2016 жылы "фейк хабар" деген термин қолданысқа енгелі, жалған ақпарат тарату әдістері мен ауқымы артып келеді. Биыл көрермендер назарына жасанды видео, анонимді тролльдер жазған блогтар және Ақ үйдегілердің өзі сенген күдікті теориялар ұсынылды. Бұл тізімге медиа мен саясаткерлер сөзінде күнделікті кездесетін жалған ақпарат мысалдарын қосып отырған жоқпыз.
2019 жылы ең көп тараған 10 жалған ақпарат не жайында болған еді?
ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АЙТЫЛҒАН ЖАЛҒАН ХАБАР: УКРАИНА АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУҒА АРАЛАСҚАН
Бұл дәлелденбеген теория Ақ үйден шықты. АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет "Украина 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауының нәтижесіне ықпал ету мақсатында Демократиялық партияның электронды поштасын бұзуға қатысқан" деген.
Ресми жарияланған мәтінге сәйкес, Трамп Украина президенті Зеленскиймен шілде айында телефон арқылы сөйлескен кезде "Қазір бұл сервер Украинада деген сыбыс бар" деп айтқан.
Қарашаның 22-сі күні Fox News арнасына сұхбат берген Трамп "Сіз федералды тергеу бюросы бұл серверді алмағанын білесіз бе? Олар неге оны қайдағы бір украиналық компанияға берген? Неге?" деген пікір білдірген.
Трамп сұхбатында 2016 жылы бұзылған серверлерге талдау жүргізген, киберқауіпсіздік мәсеелерімен айналысатын CrowdStrike компаниясын меңзеген. Аталған компания Украинада емес, Калифорнияда орналасқан. Компанияға бала кезінде Ресейден АҚШ-қа қоныс аударған америкалық азамат иелік етеді. (CrowdStrike кибершабуылдардың артында Украина емес, Ресей тұрғанын анықтаған.)
Неге Трамп пен оның жақтастары бұл мәселеге Украинаның қатысы бар деуден қайтпады? Америкалық барлау қызметінің бірқатар өкілі бұл нұсқаны Ақ үйге Мәскеу ұсынған деп есептейді.
Конгрестегі импичмент жайлы тыңдау кезінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Фиона Хилл "Бұл - Ресей арнаулы қызметі құрастырып, таратып жүрген оқиғаның жалған нұсқасы" деді.
Барлау қызметінің үш өкілі "Нью-Йорк таймс" басылымына берген сұхбатында Хиллдің айтқанын растаған. Басылым барлау қызметі өкілдерінің "Ресей көп жылдан бері 2016 жылғы Мәскеуден жасалған хакерлік шабуылдар үшін жауапкершілікті Украинаға ысыруға тырысып келеді" деген сөзін берген.
ДОНБАСС ХАЛҚЫН "ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ" ТУРАЛЫ СЫБЫС
Ресей телеарнасы "Киев сепаратистер бақылауындағы жерді қайтарған жағдайда жергілікті халыққа қарсы қастандық ұйымдастыруға дайындалып жатыр" деген ақпарат таратты. Мемлекеттік "Россия 1" арнасының жүргізушісі Ольга Скабеева көрермендерге "Украина билігінің жергілікті халық арасында тіл бойынша және этикалық "тазарту" жұмыстарын жүргізудің "құпия жоспары" барын айтқан.
"Қысқаша айтқанда, Киев шекарадағы бақылауды өз қолына алса, Донбасс тұрғындарын тергеп-тексеру, депортация мен толықтай украин жасау күтіп тұр. Бәрі өте қарапайым: (украинша) сөйлесең қаласың, сөйлемесең жүгіңді жинап, вокзалға, ары қарай Ресейге жол тартасың. Жолы болмағандарды Львовқа күштеп көшіріп, патриоттар мен бандершілердің (ұлтшылдардың) қолына қайта тәрбиелеуге беруі мүмкін. Жағдай солай" дейді Скабеева.
"Настоящее время" телеарнасы мен жалған ақпаратты әшкерелейтін украиналық StopFake.org жобасы Киевтің Донбастағы орыстілді халықты "қайта тәрбиелеу және күштеп көшіру жоспары" туралы ақпарат таратқан бірнеше сайтты тапқан. (Олардың көбі сепаратистік сайттар болып шыққан).
Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов мұндай құжат жоғын мәлімдеді. Ол "Ресей жалған ақпаратпен жұмыс істеуді жалғастырып отыр. Олар бір нәрсе айту үшін, қандай да бір ақпараттан күш алуы керек. Ақымақтықтың бұдан асқан түрін табу қиын шығар" деді.
АМЕРИКАЛЫҚ ӘСКЕРИДІҢ ЖАСАНДЫ БЛОГЫ
Америкалық әскери инструктор украиналық әскерилерді "интеллектісі төмен, жұмысын шала істейтін жалқау" деп атаған. Офицер сондай-ақ "Олар - нашар білім алған сараң, жемқор. Ағылшын тілін үйренуден бас тартып, әдетте мас болып жүреді" деп жазған-мыс.
Шын мәнінде украиналық әскерилер туралы бұл сөздерді белгісіз тролль жазған. Бұл жазбалар Яворовтегі Украина Біріккен көпұлтты жаттығу тобының қолбасшысы, подполковник Роберт Трейсидің жеке блогынан алынған деп көрсетілген. Мәтінді көп ресейлік украиналық сайттар жариялаған. Бірақ біріккен көпұлтты жаттығу тобы блогтың қолдан құрастырылғанын мәлімдеді.
Жоғарыда аталғаннан бөлек, басқа жазбалар да қамтылған блог аз уақытта өшірілген.
Украина қарулы күштерінің өкілі Богдан Сеник жалған блогты провокация деп атады. Вашингтондағы Джеймстаун қоры зерттеу орталығы жалған ақпараттың мазмұны мен жарияланған уақытына қарап, оның мақсаты қауіпсіздік саласындағы үздіксіз келіссөздер кезінде АҚШ-Украина қарым-қатынасына нұқсан келтіру болған деген қорытынды жасаған.
ГРЕТА ТУНБЕРГ ТУРАЛЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ
2019 жылы 16 жастағы швед қызы Грета Тунберг әлемдік экологиялық қозғалыстың көшбасшысына айналды: ол БҰҰ-да сөз сөйледі, "Тайм" журналының нұсқасы бойынша "Жыл адамы" атанды. Дүйім жұртқа танылған жас белсендіні әлеуметтік желіде сынап-мінеп, ол туралы жалған ақпарат таратушылар да табылды.
Осындай жалған теориялардың біріне сәйкес, Тунберг – рөлін жас актриса Эстелла Рене сомдайтын кейіпкер. (Деректің шындыққа сәйкестігін анықтайтын Snopes жобасы мұны жоққа шығарады).
Гретаның қарсыластары оны Швеция билігі пиар үшін пайдаланып отырған "қуыршақ" деп атайды. Politifact жобасы жас белсендінің "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының туын ұстап тұрған немесе Джордж Сороспен құшақтасып түскен суреттерінің қолдан құрастырылғанын әшкереледі. Әсіресе, Тунбергті 1898 жылғы алтын іздеуші ретінде көрсеткен сурет көпке тарады.
Белсендіге ақпараттық шабуыл жасайтындар саны көп болғандықтан, олардың ортақ көзін анықтау қиын. Бірақ бір үкіметтік емес ұйым белсендіге жиі қарсы шығатын лобби топтарды табуға тырысып көрген. Тунберг Фейсбук парақшасында "Күнде кемі бір жаңа конспирологиялық теория шығады" деп жазды.
"НАТО БОМБАЛАУЫНАН ТАРАҒАН ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУ" ЖАЙЛЫ СЫБЫС
Қыркүйек айында Ресей мен Сербия қатерлі ісікті зерттеу мен емдеу саласында әріптестік орнату туралы келісімге қол қойды. Бір қарағанда дауға негіз болатын себеп жоқ сияқты көрінеді. Бірақ бірнеше серб таблоиды бір мезетте аталған бағдарлама аясында НАТО-ның 1999 жылы Югославияда болған соғыс кезінде тастаған бомбаларының денсаулыққа салдары зерттелетінін хабарлады.
Бұл сыбысты Ресейдің Сербиядағы елшісі Александр Боцан-Харченко да растады. Сербиялық "Блиц" газеті елшінің келісімге қол қою кезінде "Ресей де онкологиялық аурулардан анық көрінетін НАТО бомбалауының салдарын зерттеуге дайын" дегенін жазды.
Сербиялық саясаткерлер мен белсенділердің бірқатары бомбалаудың, әсіресе, құрамында байытылмаған ураны бар қару-жарақ қолданысының ұзақ мерзімді салдарын толық зерттеуді талап еткен. Бірақ әзірге біржақты қорытынды жоқ. Көшірмесі Азаттық радиосының Балқан қызметінің қолына түскен келісім мәтінінде НАТО-ның 1999 жылғы әскери операциясы мен оның халық денсаулығына әсері туралы ештеңе айтылмаған.
КҮРМЕЛГЕН ТІЛ ТУРАЛЫ ІС
Мамыр айында әлеуметтік желіде Демократиялық партияның Өкілдер палатасындағы спикері Нэнси Пелосидің тілі күрмеліп сөйлеген видеосы тарада. Бұл ішімдік әсері ме? Әлде дәрі-дәрмек салдары немесе сырқат па?
Ешқайсысы да емес. Бар болғаны видеоның жылдамдығын баяулатып, дауысын өзгерту арқылы Пелосидің дауысы мен қимыл-қозғалысы бұрмаланған.
Фейсбуктағы Politics WatchDog парақшасына салынған бұл видеоны миллиондаған адам көрген. Видео астына пікір қалдырған қолданушылар Пелоси "өлердей мас" деп жазған. Бұқаралық ақпарат құралдары Фейсбуктен жасанды видеоны өшіруді талап еткен. Бірақ Фейсбук компанияда "жазба мазмұны шынайы болуын талап ететін ереже жоғын" айтып, видеоны өшіруден бас тартқан. (Жыл соңында компания ережесін өзгертіп, енді күдікті жазбаларды "белгісіз фактчекерлер анықтаған жалған ақпарат" деп белгілейтін болды).
Қолдан жасалған видеоны бұдан да үлкен технологиялық қауіп туғызатын жасанды интеллект негізіндегі deepfake-пен жиі салыстырды. Бұл технология кез келген мәтінде сөйлеп тұрған адамның қимыл-қозғалысын айнытпай қайталап бере алады. Бірақ Пелосидің аз ғана өңделген видеосы адамның беделін түсіретін жасанды ақпарат дайындауға әлдеқайда қарапайым әдістерді де қолдануға болатынын көрсетті.
ПОРНОФИЛЬМНЕН АЛЫНҒАН ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫС "АЙҒАҒЫ"
Мамыр айында Косово парламентінде Сербиядағы әскери қылмыстар туралы дауыс беруден бұрын депутат журналистерге өзі сербиялық әскерилер албан қызын зорлап жатқан көрініс деп сипаттаған сурет көрсеткен. Бірақ сурет бойынша онлайн іздестіру бұл фотоның порнофильмнің Ирактағы соғыс кезіндегі зорлық туралы бөлімінен алынғанын дәлелдеді.
Бұл жағдай Косово тұрғындарының ашу-ызасын тудырды. Азаматтардың біразы бұл жалған ақпарат 1998-1999 жылдары соғыс кезінде болған сексуалды зорлық туралы негізделген дәлелдерді жоққа шығаруы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Ресми дереккөздер мен үкіметтік емес ұйымдар Косовоның 20 000-ға жуық тұрғыны сербиялық әскерилерден зорлық көргенін айтады.
Арнаулы прокурорлар тергеу бастады. Депутат Флора Бровинаның айтуынша, оған суретті "Фотода көрсетілген құрбан әлі күнге Косовода тұрады" деген дерек айтқан белсенді берген. Бровина халық алдында зорлық құрбандарынан кешірім сұрап, суреттің шынайылығын тексермегені үшін кінәсін мойындады.
