Accessibility links

Төңкеріс жасауға талпыныстан соңғы төрт сұрақ


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (ортада) төңкеріс жасауға талпыныс оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдармен қоштасу рәсімінде тұр. Стамбул, 17 шілде 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (ортада) төңкеріс жасауға талпыныс оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдармен қоштасу рәсімінде тұр. Стамбул, 17 шілде 2016 жыл.

Түркияда 300-ге жуық кісі қаза тапқан төңкеріс жасауға талпыныс оқиғасынан соң іле-шала 6 мыңға тарта күдікті тұтқындалды. Олардың көбі судьялар, прокурорлар және армия офицерлері.

Бұл адамдардың көпшілігі оқиғадан кейінгі бір тәулік ішінде ұсталды. Сезіктілерді тұтқындау әлі жалғасып жатыр, алда әлі талай адам ұсталатыны аян. Президент Режеп Тайып Ердоған «Судьялардың Жоғарғы кеңесі мен прокурорлардан бастап Конституциялық соттағыларға дейін бәрі жұмыстан шығарылып, тұтқындалып жатыр. Осы жеткілікті ме? Жоқ, жеткілікті емес. Бұл болуы тиіс нәрсе, бірақ жеткілікті емес» деді.

Кек алу мен жазалау шараларының болары анық, бірақ Түркия үшін бастысы – шектен шығып кетпеу. Соңғы жағдайларды саралай келе, Түркия билігіне ыңғайсыз мынадай сұрақтар туындайды.

Төңкерістің мақсаты не?

Әдетте әскери төңкеріс ең алдымен үкіметке қарсы жасалады, ал Түркиядағы оқиғадан мұны байқай алмадық. Шілденің 15-і күні алғашқы оқ атылғанда президент демалыста болатын. Министрлердің, губернаторлар мен полиция басшыларының ешқайсысы тұтқынға алынған жоқ. Бүлікшілер армия командилерін кепілге алып, жоғары әскери басшылықтың штаб-пәтері мен Анкарадағы әуе базасын басып алды. Соған қарағанда бұл үкіметке емес, армияның өзіне қарсы әрекет сияқты көрінді.

Неге парламентті бомбалады?

Шілденің 15-і күні Түркия парламентіне бомба тасталған соң саяси партиялардың барлығы, соның ішінде оппозициялық күштер, парламент пен демократияны қорғау мақсатында бірікті. Шабуылға қарамастан, депутаттар қолдау білдіру мақсатында парламент ғимаратына келді. Сарапшылардың көбі «ғимаратты түп-орнымен қиратқан күннің өзінде оны нысанаға алудағы мақсат не?» деген сауал тастайды.

Төңкеріс жасауға талпыныс кезінде қаза тапқан солдаттың жерлеуі. Анкара, 18 шілде 2016 жыл.
Төңкеріс жасауға талпыныс кезінде қаза тапқан солдаттың жерлеуі. Анкара, 18 шілде 2016 жыл.

Ғимаратқа көп зақым келген жоқ, парламент қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Көп телеарналардың, соның ішінде мемлекеттік арналардың спутниктік хабар тарату техникасы бүлінді, кейбір тәуелсіз телеарналардың, соның ішінде CNN Turk арнасының құралдарына дәнеңе болған жоқ. Соның арқасында CNN Turk әп-сәтте бүлікшілерге қарсы топтың мінберіне айналып шыға келді.

Бүлікшілер бірнеше мемлекеттік мекеме мен ақпарат құралы ғимаратын басып алуға әскерге жаңа алынған жастарды жіберген. Ал олар өз міндеттерін дұрыс білмей, сылбыр қимылдап, ақыры қолға түсті. Кейбіреулерін ашулы халық өлтіріп тастады.

Екі тәулік ішінде 6 мың күдіктіні қалай тапты?

Түркия әділет министрі Бекир Боздаг «6 мың күдіктінің тұтқындалғанын» және тұтқындаудың әрі қарай жалғасатынын мәлімдеді. Түркия басшылығының мұндай қысқа мерзім ішінде осынша көп адамға қатысты айғақ жинауға техникалық және адами ресурстары қалай жетті? Нақты айғақ болмағандықтан, үкімет адамдары бүліктен бұрын жасалып қойған күдік туғызады-ау дегендердің қара тізімін пайдаланған болуы мүмкін. Тұтқындалғандардың көбі, шамамен 2 мың 500 адам әділет жүйесінде жұмыс істейді. Егер бүлікшілер Ердоған айтқандай армияның шағын ғана бөлігі болса, оған мұншама судья мен прокурордың қандай қатысы болуы мүмкін?

«Фетхулла Гүленнің ісі» дегенге қандай дәлел бар?

Үкіметтегілер бұл бүлікті АҚШ-та тұратын діни тұлға – Фетхулла Гүлен ұйымдастырды дегенді бірден айтты. Гүлен бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді, ал Анкара әзірге оның ұйымдастырғанын дәлелдейтін айғақ келтіре қойған жоқ. Ердоған Вашингтонды 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан Гүленді Түркияға экстрадициялауды сұрап келеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри «діни тұлғаның кінәсін дәлелдейтін айғақ болғанда ғана Обама әкімшілігі оны экстрадициялау мәселесін қарастырады» деді.

Түрік полициясы төңкеріс жасауға талпынды деген күдіктіні әкетіп барады. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.
Түрік полициясы төңкеріс жасауға талпынды деген күдіктіні әкетіп барады. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Айғақ табыла ма, жоқ па - әйтеуір бұл бүлік Түркия билігі «террористік ұйым» деп жариялаған Гүлен қозғалысына қара күйе жағуға мүмкіндік берді. Ресми тұлғалар мен ақпарат құралдары Гүленнің рөлін зорайтып көрсеткені сондай, оның бұл оқиғаға қатыстылығына күмән келтірудің өзі мүмкін болмай қалды.

Үкімет төңкеріс жасауға талпынысты өзінің басқа жауларын да құбыжық етіп көрсетуге пайдалануы мүмкін. Түркия басшылығы мен билік басылымдары Сирияның солтүстігіндегі «Күрд демократиялық одақ» партиясын да күдіктілер қатарына қосты. Бұл ұйымның Түркияда 32 жылдан бері бүлік шығарып келе жатқан, тыйым салынған «Күрдістан жұмысшылар партиясымен» (PKK) байланысы бар.

XS
SM
MD
LG