Accessibility links

Түркімен газы экспортының аясы тарылды


Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) сол кездегі ирандық әріптесі Махмуд Ахмадинежадпен бірге екі ел арасындағы жаңа газ құбырын ашып тұр. Түркіменстан, 6 қаңтар 2010 жыл.
Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) сол кездегі ирандық әріптесі Махмуд Ахмадинежадпен бірге екі ел арасындағы жаңа газ құбырын ашып тұр. Түркіменстан, 6 қаңтар 2010 жыл.

Түркіменстан табиғи газ экспортын ұлғайтудан үміт үзді. Қытайға тартылады деп жоспарланған газ құбырының жобасы жүзеге аспайтын болды.

Түркіменстан-Қытай газ құбыры желісінің D тармағы Батыс Қытайды Түркіменстанмен жалғайтын бес құбырдың ішіндегі ең ірісі ғана емес, жалпы бұл елден шығатын ең ірі газ құбыры болуы тиіс еді.

D тармағы Қытайға жылына 30 миллиард текше метр газ жеткізіп тұрады деп жобаланған. Құбырдың A, B және C линиялары Өзбекстан мен Қазақстанды басып өтеді. Орталық Азияның барлық елдерін қамтығысы келген Пекин D линиясын Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арқылы тартпақ болған.

2014 жылдың өзінде-ақ Қырғызстан мен Тәжікстанда құбыр құрылысын жүргізіп, кейіннен оны бақылап отыратын Қытаймен бірлескен кәсіпорындар ашуда қиындықтар туындай бастаған. Оның үстіне құбырдың өтетін жолы бойынша да келіспеушілік болды.

Орталық Азия елдері құбырдан газ алмағанымен, транзит үшін миллиондаған доллар ақы алады.

Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-Батыс газ құбырының" бір бөлігінде станцияны ашып тұр. Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.
Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-Батыс газ құбырының" бір бөлігінде станцияны ашып тұр. Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.

2016 жылдың соңында Азаттық Қырғызстанның осы құбыр жобасына жауапты лауазымды қызметкерімен сөйлескенде, олар 2015 жылғы желтоқсаннан бері D линиясының жобасы бойынша қытайлық ресми адамдармен ешқандай кездесу болмағанын айтты.

Бірақ D линиясының жобасына алдымен Қытай мен Өзбекстан басшылығы тұсау салды. Наурыздың 2-сінде Ресейдің «РИА Новости» ақпарат агенттігі Қытай ұлттық мұнай корпорациясы мен «Узбекнефтьгаз» компаниясының құбыр құрылысының Өзбекстандағы бөлігін белгісіз мерзімге тоқтатқанын хабарлады. Бұл Түркіменстанға ауыр соққы болды. Газ сатудан түсетін пайдасы күрт азайған бұл ел қазір 25 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр.

Бұған соңғы үш жылдағы газ бағасының күрт құлдырауы ғана себеп болған жоқ. Ресей 2016 жылдың басынан бері түркімен газын импорттау жөніндегі келісім-шартты тоқтатты, ал 2017 жылдың басынан келісім-шарттағы дауға байланысты Иранға да газ сатылмай қалды.

Шатлықта "Шығыс-Батыс газ құбырын" ашу салтанаты кезінде. Түркіменстан, 31 май 2010 жыл.
Шатлықта "Шығыс-Батыс газ құбырын" ашу салтанаты кезінде. Түркіменстан, 31 май 2010 жыл.

Сөйтіп, Қытай Түркіменстанның жалғыз тұтынушысы болып қалды. Түркіменстаннан Қытайға тартылған үш газ құбыры жұмыс істеп тұр. А және В линияларының әрқайсысы жылына 15 миллиард текше метр газ тасымалдаса, С линиясы 25 миллиард текше метр көгілдір отын жөнелтеді. Бірақ бұлардың ешқайсысы әлі толық деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ.

Бұл құбырлар газ өндіретін Өзбекстан мен Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Келісім-шарт бойынша бұлар 10 миллиард текше метр газды өздері жолдан қосады. Ал Қазақстан Қытайға газ экспортын тағы да арттырғысы келетінін жариялады. Сонда Түркіменстан Қытайға бар-жоғы 35 миллиард текше метр газ сата алады.

Түркіменстандағы газ өнеркәсібіне қатысты сенімді мәліметтерді табу өте қиын. Бір деректер бойынша, бұл ел 2016 жылы Қытайға 30 миллиард текше метр газ экспорттаған. Бұл рас болса, онда құбырлармен жіберілетін газ көлемін арттыруға мүмкіндік аз. D линиясын салу кейінге қалғандықтан түркімендер енді экспорт көлемін ары кетсе 5 миллиард текше метрге дейін ғана арттыра алады.

Қытай түркімен газының 1 мың текше метріне 185 АҚШ долларын төлеп отыр делінеді. Яғни, экспортты тағы 5 миллиард текше метрге көбейткен күннің өзінде Ашғабат жылына 1 миллиард долларға жетер-жетпес пайда табады. Ал бұл елдің тұралаған экономикасын қайта көтеруге жетпейді. Оның үстіне Қытай түркімен газ өндірісін дамытып, құбыр тарту үшін бұл елге миллиардтаған доллар инвестиция салған. Қытайға газ сатудан түскен табыстың едәуір бөлігі сол қарызды жабуға кетеді.

Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Шатлықта "Шығыс-Батыс газ құбырын" ашып тұр. Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.
Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Шатлықта "Шығыс-Батыс газ құбырын" ашып тұр. Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.

Ресей Түркіменстанмен газ келісімдерін бұзған соң «Газпром» Қазақстанмен және Өзбекстанмен арада қайта шарт жасасты. Ресейдің Life News агенттігіндегі ақпаратқа қарағанда, «Газпром» қазақ және өзбек газының әр мың текше метріне 140 доллар төлеуге уағдаласқан. Агенттік дерегінше, «Газпром» мың текше метріне 240 доллар сұрағандықтан түркімен газынан бас тартқан. Демек, Қытай нарығына сатылатын газдың бағасы бойынша да Ашғабат пен Орталық Азия елдері арасында бәсеке басталуы мүмкін.

Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов елге үлкен табыс түсіретін Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАРІ) құбыры туралы жиі айтады. Бұл құбыр 33 миллиард текше метр түркімен газын тасымалдай алады. Ашғабат құбырдың өз жағындағы бөлігін салуды бастағанын айтты, бірақ бұған дәлел жоқ. Пәкістан да наурыздың басында «құбыр құрылысына кірісіп кеттік» деп мәлімдеген.

Екі ел жұмысты бастаған күннің өзінде құбырдың Ауғанстан арқылы өтетін 700 километрлік бөлігінің тағдыры қалай болатыны белгісіз. Жоба бойынша, оның біраз бөлігі қақтығыс жиі болатын аймақтар арқылы өтеді.
Бердімұхаммедов ТАРІ құбыры 2019 жылы салынып бітеді деп сеніммен айтады. Ал Пәкістан биыл қаңтарда құрылыстың кемінде бір жылға кешігіп аяқталатынын ескертті. Пәкістан өкілдері «мұның өзі – ең оптимистік болжам» дейді.

Қазір Транскаспий газ құбыры жобасы туралы ешкім жақ ашпайтын болды. Бастапқы болжамдар бойынша, мұндай құбыр Еуропаға Түркіменстаннан жылына 30 миллиард текше метр газ жеткізетін болған.

Түркіменстан оңтүстіктегі ірі тұтынушысы – Ираннан да айырылып қалатын сыңайлы. Қыс аяқталып келеді, ал түркімен газын Иранға жеткізу тоқтатылғалы Тегеран оңтүстік аймақтағы өз газын солтүстікке тарту жобасын жеделдетіп жүзеге асыра бастады. Келесі қыста Иран түркімен газын тіпті керек қылмауы да мүмкін.

Олай болса, Түркіменстан жалғыз ел – Қытайға 35 миллиард текше метр газ сатумен шектелмек. Бұл табыстың көбі қарызды жабуға жұмсалмақ.
Алдағы он жылда газ экспорттауға қатысты басқа жобалар болмайтын түрі бар. Бұл – осыдан бірнеше жыл бұрын ғана «2030 жылғы қарай газ экспортын 180 миллиард текше метрге өсіреміз» деп масаттанған президент Бердімұхаммедовке ауыр соққы.

XS
SM
MD
LG