ПУТИННІҢ БЕСАСПАП РОБОТТАРЫ
РИА Новости ақпараттық құралының хабарлауынша, президент Владимир Путин Суворов училищесінің курсанттары құрастырған "ресейлік әскери роботтармен" танысқан. Роботтар көрсетілімінің видеосы да жарияланған.
Бірақ Znak деп аталатын белгісіз интернет-басылым роботты студенттер құрастырмағанын, "өнертабыстың" мүлде ресейлік емес екенін анықтаған. Әлеуметтік желі қолданушылар Amazon интернет-дүкенінен президентке таныстырылған роботтарға ұқсас ойыншықтар тапқан.
Жалған ақпаратпен күрес бойынша еуропалық жоба өкілдерінің айтуынша, бұл Кремльдің қолдауымен тарап отырған бірінші репортаж емес. Өткен жылы мемлекеттік Россия-24 арнасы "технологиялық мүмкіндіктер тұрғысынан ең үздік роботтардың бірі" Борис атты андроидтың мектеп оқушыларымен билегенін көрсеткен. Кейінірек Борис робот костюміндегі адам болғаны анықталған.
БРЮССЕЛЬДЕГІ "БАЛА САУДАСЫ"
НТВ телекомпаниясы "Бүкіл әлемнің гейлері "тірі тауар" – бала сатып алу үшін Брюссельдегі жәрмеңкеге жиналды. Ақша болса, сатылатын сәби де табылады" деген ақпарат таратты.
Репортажда Брюссельде қыркүйекте өткен конференцияға қатысушылар бала сатып алған болуы мүмкін деген жорамал айтылған. Шын мәнінде бұл шара гей-жұптар мен суррогат аналардың арасында байланыс орнату мақсатында өткен. (Суррогат ана болуға Ресей мен Еуропада заң жүзінде рұқсат берілген. Бірақ балаларды сатуға тыйым салынған.) НТВ бұл шараны "байларға арналған конференция" деп сипаттаған. Бірақ шара ұйымдастырушысы – Men Having Babies қоры – өз миссиясын ата-ана болғысы келетін гейлерге көмектесу, оның ішінде қаржылық қолдау көрсету деп түсіндіреді.
EU Vs. Disinfo жобасы бұл репортажды фактілерді шатастырып, көрерменнің көңілін бұзуға бағытталған жалған ақпарат деп атады; бұл тақырып - Ресейде жиі көтерілетін "Батыстың рухани құндылығын жоғалтып, моральдық тұрғыдан азғындауы" деген талқылаудың бір бөлігі.
ЭСТОНИЯДАҒЫ "РУХАНИ БАСҚЫНШЫЛЫҚ"
Санкт-Петербургтегі "Пятый канал" арнасы да ЛГБТ өкілдеріне ақпараттық шабуыл жасаған. Арна эфирінде Эстония "әлеуметтік" және "рухани басқыншылық" құрбанына, ал Таллин "скандинавиялық гейлер астанасына" айналғаны айтылған. Репортажда "Эстония астанасындағы гомосексуалды білім беруді енді тоқтату мүмкін емес… Бұл қазір Эстонияда сәнді саналады және соңғы еуропалық үріске сәйкес келеді" делінген.
Эстониядағы "рухани азғындықты" көрсету үшін "Пятый канал" журналисі өзін белсенді ретінде таныстырып, Таллин университетіндегі ЛГБТ тарихы пәнінің семинарына қатысқанын, университетте "тек теория ғана емес, практика да бар екенін білгенін" айтады. Сөзін аяқтамаған журналист мәселенің жай-жапсарын көрерменнің қиялына қалдырған. Семинар жетекшісі кейінірек Эстонияның Postimees басылымына берген сұхбатында журналист айтқан практикалық элементтің бірі шынымен болғанын - студенттерге ЛГБТ қауымдастығы өкілінен сұхбат алу тапсырылғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР