Accessibility links

Талибан содырлары Орталық Азия шекарасына келді


Талибанның бұрынғы содырлары бітім рәсімі кезінде қару-жарағын тапсырып жатыр. 24 маусым 2021 жыл.
Талибанның бұрынғы содырлары бітім рәсімі кезінде қару-жарағын тапсырып жатыр. 24 маусым 2021 жыл.

Ауған үкіметінің күштері елдің солтүстігінде қуғында жүр. 200-ге жуық сарбаз тәліптердің шабуылынан бас сауғалап, Тәжікстан мен Өзбекстанға қашқан. Орталық Азия елдері өз шекарасында өршіген ескі қақтығыстың қайта тұтанғанына куә болып отыр.

Ауғанстаннан шетел әскері кетіп жатқанда, бұл елге қатысты саясатын әлі де сарапқа салып көремін деп жүрген Орталық Азия мемлекеттері үшін ойланатын уақыт аяқталған сияқты.

Мамырдың басынан бері Ауғанстанның солтүстігінде тәліптер жылдам жеңіске жетеді дегенді болжай қойғандар аз еді. Әскери қимылдар аз уақытта Ауғанстанның солтүстік шекарасына жетіп, қақтығыс алауы Орталық Азия аумағына өтіп кетті.

22 маусымда Ауғанстан үкіметі әскерінің Тәжікстанмен шекарадағы маңызды нүкте саналатын Шерхан-Бандар қаласында ойсырай жеңілуі Орталық Азия басшылары үшін де, тәліптердің шабуылынан бас сауғалап, Тәжікстанға қашқан 134 ауған жауынгері үшін де күтпеген жағдай болды.

23 маусымда Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстан үкіметі мен одақтас әскери жасақтың 53 қарулы жауынгері қашып келгенін растап, өңірде туған алаңдаушылықты одан әрі күшейтті.

Ташкент жауынгерлерді тергеп, Ауғанстанға кері қайтарғанын мәлімдеді.

ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫҢ КҮШ АЛУЫ

Ауғанстанның сегіз провинциясы Орталық Азиядағы бұрынғы советтік республикалармен шектеседі. Батыстан шығысқа қарай алғанда бұл тізімге Герат, Бадгис, Фарьяб, Джаузджан, Балх, Құндыз, Тахар және Бадахшан өңірлері кіреді.

2001 жылдың соңында Ауғанстанға АҚШ әскері кіргеннен кейін бұл провинциялар ондаған жыл салыстырмалы түрде бейбіт өмір сүріп келген. Сондықтан олармен шекаралас Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің басшыларында алаңдауға негіз болмаған.

Бірақ 2013 жылдан бері Ауғанстан қауіпсіздік күштері тәліптер мен өзге де әскери топтарға қарсы күреске белсене қатыса бастады. Кейде әскери қимылдар Түркіменстан және Тәжікстан шекарасында жүрді. Аталған мемлекеттердің аумағына артилеррия снарядтары құлаған кездер де болды.

25 маусымда Азаттықтың Түркімен қызметі Ауғанстанның Фарьяб провинциясына қарасты Андхой қаласын тәліптер басып алғанын хабарлады.

Ауғанстан қауіпсіздік күштеріне қосылған қарулы жасақ ел астанасы Кабулда өткен жиында тұр. 23 маусым 2021 жыл.
Ауғанстан қауіпсіздік күштеріне қосылған қарулы жасақ ел астанасы Кабулда өткен жиында тұр. 23 маусым 2021 жыл.

Ақпарат құралының дерегінше, 25 маусымда Ауған үкіметінің әскері Түркіменстаннан небәрі 10 километр жерде орналасқан Андхой қаласына жауапты соққы берген.

Түркіменстан шекарасынан 30 километр жердегі көршілес Акина қаласында Ауғанстан мен Түркіменстан арасындағы жалғыз теміржол байланысы станциясы мен құрлық порты орналасқан. Бұл сондай-ақ Ауғанстанды Түркиямен және Еуропамен байланыстыратын Лапис Лазули құрлық жолындағы маңызды нүктелердің бірі саналады.

19 маусымда Ауғанстандағы жекеменшік Tolo News басылымы тәліптердің Фарьяб провинциясындағы Хваджа Сабз Пош ауданын басып алғанын жазды. Материалда өңір орталығы Маймана қаласының сыртында әскери қақтығыс болғаны айтылады.

