Қарағанды облысындағы Теміртау өнеркәсіптік қаласы – Қазақстандағы ең ластанған қалалардың бірі. Қаланы өнеркәсіп кәсіпорындарының түтін құбырларынсыз елестету мүмкін емес - ауада зиянды заттардың шектен тыс мөлшері жиі тіркеледі. Былтыр жауған "қара қарға" байланысты мыңдаған қала тұрғыны петиция жазып, билікті қаладағы "сұмдық экологиялық жағдайға" назар аударуға шақырды. Теміртауды жыл бойы қалың түтін басып тұрады.
- Немен тыныстап жатқанымызды көрдіңіз бе? Балаларымның уланғанын қаламаймын. Бұрын "қара қар" деген болмайтын. Бұған немқұрайлы қарауға бола ма? – дейді Теміртауда тұратын экобелсенді Станислав Войцеховский.
Шылым шекпейтін ер адам қалада үнемі жөтеліп жүретінін айтады. Бұл қаладағы экологиялық жағдаймен байланысты ма, жоқ па – ол жағын нақты білмейді, бірақ қаланың шетіне шықса жөтелден арыламын дейді.
Станислав Войцеховскийдің айтуынша, әсіресе, түнде тыныс алу өте қиын. Бірде ол түнде ашық терезеден келген қолқаны қапқан иістен оянады. Әуеде ашық түсті түтіннің будақтап тұрғанын көріп, шошып кетеді. Теміртау ауасының нашарлығына шағымданған басқа тұрғындар да осындай оқиғаларды айтады.
Станислав Войцеховский қол қусырып отырмай, бұл жағдайға мемлекеттік мекемелердің назарын аударуға тырысты, мүмкіндігінше қаланың экологиясын жақсартуды көздеді. Видеокамерамен шығып, қаланың экологиялық проблемасын түсіріп, оны интернетке салды.
Роликтерді жүздеген адам қарады, кейбіреуін қызу талқылады. Станислав Войцеховский қаладағы ірі кәсіпорын – металлургиялық комбинат аумағын дронмен түсіріп, видеоны желіге салып, өз пікірін жазды. Комбинат нысандары ойдағыдай жұмыс істемейтінін айтты.
Войцеховскийдің видеоларын металлургиялық комбинат қожайыны – "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы елеусіз қалдырмады. Компания полицияға шағымданып, Станислав Войцеховский таратқан ақпараттың жалған екенін айтқан.
ВОЙЦЕХОВСКИЙДІҢ ҮСТІНЕН АРЫЗ ТҮСІРУ
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне компанияның Войцеховский жариялаған "Теміртау! ЖЭО-2, төтенше жағдай" және "Теміртаудағы қышқыл көлі" атты видеороликтердің мазмұнымен келіспейтінін айтты.
Баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, компания "үнемі экология мәселесіне көңіл бөледі және сол мәселеге алаңдайтындардың бәрімен ынтымақтаса жұмыс істейді, қала тұрғындарының шағымдарына дереу жауап қатады". Ондай шағым қандай жолмен келсе де - "шұғыл желіге" түскен қоңырау болсын, баспасөздегі мақала немесе әлеуметтік желідегі жазба болсын – елеусіз қалдырмайтынын айтады. Бірақ аталған екі видеожазбадағы ақпаратты жалған дейді.
"Компания заңгерлері блогердің үстінен қала полициясына шағым түсірді" делінген баспасөз қызметінің Азаттыққа жіберген жауабында.
Жақында Станислав Войцеховский "ар-намысы мен абыройын қорғау" бойынша азаматтық іске жауапкер ретінде сотқа шақыртылды. Шағым иесі – "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы. Азаттық тілшісінің ақпаратты растау туралы өтінішіне баспасөз қызметі "заң процедурасының барысына қатысты пікір білдірмейміз" деп жауап берді.
ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ ТОННА ҚАЛДЫҚ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жақында барған сапары барысында аймақта жыл сайын "атмосфераға 600 мың тонна зиянды зат бөлінетіні" айтылды (облыс тұрғындары 1 миллион 360 мың екенін ескерсек, адам басына 450 кг-нан келеді). Назарбаев "бұл елдегі барлық қалдықтардың ширегін құрайды" деді. Президент әкімдікке үкіметпен бірлесіп "экологиялық жағдайды оңалтудың кешенді шараларын жасауды" тапсырды.
Қарағанды облысындағы улы қалдықтың жартысына жуығы Теміртаудан шығады. Жергілікті экология департаментінің дерегінше, 2016 жылы Теміртау бойынша шыққан қалдықтың жалпы көлемі 273 мың тоннадан асқан. 2017 жылы бес пайызға артып, 287 мың тоннадан асқан. Әр тұрғынға есептегенде бұл бір жарым тоннадан асады немесе тәулігіне 4,3 килограмнан келеді деген сөз.
Теміртаудың ауасын ластайтын негізгі компаниялар – "АрселорМиттал Теміртау" (221 мың тоннадан астам), Теміртау электрметаллургиялық комбинаты, Bassel Group, «Карцемент» компаниялары. Бұған қоса, пештен шығатын түтіндер мен автокөліктер қала экологиясын ластайды.
"Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық ұйымын дамыту жөніндегі директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, "шын мәнінде, Теміртаудағы қалдық мөлшері туралы нақты дерек жоқ".
– Қала тұрғындары деректермен танысуға мүмкіндік беруін талап ете алады: Теміртаудағы ірі кәсіпорындар автоматты мониторингтік бақылаудың онлайн-жүйесін жасап, ауаның ластануы туралы нақты деректер көрінетіндей және құбырдағы құрал қалдық мөлшерін көрсетіп тұратындай жүйе жасауды талап ете алады. Сол кезде қалдықтың аз немесе көп екенін салыстыруға болады. Қазір кәсіпорынның мемлекетке берген есебіне ғана сеніп отырмыз, - дейді Калмыков.
Денсаулық сақтау департаментіндегі шенеуніктер Теміртау тұрғындарының тыныс жолдары, қан айналымы мен онкологиялық сырқатқа шалдығу деңгейі облыстағы орташа деңгейден артық екенін мойындайды. Солай бола тұра, себеп мен салдарының байланысы айтылмады, сырқаттың себебі арасында "экологиялық фактордың болуы мүмкін" деп қана айтылады.
ПІКІРЛЕР