Accessibility links

Азов дағдарысы. Ресей Украина порттарын қалай құрсауға алып жатыр


Мариупольдің теңіз порты.
Мариупольдің теңіз порты.

Ресей мен Украина арасында аяқ астынан тағы бір дау пайда болды - Ресей суы таяз, өзі шағын әрі техникалық құралдармен-ақ бақылауға болатын Азов теңізіне әскери кемелерінің үлкен тобын апарған. Украиналықтар "порттарымыз құрсауда қалды" деп жатыр.

Украинаның Мариуполь, Бердянск порттарына бара жатқан және ол жақтан келе жатқан кемелер 2018 жылғы мамырдың 17-сінен бастап Ресей әскери-теңіз флоты (ӘТФ) мен шекара қызметі кемелерінің жаппай тексеруіне тап болған. Украина әскери барлау қызметі дерегінше, Ресей осы мақсатта Азов теңізіне 40 шақты соғыс кемесін апарған. Қырым көпірі құрылысы біткеннен кейін ресейліктердің Керчь бұғазын толық бақылауына алғаны да украиналықтардың жағдайын қиындатып жіберген болатын.

Бірақ Ресей кемелерді тексеріп болған соң бөгемей жіберіп жатқанын айтқан жөн. Blackseanews сайтының бас редакторы Андрей Клименконың дерегінше, мамырдың 17-сі мен маусымның 26-сы аралығында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Азов теңізінде 37 кеме 46 мәрте аялдағанын (арасында екі реттен тексерілген кемелер бар) тіркеген. Әр тексеру екі жарым сағаттан төрт сағатқа дейін созылған. Керчь бұғазында маусымның 23-інен бері Мариуполь мен Бердянск порттарына бара жатқан және ол жақтан келе жатқан 15 кемені тексерген.

Маусымның 26-сынан бастап Керчь бұғазы арқылы өткен кемелерге күн сайын мониторинг жүргізіледі. Кейінгі бес күнде Азов теңізіндегі Украина порттарына 11 кеме кіріп, кері қайтқан. Әр кеменің бұғаздағы және бұғазға кірер алдында көпірдің астынан өтер кездегі бөгелісі 12 сағаттан 88 сағатқа дейін жеткен. Ал бұрын бұғаздағы көпір алдындағы іркіліс екі сағаттан асып көрмеген. Бұл жолы Украина, Түркия және Ливан тулары ілінген кемелер бөгелген.

ФСБ өкілдері украиналық кемелерде экипаж мүшелерімен сұхбат өткізіп, террорға қарсы операцияға қатысқаны я қатыспағаны, Ресейде тыйым салынған "Правый сектор" ұйымы туралы сұраған

Қай елдің туы ілінгеніне қарамастан, кемелердің бәрі шығынға батқан – сыйымдылығы 60 мың тоннаға дейін жететін құрғақ жүк таситын кеменің тәуліктік кірепұлы 18 -25 мың АҚШ долларын құрайды. Жоспарланбаған кідірістердің жоспарланбаған шығындарға ұласатыны белгілі. Статистикаға қарағанда, кемелердің көбін Мариупольге бара жатқанда және кері келе жатқанда әрі бірнеше мәрте тексерген. ФСБ қызметкерлері украиналық кемелерде экипаж мүшелерімен сұхбат өткізіп, террорға қарсы операцияға қатысқаны я қатыспағаны, Ресейде тыйым салынған "Правый сектор" ұйымы туралы сұраған. Бұдан бөлек, олар экипаж мүшелерінің денесінен патриоттық сипаттағы татуировкалар іздеген. Мариуполь – Украина үшін аса маңызды өнеркәсіп саласы саналатын жергілікті металлургиялық комбинаттардың өнімдерін экспортқа шығаратын жалғыз порт. Бейбіт заманда Мариуполь Украинаның жалпы ішкі өнімінің (ЖІІ) тоғыз пайызына дейін беретін. Елдің ең ірі екі металлургиялық комбинаты осында орналасқан, қала тіпті қазірдің өзінде бүкіл Донецк облысының салық түсімінің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұр.

Blackseanews сайты, "Сыртқы істер майданы" ұйымы және Қара теңіз стратегиялық зерттеулер институты дерегінше, кеме қатынасына біртіндеп үстемдік орнатып, кемелерді жаппай тексеру үшін Ресей жуырда Азов теңізіне алты артиллериялық катерін, зымыран орнатылған екі корветі (күзет кемесі) мен алты я жеті десанттық кемесін апарған. Украинаның ресми органдары Азов теңізіндегі жағдай туралы комментарий беруге мүлде құлықсыз. Мысалы, қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасы өкілі Вадим Скибицкий Ресейдің "40-тан аса соғыс кемесін" Азов теңізіне апарғанын украиналық "5 телеарна" эфирінде дағдарыс басталғаннан соң 40 күннен кейін – маусымның 27-інде ғана растады.

Сонымен, Азов теңізінде не болып жатыр, Ресей теңіз жаяу әскерін Бердянск порты түбіне таяу бір жерге орналастыруы мүмкін бе және теңіз жақтан құрсауға алу украиналық порттар мен металлургиялық комбинаттардың жұмысына қалай әсер етуі мүмкін?

АЗОВ ТЕҢІЗІНДЕ КІМ ҚОЖАЙЫН?

Украиналық депуаттардың бір бөлігі, қоғам белсенділері мен еріктілер Азов теңізіндегі жағдайды қазірдің өзінде "бұрын-соңды болмаған дағдарыс" деп атап, үкімет пен парламенттен Ресеймен арадағы "Азов теңізі мен Керчь бұғазын пайдаланудағы ынтымақтастық туралы" келісім-шарттан дереу бас тартуды (денонсация) талап етіп жатыр.

Ресей әскери-теңіз флотының соғыс кемелері мен ФСБ қызметкерлерінің кемелерді тексеруі ешқандай заңды бұзбаған болып шығады

Тузла аралына (Керчь бұғазы ортасындағы Қара теңіз бен Азов теңізін қосатын шағын арал – ред.) таласқан 2003 жылғы дағдарыстан кейін Ресей мен Украина ымыраға келіп, Азов теңізі – ортақ пайдаланатын теңіз деп жариялап, келісім-шарт жасасқан. Ол жақта ешқандай шекара жоқ, демаркацияны екі тарап келісіп жүргізуі тиіс болған. Енді белгілі себептермен мұндай келісім болатынына үміт жоқ. Сондықтан Ресей әскери-теңіз флотының соғыс кемелері мен ФСБ қызметкерлерінің кемелерді тексеруі ешқандай заңды бұзбаған болып шығады.

– Азов - шағын теңіз болғандықтан, оны техникалық құралдармен бақылаудың ешқандай қиындығы жоқ, біз жағдайды бақылап, бүкіл ақпаратты Біріккен күштер операциясы штабына беріп отрырмыз. Ал Ресейдің әрекетіне келсек, олар кемелерді тексеріп біткеннен кейін бөгемей жіберіп жатыр. Бұл жерде Азов теңізінде кемелерді тексеру халықаралық заңдарды бұзу болып саналмайтынын түсінген жөн. Украина мен Ресей арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, 2003 жылдың аяғынан бері Азов екі ел ортақ пайдаланатын теңіз болып саналады, сондықтан бүкіл теңізде Украина мен Ресей не істеймін десе де еркі. Тек екінші тарапқа кесірін тигізбесе болды. Ресей порттарына бара жатқан кемелерді кейде біз де тоқтатып тексереміз.

Қарсы іс-қимыл шараларын қарулы күштер мен Біріккен күштер штабы пысықтап жатыр

Сонымен бірге біз олар сәуірдің аяғынан бері қолдана бастаған бұл шара Азов теңізінде кім қожайын екенін, яғни кеме қатынасы кімнің бақылауында екенін көрсетуге тырысқан әрекет екенін жақсы түсініп отырмыз. Оның үстіне қазір Керчь бұғазы шын мәнінде Ресейдің бақылауында. Ресей апарған кемелер саны да Азов теңізінің шағын көлеміне сай келмейді. Бұған қалай қарсы тұрмақсыздар дейсіз бе? Азов теңізі қауіпсіздігіне шекарашылар жауапты емес, қарсы іс-қимыл шараларын қарулы күштер мен Біріккен күштер штабы пысықтап жатыр. Бұл – бәрі жұмылдырылған кешенді шаралар, - деп түсіндірді жағдайды Украина шекара әскерлері қолбасшысының көмекшісі Олег Слободян Азаттыққа.

Азов – десанттық операция жүргізуге онша жарамайтын суы өте таяз әрі ағыстары көп теңіз болғанымен, Ресей ол жаққа десант кемелерін де апарған. Кемелерді жаппай тексеру мүлде мәні жоқ әрекет, бірақ Азовтағы артиллериялық катерлер саны күрт ұлғайған. Ол жаққа Каспий флотилиясынан Сирия территориясын "Калибр" зымырандарымен атқылауға қатысқан екі зымыран корветін апару жағдайды тіпті сюрреалистік етіп жіберді. Азовтың Украина жағындағы жағалауынан бастап Киевке, тіпті одан арғы жақтағы кез-келген нысананы олар Каспий теңізінде тұрса да жойып жебіре алар еді.

Украина Ресейдің бұлай қыр көрсетуіне қарсы әрекет ете бастады.

Шекара күзетінде жағалауға шолғын жасауға ғана шамасы жететін 18 катер бар

Маусымның 1-інен жаздың аяғына дейін жағалауда жаттығу өтеді деп жарияланды, бұл курорттық маусымға кесірін тигізе жаздады. Жағажайлардың үстінен шабуылдаушы ұшақтар ұша бастады. Маусымда Бердянск түбіндегі полигондарда Николаев теңіз жаяу әскері бригадасының артиллериядан атқылау жаттығулары өтті. "Азов" полкы өкілдері десанттық шабуылға қарсы шараларға қатысқандарын жасырмайды, әрі Урзуфтағы базада тұрған танкілердің көбі көрінбегеніне қарағанда, олардың бір бөлігі қауіпті тұстарда тосқауылда тұрған сияқты. Азов теңізінде Украина әскери-теңіз флоты күштері мүлде жоқ, шекара күзетінде жағалауға шолғын жасауға ғана шамасы жететін 18 катер бар.

Ал Мариупольде жұрт Ресейдің қыр көрсету себебін 2018 жылғы наурыздан бері украиналық шекарашылар Бердянскіде ұстап отырған ресейлік "Норд" балық аулайтын сейнерге қатысты оқиғамен байланыстырады. Азаттық тілшілері бұрынғы қоғам белсендісі, "Мариуполь өзін-өзі қорғау" жасағын құрғандардың бірі Мария Подыбайломен сөйлескен еді. Қазір Мария жалдамалы әскери қызметші – Мариупольде құрылып жатқан территориялық қорғаныс бригадасының офицері. Украина қорғаныс министрлігі елдің бүкіл облысында әрбірі 3600 адамнан тұратын 25 территориялық бригада құрып жатыр (Киев пен астаналық облыста мұндай екі бригада болады деп жоспарланған), маусымда Гончаров полигонында жаңа реформаның пилоттық жобасы – Чернигов территориялық қорғаныс бригадасының алғашқы жаттығулары өткен. Мариупольдегі бригада енді ғана жасақталып жатыр, былтыр күзде ол жақта алғашқы роталық жаттығулар өткен. Азаттық тілшісі Мария Подыбайлоны өз еркімен бригадаға жазылған Ильич атындағы металлургиялық комбинат цехтарының бірінің шебері Владимир Машошинмен әңгімелесіп отырғанда жолықтырды.

Бізді 2014 жылдағы сияқты жан-жақтан "шайқамақ" болды. Сондықтан біздікілер де қарап қалмай, тиісті шаралар қарастырды

– Өз жерімізде не болып жатқанын мұқият бақылап отырмыз, - деп түсіндіреді Маря Подыбайло. – Біз үшін Азов дағдарысы мамырдың 21-і күні басталды. Сол күні адамдарымыздың бірінің телефонындағы екі сим-картасына бір сайттан "Қала балықшылары! 25.05. сағат 12.00-де әкімшілік ғимаратына келіңдер! Әлгі астауды ("Норд" балық аулайтын сейнерін айтады – ред.) орыстарға қайтарып берсін, оны берсе теңізге еркін шығып қайтадан балық аулай аламыз!" деген хабарлама келді. Көрдің бе?! Қандай қала, қандай әкімшілік, қандай балықшылар? Бұған іле-шала кемелерді жаппай тексеру басталды, ресейліктер Азов теңізіндегі жаттығуға бола теңіз акваториясының бір бөлігін мамырдың 21-інен бастап үш күнге жабамыз деп жариялады. Бізді 2014 жылдағы сияқты жан-жақтан "шайқамақ" болды. Сондықтан біздікілер де қарап қалмай, тиісті шаралар қарастырды.

Мариупольде қалалық әкімшілік ғимараты 2014 жылғы мамырда – "орыс көктемі" кезінде өртеніп кеткен, әрі күні бүгінге дейін қалпына келтірілмеген. Қала билігіне қарасты қызметтер түрлі ғимараттарда отыр, адамдар жағажайларда жаппай қармақпен балық аулап жүр, ал балық аулайтын артельдер қалада емес, түйісу сызығы жанындағы ауылдарда жұмыс істейді. Әлгі "астау" - "Норд" сейнері Мариуполь емес, Бердянск портында "тұтқында" тұр.

– Бұдан бөлек, армияны жақындата бастағаннан кейін ресейліктер өздерінің насихат ресурстарының бірінде әлдебір журналистің (бұл жақта тіпті болуы мүмкін емес) атынан өтірігі көп, бірақ Украина армиясының жүріс-тұрысы мен оны күшейтіп жатқаны, десанттық шабуылды тойтаруға дайындығы туралы мәліметтер келтірілген материал жариялады, - дейді Подыбайло.

"Свободная преса" сайтында жарияланған материалда Украинаның Одесса түбіндегі артиллериялық бөлімдерін, Кроповницкий түбіндегі жаяу әскер бөлімдерін жағалауға апарып жатқаны, ал аудан орталығы Никольскінің (декоммунизацияға дейін Володарское болған, Мариупольмен көрші) іргесіне қажет болса, зымырандарды теңіздегі нысаналарға қарсы қолдануға болатын С-300ПС зенит-зымыран дивизионын орналастырғаны туралы хабарланған.

ЖАҢА БЛОКАДА БҰРЫНҒЫМЕН САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ

Кемелерді жаппай тексеру, экипаж мүшелері мен кеме иелеріне жасалып жатқан қысым Украинаның Азовтағы порттарын Ресейдің блокадаға алуына ұласуы мүмкін бе? Мариуполь сауда портының директоры мен порт қызметкерлері Ресей әрекетін "блокада" деп мүлде айтқысы келмейді. Қырым көпірінің салынуы Азов теңізі порттарына жайсыз тиді.

Қосымша шығындар комбинат өніміне үстеме баға болып қосылып жатыр

Уәде етіліп, алдын ала мәлімделгенімен, көпірдің бас аркасының биіктігі - 38 метр емес, 31 метр ғана. Соның кесірінен металлургиялық комбинаттардың өнімдерін тасып жүрген үлкен кемелер Мариупольге көпір іске қосылған бетте кіре алмай қалды. Енді металды порттан шағын кемелермен алып шығып, кейін ірі кемелерге қайта тиейді. Ал қосымша шығындар комбинат өніміне үстеме баға болып қосылып жатыр.

Украиналық Ліга.net ресурсына берген комментарийінде Мариуполь порты әкімшілігінің басшысы Борис Барский "кейінгі 2-3 жыл бойы келіп жүрген 144 кеме" Қырым көпірінің кесірінен портқа енді кіре алмайды деп хабарлаған болатын. Жергілікті баспасөз қызметі дерегінше, бұл – Мариуполь сауда портындағы флоттың 30 пайызы.

Азаттық тілшісі портқа Мариупольды блокадаға алу туралы анонимді түрде айтып берген сарапшыны Мариупольдан тапты.

Ресейдің экипаждар мен кеме иелеріне қысымына келсек, бұл да қосымша шығын мен жүйкені жұқартатын әрекеттер

– Кеменің теңіздегі бөгелісі әдетте онсыз да үлкен проблемаға ұласып, кеме кестені бұзады, ол портқа келген кезде өзге кемеге жүк тиеп жатады, сондықтан шығын да көбейеді. Бірақ біздің портта қазір мұндай проблема жоқ. 2016 жылы айына 1,3 - 1,5 миллион тоннаға дейін жүк тиейтінбіз, қазір 300 мың тиесек, шүкір дейміз. Бұл жақтан Донецк, Енакиевтің шойын, көмір, коксын таситын, енді Алчевті аламыз ба деген жоспарлар болған. Мына блокадаға, одан кейін өз-өздерін жариялап алған «республикалар» Украина юрисдикциясына жататын кәсіпорындарды басып алғаннан кейін бұрынғы ағылған лек тоқтады. Порттың екінші қиындығы – темір жолдың көп жүк тасымалдай алмайтыны, қазір оны металлургиялық комбинаттар ғана пайдаланады. Ал экспортқа шығару үшін өзге ешқандай жүкті Мариуполь портына тез, ең бастысы, жоспарлы түрде жинау мүлде мүмкін емес. Бұл проблемалардың жанында жаңа блокада порт үшін онша үлкен проблема емес. Ал Ресейдің экипаждар мен кеме иелеріне жасап жатқан қысымына келсек, бұл да қосымша шығын мен жүйкені жұқартатын әрекеттер. Біздікілер әлгі "Норд" кемесін қамауға алды ғой, енді орыстар да өш алу үшін әлдебір кемемізді ұстап алмасына кім кепіл? Бір тәуліктің кірепұлы 18-20 мың доллар, ал енді мұны он, жүз күн іркіліске көбейткенде, қаншаға шығатынын есептей беріңіз, - дейді ол.

Донецкіден айырылғаннан кейін украиналық Мариуполь логистикалық тұйыққа тірелді, жүк бұл жақтан Камыш Заря – Волноваха айналма темір жол тармағымен кететін болған. Қазір оны біраз кеңейткен, өткізу қуаты тәулігіне 50 жұп поезд өткізуге дейін жетті. Бірақ мұның ішінде Киев, Львов, Одесса және Харьковке бара жатқан жолаушы поездары бар. Қазір темір жол тармағы мен жарамды тепловоздардың шамасы Мариупольдегі металлургия алыптарының қажетін өтеуге әзер жетіп тұр.

РЕСЕЙДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Бақылаушылар Ресей футболдан әлем чемпионаты біткеннен кейін Азов теңізінде іске қосылатын Украинаға ықпал етудің жаңа тұтқасын дайындап жатыр деп топшылайды.

Ресей Украинаға қарсы келесі шабуылында теңізді пайдаланады

– Мен Азов теңізіндегі мына дағдарыс "Норд" кемесін қамауда ұстап отыруға байланысты деп санамаймын, мұндай оқиғалар бұрын да болған және әлі де талай болады, - дейді Blackseanews сайтының бас редакторы Андрей Клименко. – Қазіргі кезде "Казус белли", яғни соғыс ашуға сылтау табу қиын емес. Мына проблеманың түп-тамыры басқада жатыр – Ресейдің Донбаста құрлықтан ұйымдастырған операциясы тығырыққа тіреліп, оны бұрынғы тәсілдермен жалғастыра беру орынсыз шығынға ұласады. Украина құрлықта күшейіп алды, бірақ теңіздегі күші әлі де әлсіз. Сондықтан Ресей Украинаға қарсы келесі шабуылында теңізді пайдаланады. Бұған дипломатиялық, саяси және әскери шаралармен, оның ішінде 2003 жылғы келісімнен бас тарту арқылы жауап беруге тиіспіз. Біз осыны, яғни денонсацияны талап етіп отырмыз.

Ал саясаттанушы, Азов жағалауы елдерінің даму агенттігі директоры Константин Батозский Азов теңізінде Ресей мен Украина арасындағы достық туралы үлкен келісімді бұзуға дайындық жүріп жатыр деп есептейді.

– Ресей Азов теңізіндегі саясатының мақсаты – гибрид соғысты жаңа құралдармен жалғастыру. Бұл соғыста Кремль бірден бірнеше мақсатты көздеп отыр. Біріншісі – Азов теңізі акваториясында Украинаны Ресеймен достық туралы қазіргі үлкен келісімді қайта қарау мәселесін көтеруге мәжбүрлеу. Бұл келісім-шарттың бірнеше қызық аспектісі бар. Біріншіден, Ресей мен Украинаның ішкі сулары ретінде тіркелген Азов теңізінің мәртебесі. Екіншіден, мемлекеттік шекараны екі тарап та мойындайды деп жазылған. Егер Украина келісімнен бір жақты шығатын болса, Ресей мұны шекараны мойындаудан бас тарту, яғни Қырым үшін күрестен, оккупацияланған территорияларды қайтарып алу жолындағы күрестен бас тарту деп қарастыратын болады. Кремль бұл аргументті Қырымды Ресей территориясы деп мойындату үшін пайдаланатын болады.

Азов теңізі мәртебесін өзгерту де Кремльдің тілегі мен мүддесіне сай болады. Бұл жағдайда Мәскеу жаңа мемлекеттік шекараны картаға Қырымды енгізіп сызу керек деген талап қоятын болады. Ал Украина бұған ешқашан келіспейтіндіктен, Ресей Азов теңізін екі елге ортақ теңіз деп ары қарай да есептей беретін болады. Бұл оған Азов теңізіндегі күшін ешкіммен санаспай ұлғайтуды ақтауға мүмкіндік береді.

Оларға логистиканы қазіргі темір жол желісі арқылы ұлғайту мүмкін емес

Ресейдің екінші мақсаты – еркін кеме қатынасын әдейі ойластырылған тәсілдермен шектеу арқылы Украинаның Азов теңізі жағалауындағы порттарға "логистикалық бұғалық" салу. Бұл Украина порттарына бара жатқан кемелерді ФСБ күштері көмегімен заңсыз тексеру арқылы жасалып жатыр. Мұның кесірінен маршрут кестесі бұзылып, кеме қожайындары шығынға батып отыр. Кеме қатынасын шектеудің тағы бір амалы – Керчь-Еникале бұғазы арқылы жүретін жолда ойдан шығарылған шектеулер арқылы Ресейдің құрлық бөлігінен украиналық Қырымға өтетін көпір салу жұмыстарына байланысты үнемі "кептеліс" тудыру. Осылайша Ресей салған "логистикалық бұғалық" Мариупольдегі металлургиялық комбинаттарды шығынға батырып жатыр, өйткені оларға логистиканы қазіргі темір жол желісі арқылы ұлғайту мүмкін емес.

Мұның бәрі Украинаның Азов теңізі жағалауындағы экономикасына да, жалпы қауіпсіздігіне де қосымша қатер төндіретіні анық, - дейді ол.

Егер тараптардың бірі келісімнен шығатынын жарияламаса, Ресей мен Украина арасындағы "Достық туралы" үлкен келісім-шарт әр 10 жыл сайын автоматты түрде ұзартылады. Келісім-шартты кезекті мәрте ұзарту мерзімі – 2018 жылғы қыркүйек таяп қалды.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Кирилловтың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG