Accessibility links

Түркия мен Ресей қарым-қатынастарын қайта дамытпақ


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта).
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта).

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тамыздың 9-ы күні Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу үшін Санкт-Петербургке барады.

Олар негізгі екі салада қарым-қатынасты жақсартуға тырыспақ: Сирия дағдарысын шешу үшін бірлескен шешім табу және бизнес пен энергетикада байланысты жаңғырту, соның ішінде екі ел арасында бірнеше айға созылған араздық кезінде тоқтап қалған ресейліктердің Түркияға саяхаттап баруына жол ашу, сауда мен құрылысты дамыту.

Екі тарап та қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін жақында жасалмақ болған түрік төңкерісін пайдаланбақ тәрізді. Шілденің 15-і күнгі іске аспай қалған төңкеріс талпынысынан кейін Ердоған бірінші рет шет елге іссапармен шығып тұр.

СИРИЯҒА ҚАТЫСТЫ КЕЛІСІМ

Төңкеріс жасамақ болғандарды Түркия халқының көбі қолдамады және қауіпсіздік күштері оларға тойтарыс берді. Бұдан соң ондаған мың адам тұтқындалып, қуғындалды. Оларға 1999 жылдан бері қуғынға түсіп, АҚШ-қа кеткен дін насихатшысы Фетхуллах Гүленнің тобына мүше немесе соны қолдайды деген айып тағылды. Түркия үкіметі Гүленді «армияға, сот және білім жүйесіне, БАҚ пен бизнеске кірігіп кеткен құпия желі құрды» деп айыптайды. Сирия шекарасында қараша айында Түркия ресейлік әскери ұшақты атып түсіргеннен бері екі елдің президенттері алғаш кездеспек.

Ердоған сол кезде түрік шекарашыларының әрекетін толық қолдап, Ресейдің Сирияны атқылауына қатысқан ресейлік ұшақ «Түркияның әуе кеңістігін бұзды» деп мәлімдеді.

Сирия қақтығысында Түркия 2010 жылдан бастап Сирия президенті Башар әл-Асадқа қарсы шыққан қарулы көтерілісшілерді, соның ішінде экстремист әсіредіншілдерді қолдады. Ресей Асад үкіметі жағына шықты, 2015 жылдың қыркүйегінен бастап соғысқа белсене араласты. Осы кезге дейін қарым-қатынасы өте жақсы болып келген Ресей мен Түркия осыдан кейін бір-біріне қырын қарай бастады. Ұшақ ату оқиғасынан соң екі мемлекеттің байланысы нашарлап кеткен еді.

Ұшақты атқан соң Сирия жеріне парашютпен қонған ресейлік ұшқышты өлтіру оқиғасын Путин «әскери қылмыс» деп атап, Ердоғанның кешірім сұрауын талап етті. Ресей Түркияға қарсы бірнеше жазалау шарасын ойлап тапты – соның ішінде өз туристерін Түркияға жібермеу, түрік азық-түліктерін импорттауға тыйым салу сияқты шаралар бар – мұның бәрі Түркия экономикасына соққы болып тиді.

Кейін Ресей күрт өзгеріп, маусым айында Ердоғанның Путинге құлаған ұшаққа қатысты кешірім сұрап, хат жолдағанын мәлімдеді, екі тарап өз мәселелерін шешуге, сириялық дағдарысты тоқтатуда ортақ тіл табысуға, екі жақтың байланысын жақсартуға дайын деген хабар таратты. Бірақ Сирия мен Асадтың болашағына қатысты келіспеушілік бұл екі елдің қатынастарына әлі кедергі болып тұр.

Ердоғанның сапары туралы айтқан түрік президентінің өкілі Ибрагим Калин Түркия «Сириядағы саяси билік алмасуын, сириялықтар үшін қолайлы демократиялық және плюралистік саяси құрылымды табу үшін Ресеймен бірлесе жұмыс істейді» деді.

Дегенмен де ол «Башар Асад билікте тұрғанда Ресей мен Түркияның мүддесіне бірдей жауап беретін шешім табу мүмкін емес» деп атап өтті.

Бұрынғы экономикалық және энергетикалық қатынастарды қалпына келтіру басталып кеткен тәрізді. Ресейлік табиғи газды Түркияға тасымалдау ешқашанда тоқтаған емес, сондықтан басқа шығынның орнын толтыруға болады.

ТУРИЗМДІ ЖАҢҒЫРТУ

Түркиядағы ресейліктер туризмін жаңғырту күрделірек мәселе, себебі маусымда Стамбул әуежайында бірнеше адам қаза тапқан шабуыл жасалды, оған қоса, жақында көтерілісшілер төңкеріс жасамақ болды. Осы екі жағдай маусым қызған кезде түрік туризміне үлкен соққы болып тиді.

Ердоған-Путин кездесуінде сыртқы саясат негізгі тақырып болатын сияқты. Сирия саясаты екі басшының әңгімесінің негізгі тақырыбы болмақ. Сирияға қатысты ортақ тіл табамыз деген ниет АҚШ Сириядағы Асадқа қарсы қарулы топтар мен күрд көтерілісшілерін қолдағаннан соң туған сияқты.

Ресей жақында жасалмай қалған төңкерісті пайдаланып қазіргі Түркия – АҚШ байланысын, жалпы Түркия мен Батыс қарым-қатынасын әлсіретіп, Түркияны ресейлік сыртқы саясат координатына енгізгісі келеді. Төңкеріс әрекеті басталғаннан бері түрік шенеуніктері мен баспасөздері Батыс, соның ішінде НАТО одақтасы – АҚШ-ты төңкеріс жасауға тырысқандарды жеткілікті дәрежеде айыптамады деп мәлімдеді.

ЕРДОҒАНДЫ ҚОЛДАП, ГҮЛЕНДІ АЙЫПТАУ

Екіншіден, түрік үкіметі өздері «терроршы» деп санайтын және «төңкеріске талпынысты ұйымдастырды» деп айыптайтын Гүленді қайтаруды талап етті. Вашингтон оның төңкеріске қатысы бар екенін нақты дәлелдеуді сұрап, түрік үкіметінің талабын қанағаттандырмады. АҚШ экстрадиция жасау мәселесін үкімет құқықтық бағалау нәтижесінде ғана шешеді деп мәлімдеді. Ол процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Мәскеу төңкеріс әрекеті басталған сәттен-ақ оны айыптап, Ердоғанды толық қолдайтындарын көрсетті. Ресейлік депутаттар «АҚШ Гүленді ешқашанда қайтармайды, себебі оның артында ЦРУ тұр» десе, даурықпа саясаткер Владимир Жириновский «Гүлен мен АҚШ – Түркияның жаулары» деп салды.

Ердоған басында ресейлік ұшақты атқан ұшқыштарды қолдаса да, төңкеріс әрекетінен соң ол жағдайға да гүленшіл ұшқыштар айыпты деп шықты. Ердоған-Путин кездесуі алдында Түркия басылымдарына күлкілі жаңалықтар шықты, мысалы, гүленшілер қозғалысы «орыс-түрік соғысын бастағысы келген», «Түркия мен Ресей арасында тығыз қарым-қатынасты бұзу үшін «ЦРУ- МІ6-Моссад жоспары» жасалған» деген мағынадағы болжамдар жарияланды.

Түркияда «сенімді Батыс дереккөзі» ретінде франциялық газеттің пікірін жиі жарияланып, «төңкеріс әрекеті кезінде АҚШ қолдайтын реактивті атқыш ұшақтар Ердоғанның қонақүйін жармақ болды, бірақ оны ресейлік ұшақтар қорғады» деген жаңалықтар шықты.

Сириядағы саясатқа қатысты Түркия-Ресей позициясын жақындастырудан бөлек, кездесу кезінде Ердоған Путиннің төңкеріс талпынысы кезінде өзіне қолдау көрсеткеніне алғыс айтса, Путин болашақта да Ресейдің оны қолдай беретініне сендіретін тәрізді.

Сарапшы және саяси шолушы Кадри Гурсел оны былай түсіндіреді: «Батысты қорқыту үшін Ердоған Түркияны Ресейге жақындай бастаған етіп көрсетпек». Шын мәнінде, Ресей инвестиция, технология, қорғаныс және сауда жағынан көп ештеңе ұсына алмайды.

Түркияның Батыс елдерімен қарым-қатынасы терең әрі екі жаққа да қажетті. Түркияның Батыстан бөлінуі НАТО мен Батысқа жаман, бірақ ең алдымен Түркияның өзіне қолайсыз.

Аббас Жавадидің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG