Accessibility links

Түркияда ресейлік жолаушылар ұшағы жерге қонған соң өртенді


Түркияда 24 қараша күні кешке Анталия әуежайына қонған ресейлік "Азимут" әуекомпаниясының Sukhoi Superjet 100 жолаушылар ұшағы өртенді. Сочиден ұшып барған ұшақта 95 адам болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ешкім зардап шекпеген, өрт сөндірілген.

"Ұшақта 89 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болды" деп хабарлады түрік авиация билігі. Росавиация олардың бәрі эвакуацияланды, аман-есен деп мәлімдеді.

Mash және Baza телеграм-арналары жолаушылардың сөзіне сүйеніп, жерге қонған сәтте ұшып-қону алаңына қатты соғылған ұшақтан жанармай төгілген деп хабарлады. Әуекомпаниясы ТАСС агенттігіне желдің екпініне сілтеп, ұшақ "қатты қонғанын" растады.

Куәгерлердің хабарлауынша, алдымен ұшақ қозғалтқышы жанған, содан кейін жалын лаулай кеткен. Оқиға орнында құтқару қызметі жұмыс істеді, тергеу басталды деп хабарлады түрік баспасөзі.

Анталия әуежайы рейстер қабылдауды уақытша тоқтатты деп хабарлады AirportHaber сайты. Апатқа байланысты ұшып-қону алаңы жабылған. Әуежай түнгі сағат 3-те (Мәскеу уақытымен сәйкес) қайта ашылады деп айтылды.

Қазан айында Ресейдің "Минеральные воды" қаласынан ұшып шығып, жолай Иваново қаласына соғып, сапарын жалғастырған "Супержет" жолаушы ұшағы Мәскеудегі Внуково әуежайына апатты жағдайда қонған. Ол жерге қонған кезде ұшқын байқалған делінген Росавиация есебінде. Ұшақта 98 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі болған, ешкім зардап шекпеген.

Украинаға қарсы соғыс бастағаны үшін санкция астында қалған Мәскеу бұған дейін өзіне "дос" санайтын мемлекеттерден Ресей ішінде жолаушыларға арналған әуе рейстерін ұйымдастыруға көмектесуді сұраған. Бұл туралы Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт мәлімдеді. Ол бұл мәселеге байланысты Қазақстанмен келіссөз жүріп жатыр деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG