Accessibility links

Қазақстан-Қытай шекарасында 12 шекарашының мәйіті табылды


Қазақстан-Қытай шекарасы
Қазақстан-Қытай шекарасы

Мамырдың 30-ы "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылды. ҰҚК шекара қызметінің мәліметтері бойынша, заставадағы "Арқанкерген" постының ғимараты өртенген. Ал Қазақстан ақпарат агенттіктері шекара күзетіндегі сарбаздарды біреулердің өлтіріп кеткенін айтады.


Мамырдың 31-і Астанада брифинг өткізген ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметі өкілдері "Оқиға орнында шекара қызметінің директоры генерал-майор Мырзалиевтің басқаруымен ҰҚК, әскери прокуратура және ішкі істер мамандарынан құралған шұғыл-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр" деп хабарлады.

Шекарашылар өлімінің себептері әлі анықталып жатыр. ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Тұрғанбек Стамбеков "шекара қызметі, ҰҚК және ішкі істер органдарының бірігіп, жедел іздестіру шараларын жүргізе бастағанын" мәлімдеді. Брифингте жаңа мәліметтер табылған сайын бұл туралы хабарланып отыратыны айтылды.
Брифингке дейін Қазақстан ақпарат агенттіктері 15 адамның қаза тапқанын хабарлап, "Өлтірілгендердің арасында 1 офицер, келісімшарт бойынша 3 жауынгер және 11 сарбаз бар. Мобильді пост емдік шөптерді заңсыз жинаудың алдын алу үшін жазғы уақытта қойылады. Мұның алдында Қытай азаматтары шекараның осы тұсынан бірнеше рет ұсталған" деген ақпарат таратқан еді.
Қазақстан шекарасы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан шекарасы. (Көрнекі сурет)

ҰҚК шекара қызметі брифингте хабарлаған 12 шекарашының мәйітінен бөлек, заставаға жақын маңдағы қорықшы үйінен орманшының жансыз денесі табылған. "Ер адам осыдан 2 күн бұрын өлтірілген" деп хабарлайды ақпарат құралдары.

Қазақстан ақпарат агенттіктері "Қауіпсіздік қызметтері шекара бекетіне шабуыл жасалды немесе жарғыдан тыс қарым-қатынастар болды деп болжам жасап отыр" деген мәлімет таратып отыр.

Ақпараттар бойынша, шекарадағы бекетпен мамырдың 30-ы байланыс үзіліп қалған. Постты тексеруге келгендер өртелген мәйіттерді біреулердің бір жерге жинап кеткенін көрген. Расталмаған деректер бойынша, олардың қолындағы қарулары жоғалып кеткен.
XS
SM
MD
LG