Көршілес Бадгис провинциясындағы Мургаб және Гормах аудандарында 2014 жылдан бері соғыс жүріп жатыр.

2014 жылы ақпанда әскери содырлар Мургаб өзені арқылы Түркіменстанға өтіп, үш түркімен шекарашысын өлтірген. Бірнеше айдан кейін олар Гормах ауданы арқылы тағы да шекараны кесіп өтіп, Түркіменстанның үш жауынгерін өлтіріп, қару-жарағын алып кеткен.

Фарьябтың шығысындағы Джаузджан провинциясындағы Түркіменстанмен шекаралас Хамьяб және Каркин аудандары Акча, Мангиджал, Файзабад, Мардян елдімекендерімен бірге тәліптердің қолына өтті деген ақпарат бар.

Ауғанстан әскері 700 метрлік көпір арқылы Тәжікстанға бет алған кезде тастап қашқан Шерхан-Бандар қаласы Құндыз провинциясында орналасқан.

2015 және 2016 жылдары тәліптер провинция орталығы Құндыз қаласының бір бөлігін жаулап алған. Кейін ауған әскері америкалық арнаулы жасақ және әуе күштерінің қолдауымен тәліптерді қаладан қуып шыққан.

Қолда бар деректерге қарағанда, 25 маусымда Құндыз провинциясының Тәжікстанмен шекаралас Имам Шахиб (Шерхан-Бандар қаласы осы жерде орналасқан), Дашт-э-Арчи және Калай-и-Заль аудандары тәліптердің қолында болған.

Тәліптер Алиабад провинциясының оңтүстігіндегі ауданды да басып алғанға ұқсайды. Бірақ Tolo News басылымы Ауғанстан әскерінің Алиабадты қайтарып алғанын жазды.

Tolo News басылымының 21 маусымда таратқан ақпаратына сәйкес, Құндыздың шығысында орналасқан Тахар провинциясындағы 12 ауданның сегізі не тәліптердің қолына өткен, не алдыңғы аптада Ауғанстанның қауіпсіздік күштері бұл аумақта тұратын халықты басқа жаққа эвакуациялаған.

Бұл жерде Чал, Бахарак, Ишкамыш, Нама (Шах) Аб, Янги Кала, Хваджа Гар, Хазар Самуч аудандары туралы сөз болып отыр.

Басылым дерегінде Хваджа Гар және Банги аудандарын көп ұзамай Ауғанстан әскері басып алғаны айтылады.

Бірнеше жылдан бері тәліптердің қол астында отырған Даркад елдімекені сияқты Янги Кала мен Нама (Шах) Аб аудандары да Тәжікстанмен шектеседі.

Тәліптер Тахар провинциясының орталығы Талукан қаласын да бақылауына алған.

Түркіменстан және Тәжікстанмен шекаралас аудандардың арасында Өзбекстанмен шектесетін жалғыз елдімекен Балх провинциясы бар. Өңір орталығы Мазари Шариф қаласы мен аймақтың көп бөлігі ұзақ жылдар бойы тәліптердің шабуылына қарсы күресіп келген.

Талибан ауған-тәжік шекарасындағы аймақты басып алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

23 маусымда Өзбекстанға өткен 53 жауынгер Балх аймағындағы Шортепе ауданынан қашқан.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде бұл топтың неге Өзбекстан территориясына өткені туралы ештеңе айтылмаған.

Ол кезде Шортепеде әскери қимылдар жүріп жатқаны туралы ақпарат болмады. Бірақ кейінгі кезде Өзбекстанмен шекараның оңтүстігіндегі Балх провинциясында әскери қақтығыстар болып жатқаны туралы хабарлар түсе бастады.

ТӘЛІПТЕРМЕН КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ

12 маусымда тәліптер Балх ауданын аз уақытқа жаулап алды. Бірақ Ауған үкіметінің әскері 22 маусымда ауданды қайтарып алды.

Балх ауданының оңтүстік-батысында орналасқан Чимтал ауданында кейінгі апталарда әскери қақтығыстар болған.

Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан оқиғаның қалай өрбіп жатқанын бақылап отырғанда, ел басшылары Ауған үкіметі күштерінің кері шегініп жатқанын естіген болар.

Кей жағдайда қауіпсіздік күштерінің оқ-дәрісі таусылып, оларға дер кезінде көмек келіп жетпеген. Енді бірде ауған әскері өздерінен күші басым тәліптермен келісімге келіп, аман-есен кері шегіну үшін қарсыласына қару-жарағын тастап кетуге мәжбүр болған.

Қазір Ауған үкіметінің күштері елдің солтүстігінде тәліптерге қарсы тұра алады дегенге сену қиын. Әсіресе, 11 қыркүйекте Ауғанстанда қалған шетелдік әскери күштердің соңғы тобы елден кеткеннен кейін жағдай ушығуы мүмкін.

Кабул үкіметі әскери топтардың тәліптерге қарсы күресте белсенді рөл атқарғанын қалап отыр.

23 маусымда түсірілген мына суретте "Талибанмен" күресу үшін қолға қару алған Гузара аймағының 500-ге жуық тұрғынының кейбірінің Ауғанстан үкімет күштері сарбаздарымен бірге жүрген сәті бейнеленген.
23 маусымда түсірілген мына суретте "Талибанмен" күресу үшін қолға қару алған Гузара аймағының 500-ге жуық тұрғынының кейбірінің Ауғанстан үкімет күштері сарбаздарымен бірге жүрген сәті бейнеленген.


Бірақ бұл Тәжікстан мен Өзбекстан үкіметіне жақсы таныс ескі мәселені көтереді.

1990-жылдардың екінші жартысында тәліптер солтүстік Ауғанстанда күш ала бастаған кезде Өзбекстан көпшілік қолбасшы деп атайтын, өзбектен шыққан ауған командирі Абдул Рашид Достумды, Тәжікстан этникалық тәжік, аңызға айналған "Панджир арыстаны" дейтін әскери қолбасшы Ахмад Шах Масудты қолдаған.

Енді қазір артында Ауған үкіметінің күштері тұрғанын сезген Ташкент пен Душанбедегі кей элементтер өз елінің табалдырығын күзету үшін ауғандар арасынан дәнекер болуға жарайтын тұлғалар іздей бастауы мүмкін.

Бұл елдер тәліптерге қарағанда, әртүрлі әскери топтардың қатарында соғысып жүрген, Тәжікстан мен Өзбекстаннан шыққан радикал исламистерден көбірек қауіптеніп отыр.

Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметін әсіресе экстремистік топтар қатарында жүрген азаматтары алаңдатады. Мүшелігінде өзбек және тәжік азаматтары бар деген топтарға "Хорасан ислам мемлекеті", қазір Ауғанстанда әрекет ететін "Джамаат Ансарулло" (бұл топ негізінен тәжіктерден тұрады) тобы немесе өзбектер саны басым "Ислам жихады" одағы, "Катибат Имам әл-Бұхари", "Катибат Тахвид әл-Джихад", "Өзбекстан ислам қозғалысының" қалған бөлігі жатады.

Ресми түрде бейтарап позиция ұстанатын Түркіменстан осыған дейін Ауғанстандағы ішкі қақтығыстардан бойын аулақ салуға тырысып келді. 2019 жылы наурызда түркімен шекарашылары Бадгис өңірі Мургаб ауданындағы тәліптердің шабуылынан қашып, Түркіменстанға кірмек болған Ауған үкіметінің 100-ге тарта жауынгерін кері қайтарған. Осының салдарынан жауынгерлер тәліптердің қолына түскен.

Төрт жыл бұрын түркімен шекарашылары Джаузджан провинциясы Хамьяб ауданындағы генерал Абдула Рашид Дустумның әскерінен қашқан тәліптерді дәл солай Ауғанстанға жөнелткен.

Қазір Өзбекстанның 53 жауынгерді кері қайтару туралы шешіміне қарап, Ташкенттің Түркіменстан үлгісін қайталап отырғанын көруге болады.

Ал Душанбе керісінше, осы аптада тәліптерден қашқан ауған әскеріне уақытша Тәжікстанда қалуға рұқсат беріп, жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетті.

Тәжікстанның шығысындағы Тау Бадахшан өңірінің басшысы Едгор Фаизов 21 маусымда аймақ басшыларының кездесуінде "Ауғанстаннан кем дегенде 5 мың, ең көбі 10 мыңға жуық босқын қабылдауға дайын болуымыз керек" деді.

Ауғанстанмен шекарадағы жағдайдың қалай өрбігеніне қарап, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан кез келген жағдайға дайын болу үшін қорғаныс, қауіпсіздік саласындағы екіжақты және көпжақты келісімдерін қайта қарауы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG