Көпшілік биліктің мұндай әрекетін «жұрттың шетелден ақпарат алуынан қорқады» деп жориды. Бірақ Ашғадабтың өзінде спутник «тарелкаларын» ақ мәрмар қаланың көркін бұзады деп түсіндірді.
Бірақ Азаттықтың Түркімен қызметі бұл науқанның қарқыны күшейгенін, енді «тарелка тәркілеу» жұмыстары Ашғабадтан алыс жатқан аймақтарда да жүргізіле бастағанын айтады. Сөйтіп «спутник антенналарын құртудың мақсаты - Түркіменстан тұрғындарын сыртқы әлемнен оқшаулау» дегеннен басқа уәжге сену қиын болып барады.
Сәуір айында Азатлық тілшісі Аманмурат Бугаев елдің солтүстігіндегі Дашогуз қаласына аттанды, билік бірнеше жыл бұрын мұндағы спутник антенналарын жоюға баспалай қадам жасап, істі соңына жеткізей алмай кеткен. Бугаевтің айтуынша, енді спутник «тарелкаларын» алып тастау туралы жаңа бұйрық түскен.
Мұнда да Ашғабадтағыдай сылтау айтылып жатыр – «2016 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атанған Дашогуздың көркін бұзбау керек». Бугаев дәл осындай оқиғаның оңтүстіктегі Мары және шығыста орналасқан Лебап облысындағы Түркменабад қалаларында болғанын айтады. «Бұл науқан барлық ірі қалаларда жүріп жатыр» дейді Азаттық тілшісі.
Бугаев елдің батысындағы Балқан облысына да барды, ол жақта да билік Балқанабад қаласында спутниктік телеарналардан құтылу қамына көшкен. Тілшінің айтуынша, тек Балқанабад қаласындағы «тарелкалар» ғана тәркіленбейді, қала маңындағы барлық ауылдағы антенналар алынып тасталады.
«Антенналарды алып жатқан муниципалитет жұмысшылары ешқандай себеп айтпайды. Жергілікті тұрғындар әкімшілік жұмысшыларына қарсы шыққан соң шенеуніктер «антенна қала көркін бұзып тұр» тұр деп оларды алып тастауға бірнеше күн уақыт берген, жергілікті билік «алып тастамасаңдар өзіміз келіп, тәркілейміз» деп отыр» дейді ол.
Спутник антенналарынан айырылған Ашғабад тұрғындарының біразына мемлекеттік кабельді арналарға қосылу туралы ұсыныс жасалған. Кейбір жерлерде орталық антенна бар, адамдар соған қосыла алады. Бірақ екі жағдайда да таңдау шектеулі.
Ашғабад облысының тұрғындары Азаттықтың Түркімен қызметіне шағымданып үлгерді, олар кейбір бағдарламаларды көре алмайтындарын айтады. Соның ішінде Азаттық та бар. Бұл елде Азаттық хабарлары спутниктік антенналар арқылы тарайтын.
Түркіменстанның шағын қалаларындағы тұрғындарға мұндай балама да ұсынылмаған тәрізді. Олар спутниктік телевизия желісінен ажырағаннан кейін тек Түркіменстан мемлекеттік телеарнасын көрумен шектеледі. Бұл телеарнаны Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов «көңіл көтеретін бағдарламалары аз» деп сынаған еді.
«Қала көркін сақтау» науқаны түркімен билігінің ниеті халықты ақпарат алудан шектеп, тек мемлекеттік ақпарат құралдарына тәуелді ету екенін аңғартады.
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.