарым, оны қалай жүзеге асыратынымды жазып жүрген блокнотым болатын. 15 тамызда кеңседен кеткенде әрі қарай не болатынын білмей, басқа құжаттармен бірге сол блокноттың да көзін жойдым.

Арманым да көп еді. Алдағы екі жылда магистр дәрежесін аламын деп жоспарлағам. АҚШ-тың Fulbright (стипендиялар бағдарламасы) тестіне дайындалып жүргенмін.

Оқу бағдарламасы немесе тәжірибе алмасу аясында шетелдің ақпарат агенттіктерінде жұмыс істеп, сол тәжірибені еліме келіп пайдалансам деп ойлағам. Болашақта шетелде біраз уақыт тілші болып жұмыс істеуді армандағам. Ең бастысы, елім туралы айтқым келді.

Бұрынғы үкімет кезінде жас әйелге жалғыз жүру қауіпсіз болмаса да, жұмысқа жаяу баратынмын. Жаяу жүріп, болашақ жайлы ойлану ұнайтын. Қазір ол жоспарым адыра қалып, арманым күл-парша болды. Алда мені не күтіп тұрғанын білмеймін. "Талибан" маған арнап жоспар құрады, бірақ оның бәрі мен үшін, менің мүдем үшін емес. Бұл ауыр тиеді.

Қазір тәліптер әйелдер жұмысына қайтып оралатынын, БАҚ жұмысын жалғастыратынын айтады. Олар сөзінде тұрып, жұмысымды жалғастыра алам ба? Немесе олар мені өлтіріп, қамауға ала ма? Оны білмеймін.

Азаттық: Қазір Кабулдағы сіз сияқты жастардың жағдайы қандай?

Рахила Елена: Адамдар ақырындап жұмысына оралып жатыр. Бірнеше күн бойы Кабул елес мекендейтін қаладай болды. Көше қаңырап бос қалған еді. Дәл бұрынғыдай болмаса да, қазір халықтың қарасы қайта көбейген.

Халықаралық коалиция әскері шығып кеткен Кабул әуежайында тұрған "Талибан" күштері арнайы жасағы. 31 тамыз 2021 жыл.
Халықаралық коалиция әскері шығып кеткен Кабул әуежайында тұрған "Талибан" күштері арнайы жасағы. 31 тамыз 2021 жыл.

Күн сайын Кабулдың адам көп тұратын аудандарынан өтемін. Кабул қайтадан көшесінде адам бар қалаға айналғандай. Бірақ көшеде, жұмыс орындарында әйел аз. Олардың көбі қара пәренжі немесе хиджаб киіп жүр. Ерлердің де сырт келбеті өзгерген. Енді олар тәліптер дұрыс деп шешкен дәстүрлі ауған киімін киеді.

Бостандығымызды шектеу – проблемалардың бір бөлігі ғана.

Жастар да, қарттар да қаржы жағы қалай болар екен деп алаңдайды. Халық кедей, көбінің тұрақты жұмысы жоқ. Бұрын көбі кез келген жұмысты істеп, бір күндік тамағына жететіндей ғана табыс табатын. Солай қайталана беретін.

Кейінгі 20 жыл бойы Ауғанстан бір күні тоқтауы мүмкін шетел көмегіне тәуелді болды. Жұмыс істеуге рұқсат берген күннің өзінде бізге ақша төлей ме, оны да білмейміз. Жұртқа аштық келе ме деп қорқамыз.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

"Талибан" келген соң өмірі күрт өзгерген алты әйелдің хикаясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG