Accessibility links

Татарстанда Қытайдың мұсылмандарға қатысты саясатын айыптады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бүкілтатарлық қоғамдық орталық (БТҚО) "Қытайдағы мұсылмандар геноциді туралы" мәлімдеме таратты. Ұйым Шыңжаңда "ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар, дүнгендер мен өзге де мұсылман халықтары геноцидке ұшырап", "Қытай өз аумағында ислам діні мен түркі халықтарына қарсы ашық соғыс жариялаған" деп мәлімдеген.

Бүкілтатарлық қоғамдық орталық "Ресейдің барлық қоғамдық, ұлттық және мұсылман ұйымдарын ұйғыр халқымен бірге ынтымақтастық акциясын өткізуге" шақырған.

БҮКІЛТАТАРЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ОРТАЛЫҚ МӘЛІМДЕМЕСІ

БТҚО өкілдерінің мәлімдеуінше, "Қытайдың түркі халықтары мен мұсылмандарға қатысты геноцид саясаты 1930-1940 жылдардағы нацистік Германияның саясатын еске салады".

"Жақында әлем халқының назарына ұсынылған жаңа деректер бойынша, Қытайда түркі тілдес мұсылмандарды түрмелерге жаппай қамайтыны және қатыгездік танытатыны дәлелденді. Оларды лагерьлерге топтап қамап, адамгершілікке жатпайтын жағдайда ұстайды. Қамау орындарында көп адамды аяусыз азаптайды. Өлген адамдар саны мен геноцид ауқымын жасыру үшін Қытай Халық Республикасының билігі концлагерьлерге гуманитарлық және құқық қорғау ұйымдары өкілдерін кіргізбейді", - деп жазылған мәлімдемеде.

Қашғар қаласындағы мешіттің маңында жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Шыңжаң, 4 қараша 2017 жыл.
Қашғар қаласындағы мешіттің маңында жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Шыңжаң, 4 қараша 2017 жыл.

БТҚО "Ресейдің барлық қоғамдық, ұлттық және мұсылман ұйымдарын ұйғыр халқымен бірге ынтымақтастық акциясын өткізуге" шақырған, себебі "Ресейдің ресми билігінен Шығыс Түркістан ұйғырларын қорғауға қатысты үндеу күту бекершілік" дейді ұйым.

"Ресейдің байырғы халықтар мен ұлттық азшылықтарға қатысты ұстанымы Қытайдың саясатына ұқсайды. Оның бір себебі – Ресей Федерациясының империялық-шовинистік реванш позициясына оралуы. Оның үстіне, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас та үлкен рөл ойнайды".

"Инвестиция мен несиелердің қарымына мәскеулік режим елдің табиғи байлығы мен жер қойнауы қазбаларын орынсыз сатып, құртып жатыр. Мұсылман халықтарын мақсатты түрде жойып жатыр, бірақ ислам мемлекеттерінің көбі, олардың ұйымдары жұмған ауыздарын ашпай отыр. Әсіресе, халықаралық саяси алаңда ықпалы күшті бай араб елдерінің үнсіздігі таң қалдырады. Мұсылман бауыр-қарындастарын қорғау үшін ислам әлемі Қытайға қарсы бір күшке айнала алмай ма?" деген сауал қояды БТҚО.

Мәлімдемеде "қазір түркі әлемінің өркениетті дамуында бетбұрысты кезең екені, мемлекетін құра алған түркі халықтарының саяси кемелденуі сынға түсетін тарихи сынақ" екені айтылған.

"Әлемдік қауымдастық (соның ішінде түркі республикалары белсенділік танытып) күш біріктіріп, Қытай мемлекетін айыптап қана қоймай, мұсылмандары мен ұлттық азшылыққа қарсы геноцид саясатын тоқтатуда дереу шара қабылдауға шақыруы керек", - делінген бүкілтатарлық қоғамдық орталық мәлімдемесінде.

"Қытайды шарықтатайық" деген пропагандалық жазудың алдынан өтіп бара жатқан адамдар. Қашғар, Шыңжаң, 31 тамыз 2018 жыл.
"Қытайды шарықтатайық" деген пропагандалық жазудың алдынан өтіп бара жатқан адамдар. Қашғар, Шыңжаң, 31 тамыз 2018 жыл.

Қытайда шамамен 8000 татар өмір сүреді. Олардың басым көбі XIX ғасырдың соңы - ХХ ғасыр басында Үрімжіге қоныстанған татар кәсіпкерлердің ұрпақтары. Көбі татар тілінде жақсы сөйлейді.

2000 жылдары Дүниежүзілік татарлар конгресінің көмегімен бірсыпыра татар студенті Қазан жоғарғы оқу орындарына қабылданған. Оқуды аяқтаған соң олардың көбі Татарстанда қалуға тырысқан, бірақ кейбірі Ресей азаматтығын ала алмай, Қытайға қайтып оралған.

ҚЫТАЙДАҒЫ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ

Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазды. Шыңжаңда этникалық азшылыққа қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскенін хабарлаған. 2018 жылдың басынан бері қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат берді. Сондай-ақ, министрліктің мәлімдеуінше, Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққан.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында екі миллионға жуық этникалық қазақ өмір сүреді. Оларға қысым жасалып жатқаны туралы алғашқы хабарлар 2017 жылдың сәуірінде тараған. Лагерьлерде (Қытай ресми билігі оларды "саяси қайта тәрбиелеу орталықтары" деп атайды) қамауда болған қазақстандықтардың біразы Азаттыққа бастарынан өткен жағдайды баяндаған.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch халықаралық ұйымы таратқан арнайы баяндамасында Қытайдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлеріндегі" ауыр жағдай туралы айтқан. Ұйым қытай билігін сынап, Пекинді тұтқындарды босатуға шақырған.

Құжатта Шыңжаңның түркі тілдес тұрғындары – шамамен 13 миллион адам – мәжбүрлі түрде саяси, идеологиялық көзқастарын өзгерту үшін қысымға алынғаны, оларды ұжымдық жазалау шаралары қабылданғаны, биліктің олардың байланыс жасауына және ары-бері жүріп-тұруына шектеу қойғаны, діни шектеу күшейгені айтылған. Қысымға ұшырағандар – этникалық ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар мен басқа да азшылық өкілдері.

Қытайда ата-анасы қалған балалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Құқық қорғаушылар ресми Астанаға бассауға іздеп келген этникалық қазақтарды Қытайға қайтармау және азаматтық беру мәселесін уақтылы шешу туралы кеңес берген.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ "ЛАГЕРЬЛЕР" ТУРАЛЫ

Жыл басында Пекин Шыңжаңда этникалық азшылыққа арналған "қайта тәрбиелеу лагерьлері" бар екенін және онда тұтқындарды азаптайтыны туралы деректерді терістеген.

Биыл қыркүйек айында Қытайдағы адам құқығы жөніндегі бюро өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда қысым жасалмайды. Ондағы адамдар біліктілігін көтеріп, тренингтен өтеді. Кейін жақсы жұмысқа орналасып, негізгі заңдарды үйренеді" деп мәлімдеген. Ұлыбританиядағы Қытай елшісі Лю Сяомин де Шыңжаңдағы этникалық азшылықты жәбірлеу туралы пікірлерді жоққа шығарған. БҰҰ дерегі бойынша, Қытай билігі "экстремизммен күрес орталықтарында" шамамен бір миллионға жуық ұйғырды ұстап отыр.

Қытай мемлекеттік кеңесі желтоқсанның 12-сі күні "Қытайдағы реформа мен ашықтықтан 40 жыл өткеннен кейінгі адам құқығы саласындағы прогресс" атты ресми баяндамасын жариялаған. Онда Қытайдың "адам құқығын құрметтейтіні және халықаралық міндеттемелерді орындайтыны" айтылған.

Қытайда мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерьлері бар екені шамамен бір жыл бұрын белгілі болды. Белсенділер "түрме" деп атайтын осындай мекемелерде миллионнан астам адам отырып шыққан.

Америкалық конгресмендер Марко Рубио мен Крис Смиттің айтуынша, 500 мыңнан бір миллионға жуық адам осындай лагерьлерде "қайта тәрбиелеуден" өтті не қазір өтіп жатыр. Лагерьлердегі "оқытуды" америкалық заң шығарушылар "қазіргі кездегі ұлттық азшылық өкілдерін жаппай бас бостандығынан айырудың" ең ауқымды түрі дейді.

(Мақалада Idel.Реалии сайтының деректері пайдаланылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG