3 қаңтарда мемлекеттен қаржыландырылатын «Ана тілі» басылымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Онда Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдіріп, «талай жылға арналған жоспары бар» екенін айтқан.
– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма? – деп сұрайды журналист.
Тоқаев сұраққа тікелей жауап бермей, «ауқымды жоспары бар екенін» ғана айтады.
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, – деп жауап береді Тоқаев.
Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы биліктен кетіп, БҰҰ-ға басшылыққа баруы мүмкін деген болжам былтыр жиі айтылды. Мұны сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «өсек-аяң және арандату» деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада 7 жылға Қазақстан президенті болып сайланған. Оның өкілеті 2029 жылы аяқталуы тиіс. Жаңарған Конституция талаптарына сәйкес ол екінші мәрте президент болып сайлана алмайды.
ПІКІРЛЕР