"Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы АҚШ пен НАТО күштеріне жұмыс істеген ауғандарды "сатқын" деп атап, оларды өлтіретінін жылдар бойы айтып келеді.
АҚШ пен НАТО әскері қыркүйекте елден толық шығады. Ал оларға қызмет қылған ондаған мың ауған азаматы қорқыныш пен үрейде жүр.
Олардың қаупі орынды, себебі "Талибан" соғыс жылдары шетел әскеріне жұмыс істеген жүздеген ауған мен олардың туыстарын өлтіріп кеткен.
Кейінгі айларда зорлық-зомбылықтың артуы, "Талибан" қозғалысының шайқастағы жетістіктері қауіпті күшейте түсті.
1 мамырда АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерін әкетуді ресми түрде бастады. Содан кейін тәліптер ондаған аудан мен әскери базаны басып алып, бірқатар қала мен елдімекенді құрсауға алды. Батыс қолдауына ие қазіргі ауған үкіметі құлауы мүмкін деген үрей күшейді.
Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатқан АҚШ пен кей мемлекет басына қатер төніп тұрған ауғандарға иммиграция бағдарлама жасап, оларды елден алып кету жолын ойластырған.
Бірақ бұл бағдарламаларға өтініш бергендердің көбі барар елдің иммиграция қызметінен жауап алмағанын айтады. Кейбірі бұл жауапты бірнеше жыл күткен. Олардың құқығын қорғаушы ұйымдар бағдарлама тым баяу жүзеге асып жатыр және кезінде жұмыс істеп кеткен бұрынғы қызметкерлерді түгел қамтымайды дейді.
2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға кіргеннен бері шетел әскерінде 300 мың ауған азаматы жұмыс істеген. Олар аспаз, тазалаушы, жұмысшы, механик, аудармашы, күзетші секілді қызметтерді атқарған.
"ҮЛКЕН ҚАУІП ТӨНІП ТҰР"
"Бізге үлкен қауіп төніп тұр. Бізге ғана емес, отбасымызға да. Тәліптер бәрімізді өлтіреді. Шетел әскері кеткен соң "Талибан" елді қайта басып алуы мүмкін. Бұл жағдайда бәрімізге, әсіресе, бізге қауіп төнеді" дейді 2004-2008 жылдары АҚШ-тың Ауғанстандағы ең ірі әскери базасында күзетші болған Абдул Вакил.
No One Left Behind дейтін америкалық үкіметтік емес ұйым ауған аудармашыларына АҚШ-қа көшуге көмектеседі. Ұйымның дерегінше, 2006 жылдан бері "Талибан" АҚШ әскеріне жұмыс істеді деген адамдар мен олардың туыстары арасында 300 адамды өлтірген.
Ұйым биыл орташа есеппен айына екі аудармашы өлтірілгенін, ал мамырда опат болғандар саны бес адамға жеткенін айтады.
Тәліптер шетел әскерімен жұмыс істеген ауған аудармашыларына жиі шабуыл жасайды. Оларды "тыңшы", шетел "басқыншыларының көзі мен құлағы" деп атап, оларға жиі іздеу салады.
7 маусымда "Талибан" қозғалысы мәлімдеме жасап, "өткен ісіне өкінген, ислам мен елді сатып кетуге тең мұндай әрекетке енді бармайтын" адамдарға тиіспейтінін айтты. Бірақ көбі "Талибан" қозғалысының бұл сөзіне сенбейді.
"Талибан" күн сайын күш алып келеді. Бұл өмірімізге төнген қауіптің күн сайын артып жатқанын білдіреді" дейді 2015 жылдан бері АҚШ әскеріне жұмыс істеген 28 жастағы аудармашы Абдул Кәрім.
"Талибан" шетелдіктерге немесе Ауғанстан үкіметіне жұмыс істейді деп кінә таққан бейбіт тұрғындарды да көптен бері шабуылдап келеді.
Қаңтарда тәліптер АҚШ әскерінде 12 жыл жұмыс істеп, АҚШ визасын күтіп жүрген адамды өлтірген.
Кей аудармашылар тәліптердің қастандық қаупі бар қоқан-лоқы көрсеткенін айтады.
"БЮРОКРАТИЯ ӘЛЕГІ"
Құқық қорғау ұйымдары мен бақылаушылар Батыс елдерін тәліптер тарапынан қысымға ұшыраған ауған жұмысшыларын көшіру бағдарламасын жылдамдатуға шақырды.
Қазір АҚШ-тың арнайы иммиграция бағдарламасына (SIV) құжат тапсырып, жауап күтіп отырған 18 мыңға жуық ауған бар. SIV бағдарламасы 2009 жылы іске қосылған. Ол ирактықтарға арналған осыған ұқсас бағдарламаға негізделген.
Бұл бағдарлама аясында АҚШ визасын алу үшін ауғандар өміріне тұрақты қауіп төніп тұрғанын, АҚШ үкіметіне кемі бір жұмыс істегенін дәлелдеуі тиіс.
ЭВАКУАЦИЯЛАУДЫ ҮДЕТУ
АҚШ заң шығарушылары өлім қаупі төнген мыңдаған ауғанның өміріне алаңдап, оларды халықаралық әскери контингент елден кетпей тұрып эвакуациялау қажет дейді. Конгрессмендер қазіргі жағдайда виза беру екі жылға дейін созылып жатқанын, мұның салдары ауған қызметкерлерінің тәліптер қолынан қаза табуына әкелуі мүмкін екенін айтады.
Пентагон АҚШ әскерінде жұмыс істегені үшін өміріне қауіп төнген ауғандарды елден алып кету жолдарын қарастырып отырғанын айтады. Бірақ Ақ үй эвакуацияны жылдамдатуға асығар емес.
ҰЛЫБРИТАНИЯ ТӘЖІРИБЕСІ
Ұлыбритания 1 сәуірден бастап ауған жұмысшыларын эвакуациялауды жылдамдата бастады.
31 мамырда Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Ұлыбританияның ауған қызметкерлеріне борыштар екенін, оларды көшіріп алуды жылдамдатудың дұрыс шешім екенін айтты.
Содан бері 1360 ауған мен олардың отбасы мүшелері Ұлыбританияға көшіп үлгерді. Бірақ мыңдаған өтініш әлі де қаралып жатыр.
Үкімет кандидаттарға қойылған талаптарды жеңілдетті. Дегенмен Ұлыбритания әскеріне жұмыс істейтін аудармашыларды қолдаушы Sulha Alliance тобы жұмыстан шығарылған ауғандардың өтініші қаралмай отырғанын, олардың көбі қызметінен болмашы себепке бола айырылғанын айтады.
Ауғанстанда әскері бар Австралия мен Германия секілді елдер жергілікті халықтан алған жұмысшыларын көшіріп алуға асығар емес.
"Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатқан елдер бұрынғы ауған жұмысшыларын эвакуациялау және көшіру жоспарын баяу жүргізіп жатыр. Олар қалыпты тәртіптің баяу болатынын, коалиция әскеріне жұмыс істеген ауғандар мен олардың отбасын жылдам алып кетуі керегін мойындауы керек" дейді Human Rights Watch ұйымының Азиядағы директор орынбасары Патрисия Госсман.
"САТҚЫНДЫҚ"
Шетел әскеріне жұмыс істеген ауған азаматтар көбіне аты-жөнін жасырып, тасада жүреді. Дегенмен кейінгі кездері олардың көбі түңілгенін ашық айтып жүр.
Кейінгі апталарда Ауғанстан астанасы Кабулда жүздеген митинг болды. Оған шыққандар жұмыс берген Батыс елінен көшіріп әкетуді талап етті.
Олардың көбі ашулы және жұмыс істеген елдер өздерін сатып кеткендей сезінеді. Олар виза алу процесінің ұзаққа созылуы, кандидаттарға қиын талап қойылуы олардың өміріне төнген қауіптің дәлелі екенін айтады.
"Біз америкалықтарға көмектестік. Енді олардың бізге көмектескенін қалаймыз" дейді АҚШ арнайы қызметінде жұмыс істеген аудармашы Бариалай Рахими.
Ауғанстанның Каписа провинциясында тұратын 32 жастағы Мохаммед Васел америкалық командирден марапат алған. Соған қарамастан, оның виза алуға берген өтініші қабылданбаған.
"Біз [шетел әскеріне] көмектестік. Өмірімізге қауіп төнді. Ал енді олар кетіп жатыр. Олардың бізге көмектесетін кезі келді" дейді 2009-2012 жылдары АҚШ әскерінде аудармашы болған Мохаммед Васел.
ПІКІРЛЕР