Соңғы кездері бұл өңірде күрдтердің заңсыз жасағы – «Күрдтердің халықтық қорғау отряды» (YPG) «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын тықсырып, қарқынмен күш алып келе жатқан.
Өткен айда күрд жасақтары АҚШ-тың және Сирия жауынгерлерінің көмегімен ИМ тобының бақылауындағы негізгі қала – Тал Абиядты өзіне қаратып алған. Сөйтіп, күрдтер ИМ тобына көмек баратын негізгі күре жолды жауып тастады, есесіне Сирияның соғыстан қашқан мыңдаған тұрғыны Түркия шекарасына қарай ағылды. 27 шілдеде «Күрдтердің халықтық қорғау отряды» Евфрат өзенінің жанындағы тағы бір қала – Сарринді басып алды. ИМ соңғы кездері Түркия шекарасы маңындағы Кобаниге осы қаладан шабуыл жасап келген.
КҮРДТЕРДІҢ КҮШЕЮІ ТҮРКИЯНЫ САСТЫРДЫ
Күрд отрядының ИМ тобын тықсырып, күш жинай бастауы күрд автономиясынан өлердей қорқатын Анкараны қатты састырды.
Күрдтер Тал Абиядты қарамағына алған соң Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның және ол басқаратын Әділет және даму партиясының жақтастары «Күрдтер Сирияның солтүстінінде өз мемлекеттерін құруға кірісті» деп мәлімдеді. Вашингтонда тұратын күрд мәселелерін зерттейтін сарапшы Мутлу Чивироглуның айтуынша, кейбір газеттер тіпті «ИМ тобынан YPG қауіпті» деп айқайлатып тақырып қоя бастаған.
– Түркия «Күрд халықтық қорғау отряды» енді Евфрат өзенін кесіп өтіп, Жараблус қаласына жылжиды деп қауіптенеді, - дейді сарапшы.
Жараблус – Евфрат өзенінің батысында орналасқан, көбінесе арабтар мен түркімендер қоныстанған қала, қазіргі уақытта ол ИМ тобының қоластында.
Содан кейін «Күрд халықтық қорғау отряды» Сирияның солтүстігі мен солтүстік шығысындағы күрдтер бақылауындағы Кобани және Африн аймақтарына жетеді.
– Күрдтердің аймақта үлкен жерді иемденуі Түркияға территориялық автономия қаупін төндіреді. Түркия күрдтердің біріккен автономиялық аймағы құрылғанын қаламайды, - дейді Дьюк университетінің күрд мәселелері жөніндегі сарапшысы Құбылай Ядо Арин.
Оның айтуынша, Сирияның солтүстігінде «қауіпсіз аймақ» құру идеясын бастау арқылы Анкара өз ішінде жүрген сириялық босқындарды кері қайтарып, «күрд жерін бөлшектеуді» көздеп отыр.
«АНКАРА КҮРДТЕРДІҢ БАС БІРІКТІРГЕНІН ҚАЛАМАЙДЫ»
Түркиядағы қатарының негізгі бөлігін этникалық күрдтер құрайтын «Халықтық демократиялық партиясының» басшысы Селахаттдин Демирташ та «мұндай жоспар құру арқылы Анкара күрдтердің солтүстік Сирияда бас біріктіруіне жол бермеуді көздейді» деген пікір білдірді.
ВВС телеарнасына берген сұхбатында Демирташ «Ислам мемлекеті» тобына қарсы Түркияның жүргізіп жатқан операциясын «шоу» деп атады.
– ИМ тобымен соғысып жатырмыз деген сылтаумен олар күрдтердің нысаналарын көздеп келеді, - дейді Демирташ.
Түркия Сириядағы ИМ нысандарын 24 шілдеде алғаш рет әуеден бомбалай бастаған. Кейіннен олардың Ирактың солтүстігіндегі «Күрдістан жұмысшылар партиясы» позицияларын да нысанаға алғаны белгілі болды.
Ал 27 шілдеде «Күрд халықтық қорғау отряды» Кобани қаласының маңында өздеріне Түркия әскері танкілерден оқ жаудырғанын хабарлады.
ТҮРКИЯНЫҢ МАҚСАТ-МҮДДЕСІ ҚАНДАЙ?
Басқа сарапшылар да Анкараның шынымен ИМ тобына қарсы күреспек ниетіне күмәнмен қарайды. Өз шекарасы арқылы өтіп, ИМ қатарына қосылатындарды тоқтатуда дәрменсіздік танытқаны үшін Түркия үкіметі осыған дейін көп сынға ұшырап келген.
Түркияның мақсаты – ИМ тобы мен «Күрд халықтық қорғау отрядын» Алеппоның маңайында ұстап тұру.Владимир ван Вилгенбург, Джеймстаун қоры сарапшысы
Джеймстаун қорының күрд мәселелері жөніндегі сарапшысы Владимир ван Вилгенбургтың айтуынша, Анкара ИМ тобымен күрескеннен бұрын күрд жасақтарын Жараблусқа кіргізбеуге мүдделі.
– Түркияның мақсаты – ИМ тобы мен «Күрд халықтық қорғау отрядын» Алеппоның маңайында ұстап тұру. Олар бұл топтардың Раққаға [ИМ-нің іс жүзіндегі астанасы] және Хасакаға [Сирияның солтүстігіндегі ИМ бақылауындағы қала] келгенін қаламайды. Егер Түркия «Ислам мемлекетін» шынымен жеңгісі келсе, онда «Күрд отрядын» Раққаға жіберер еді, - деді ван Вилгенбург Азаттыққа сұхбатында.
БАТЫСТАҒЫ «ОДАҚТАСТАР»
Дьюк университетінің сарапшысы Құбылай Ядо Арин «Күртердің халықтық қорғау отрядын» – АҚШ бастаған коалицияның аймақтағы жалғыз ғана сенімді одақтасты деп сипаттайды.
Оның айтуынша, Түркияның «Күрд жұмысшы партиясы» позицияларына шабуыл жасауы және «Ислам мемлекеті» тобынан азат аймақ құру жоспары АҚШ бастаған коалицияның экстремистік топтарды күйрету жоспарына қайшы келеді.
Америка «ИМ-нен азат аймақ» құру жоспарын қолдаумен қоса экстремистерге қарсы шабуылда күрдтерге арқа сүйейді, дегенмен олар күрдтердің Жараблус қаласын өздеріне қаратуына аса мүдделі емес.
– Соңғы апталарда АҚШ Жараблустан алыс аймақтарға – солтүстік Алеппоға көбірек бомба тастай бастады. Оның үстіне Раққаның төңірегін бомбалау жалғасып жатыр. Демек, АҚШ күрдтерді қолдайды, дегенмен олардың Евфратты кесіп өтуіне аса мүдделі емес. Түркияның да талабы – осы, - дейді Atlantic Council сарапшысы Аарон Штейн.
Йоанна Паражчуктың материалы ағылшын тілінен аударылды.