Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны, азаматтық белсенді Қайрат Сұлтанбектің қамауға алынуына байланысты шымкенттік және түркістандық оншақты белсенді 24 қыркүйекте түстен кейін Ордабасы аудандық прокуратурасының алдында наразылық білдірді. Олар Қайрат Сұлтанбекті бостандыққа шығаруды талап етіп, аштық жариялайтындарын айтты.
"Қайрат Сұлтанбекті бостандыққа шығармайынша аштықты тоқтатпаймыз. Керек болса түнде осында қонамыз" деді аштық жариялағандардың бірі, шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов.
Үстінен Қылмыстық кодекстің "Экстремизм не терроризммен айналысқаны үшін сот шешімімен тыйым салынған қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның жұмысына қатысу" бабы (405-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалған ордабасылық белсенді 22 қыркүйекте қамауға алынған. Мұны Азаттыққа облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.
Ол Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 24 қыркүйекте Қайрат Сұлтанбекті тергеу кезінде үйқамаққа алу туралы қаулы қабылдағанын хабарлады.
Тергеуді Түркістан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
Қаракөзова тергеу құпиясына байланысты бұдан өзге мәліметті жариялай алмайтынын айтты.
Сұлтанбектің адвокаты Дәуренбек Момбековтің Азаттыққа айтуынша, айыптау парағында белсендінің Қазақстан сотының шешімімен экстремистік деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Көше партиясымен" байланысы бар екені айтылған.
Адвокат белсендіні ұстау кезінде оның үйіне тінту жүргізілгенін растады.
– Қайрат Сұлтанбек өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның үйін тінтуге де, [үйқамаққа алу туралы] сот қаулысына да қарсы шағым түсіреміз, – деді адвокат.
Момбеков сот қаулысын алуды күтіп отырғанын, ал белсендінің өзі Ордабасы аудандық полиция бөлімінің тергеу изоляторында жатқанын, әлі қамаудан шықпағанын айтты.
Қазақстан билігіне қарсы пікір айтып жүрген қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов жақында жақтастарын 15 қыркүйекте жаппай наразылық шеруіне жиналуға үндеген. Соңғы кездері билікке қарсы көзқарастағы белсенділердің жиі қамауға алынуын осы үндеумен байланыстыратындар бар.
2020 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
ПІКІРЛЕР