Іргелес жатқан Ауғанстанның солтүстік-батысында соңғы үш жылда соғыс тіпті ушығып кетті. Бір кездері салыстырмалы түрде тыныш болған Герат, Фариаб, Бадғис және Жаузжан аймақтарында атыс-шабыс, шабуыл көбейді. Тіпті «Талибан» содырлары мен оның жақтастарының бақылауында қалған жерді қайтару операциясына басшылық жасау үшін Ауғанстанның вице-президенті Абдул Рашид Дустумның өзі мұнда бірнеше рет келді.
Ауғанстан ақпарат құралдары бұл соғыс туралы, оның ішінде Түркіменстан шекарасының дәл түбіндегі атыстар туралы жиі жазады, ал Ашғабаттағы ресми адамдар «бізде қауіпсіздік жөнінен ешқандай мәселе жоқ» деп отыр.
Азаттық тілшісі осы Марчак ауылының бірнеше тұрғынымен тілдескен, олардың пікірі мүлде өзгеше (шекараның арғы бетіндегі Ауғанстанда да осы аттас ауыл мен аймақ бар, екеуін шатастырмау керек).
Түркімен басшылығының шетел журналистерімен тілдесіп, оларға үкіметтің пікірімен сәйкес келмейтін ақпарат бергендерді жазалайтын әдетін ескере келе, біз ауыл тұрғындарының есімдерін атамауды жөн көрдік. Сөздеріне қарап, олардың қаншалық шарасыз күйде отырғандарын түсіндік.
Түркіменстанның Мари аймағының Тақтабазар ауданына қарайтын Марчак ауылы ауған шекарасына жақын орналасқаны сондай, ар жақтағы соғыс кезінде атылған оқ осы ауылға жетіп жатады.
Тұрғындардың айтуынша, оңтүстіктен атыстың дыбысы жиі естілетін болып жүр, тіпті кейде шекараны бақылайды деген тікұшақтар осы ауылдың үстімен ұшып өтеді.
- Жақында бір қызға [қолына] оқ тиді. Үкімет оның ем-домын түгел мойнына алды, бірақ «бұл оқиға туралы ешкімге ештеңе айтпаймын» деген қолхат жаздырып алды, - дейді ауыл тұрғыны.
Мазасыздық басталғанға дейін Марчакта 1 мыңға жуық адам тұрған. Түркіменстанның басқа аймақтарында туыстары бар кісілер көшіп кетті. Қалған тұрғындар ешқайда кете алмай, қауіпті ауылда тұрып жатыр
Жергілікті азаматтардың бастамасымен ауған жағында соғыс ушыққан жағдайда қорған болатын қабырға тұрғызылды.
Бірақ Марчак тұрғындары үкіметтен көмек ала алмайды, себебі биліктің ресми ұстанымы бойынша мұнда ешқандай проблема жоқ.
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.