Accessibility links

Татарстанның бас мүфтиі мен орынбасарына қастандық жасалды


Татарстан мүфтиінің орынбасары Валиулла Якупов. Қазан, 18 шілде 2012 жыл.
Татарстан мүфтиінің орынбасары Валиулла Якупов. Қазан, 18 шілде 2012 жыл.
19 шілде күні таңғы сағат 10 шамасында Қазанда Татарстан мүфтиінің орынбасары Валиулла Якуповты белгісіз біреулер атып өлтіріп кетті. Бір сағаттан кейін мүфти Илдус Файзовтың көлігі жарылды.

Ақпараттарға қарағанда, Валиулла Якуповты таңертең үйінен шығып бара жатқанда атқан. Ол беймәлім адамның бірнеше рет атқан оғынан қансырап, көлігіне жете бере қаза тапқан.

Валиулла Якупов 1993-1996 жылдары қазандағы "Мухаммадия" медресесінің ректоры болған. 1998 жылы Татарстан мүфтиінің бірінші орынбасары болып сайланған.

2008 жылдан бері Татарстан мүфтиінің орынбасары қызметін атқарды. Ол 2009 жылдан бері Ресей әділет министрлігінің жанындағы мемлекеттік діни сараптама бойынша кеңестің тең төрағасы болды.

Тарих ғылымының кандидаты Валиулла Якупов Ресейдегі алғашқы ислам әдебиеті баспасын құрды.

Діни және тарихи еңбектер жазған Якупов Ресейдегі ваххабизмге қарсы күресушілердің бірі ретінде танымал болған дейді «Интерфакс» агенттігі.

МҮФТИГЕ ҚАСТАНДЫҚ

Якуповқа жасалған қастандықтан соң бір сағат өте бере Татарстанның мүфтиі Илдус Файзовтың қызметтік көлігі жарылған. Көлікті жүргізіп келе жатқан Илдуз Файзов жараланып, оны ауруханаға алып кеткен.

Қылмысқа қатысты бар күдіктілерді іздестіруге Қазанның барлық құқық қорғау
Татарстанның мүфтиі Илдус Файзов.
Татарстанның мүфтиі Илдус Файзов.
қызметкерлері жұмылдырылған. Оқиға болған жерде жақын орналасқан үйлердің тұрғындарынан жауап алынып жатыр.

Қазір мүфтияттың өзге де қызметкерлері мен объектілері күзетке алынған.

Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің хабарлауынша, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Ресей мүфтилер кеңесі мүфти Илдус Файзовқа қастандық жасалуын, оның орынбасары Валиулла Якуповты өлтіріп кетуін теракт деп атады.

- Терроризмді ештеңемен ақтау мүмкін емес. Әсіресе бұл жауыз іс қасиетті рамадан айы қарсаңында жасалғаны жанға батады. Бұл оқиға бізді біріктіруі керек. Дін өкілдерінің қауіпсіздігін баса ойлауымыз керек, - деді Ресейдің Еуропалық бөлігіндегі мұсылмандардың діни басқармасы төрағасының орынбасары Дамир Гизатуллин.

Татарстан мүфтиінің жарылған көлігі (фотогалерея):


XS
SM
MD
LG