Accessibility links

"Арқадағ" эстафетаны ұлына тапсырды


Гурбангулы Бердімұхаммедов ұлы Сердар Бердімұхаммедовке эстафета таяқшасын беріп жатқан сәт. 26 ақпан 2018 жыл.
Гурбангулы Бердімұхаммедов ұлы Сердар Бердімұхаммедовке эстафета таяқшасын беріп жатқан сәт. 26 ақпан 2018 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ұлы Сердар Бердімұхаммедовпен кезекті рет жұрт алдына шықты. Әкесі мен ұлы елде ұйымдастырылған спорт жарысына қатысты. Мемлекеттік басылымдар бұл оқиғаны "ұрпақтар мұрагерлігінің символы" деп атады.

Ақпанның 26-сы күні Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Сердар Бердімұхаммедов Лебап облысы Түркіменабад қаласындағы жеңіл атлетика эстафетасын бастап берді. Кейін велошеру мен "Амуль-Хазар 2018" халықаралық автораллиіне барды.

"Бозбала эстафета таяқшасын мемлекет басшысына әкеп жарысты бастап беруді өтінді. Барлығы жарысты бастауға дайын. Президент Гурбангулы Бердімұхаммедов эстафетаның алғашқы бөлігін өзі жүгіріп, таяқшаны ұлы Сердар Бердімұхаммедовке табыстады. Бұл ұрпақтар сабақтастығының символы болды" деп жазды мемлекеттік басылымдардың бірі. Сердар Бердімұхаммедовтан кейін эстафетаны аймақ басшылары жалғастырды.

Эстафета жарысынан кейін Гурбангулы Бердімұхаммедов велошеруге қатысып, топтың басында жүрді. Мемлекеттік телеарна велошеруге мың жарым адам қатысқанын, олардың арасында кәсіпкерлер, ұйым өкілдері мен студенттер бар екенін хабарлады.

Оқи отырыңыз: «Спорт державасы» болғысы келетін елдегі ысырап

Осы күні Түркіменстан президенті ұлымен бірге автожарысты да бастап берді. "Арқадағ" (Жарылқаушы) атағын иеленген президент Бердімұхаммедов бұл шараға "Африка Эко рейс" раллиінің ұйымдастырушысы, автораллиден екі дүркін әлем чемпионы Жан-Луи Шлессер сыйға тартқан көлікпен келді. Гурбангулы Бердімұхаммедов көлікті өзі жүргізді. Ал ұлы Сердар әкесінің жанында отырды. Президент мінген көліктің артқы терезесі алтын түстес тәжбен безендірілген.

Бердімұхаммедовтің көлігі
Бердімұхаммедовтің көлігі

Түркіменстандағы мемлекеттік басылымдар Сердар Бердімұхаммедовты "елбасының ұлы", "халықтың ұлы" деп атап, "ол елдегі бұқаралық спортты дамытып жатыр" деп жиі атап өтеді.

Сердар Бердімұхаммедов қазір ел парламенті Меджлисте заң шығару комитетін басқарады. Майор әскери шені бар және Түркіменстан жекпе-жек спорт федерациясының президенті. Түркіменстаннің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.2017 жылы қазанда Арқадағ Сердарды әкесі Мяликулы Бердімұхаммедов атындағы медальмен марапаттады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ұлы Сердармен серуендеп жүр.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ұлы Сердармен серуендеп жүр.

Ақпанның 6-сы күні Гурбангулы Бердімұхаммедов пен ұлы Ақалтеке ат баптау кешенде атпен серуендеген. Түркіменстан президенті "Гуджурлы" (Күшті), ал ұлы Сердар "Мирас" (бұл сөз түркімен тілінде мұрагер деген мағынаны да береді) атты жылқыға мінген. Бұл серуен туралы елдегі барлық телеарналар көрсетіп, басылымдардың барлығы жазды.

Оқи отырыңыз: "Арқадағтың" ұлы көпшілік алдына жиі шыға бастады

Соңғы жылдары Гурбангулы Бердімұхаммедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовтың белсенділігі артып, жұрт алдына жиі шыға бастады. Ресми басылымдар мен телеарналар Сердарға көп көңіл бөліп, ол туралы жиі ақпарат беріп жүр. Сарапшылар Гурбангулы Бердімұхаммедов өз ұлын болашақ мұрагері ретінде қарайды деп жиі айтады.

Гурбангулы Бердімұхаммедов 2006 жылы Сапармұрат Ниязов өмірден өткен соң биліккен келген. Содан бері ел басқарып келеді. Гурбангулы Бердімұхаммедовтың бір ұлы, үш қызы және төрт немересі бар.

(Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG