Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласындағы шығармашылық академиясының аты-жөнін жариялағысы келмейтін оқытушысы Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісіне осы елде өтетін Азиада-2017 спорттық шарасына байланысты мұғалімердің жазғы демалысқа шықпайтынын айтты.
- Бізге еңбек демалысына арыз жазуға рұқсат берді, бірақ басшылық күнде түске дейін жұмыс орнымызды болатынымыз туралы ескертті. Біз таңертең келеміз, түске дейін жұмыста отырамыз. Ал түстен кейін біз қаладан кетіп қалмауымыз керек. Сондай нұсқау берген. Егер аяқ астынан қызметкерлерді жинау керек болса, біз келе қалуымыз керек, - дейді астаналық бір мектептің мұғалімі.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыстан шығып қалмау үшін мұғалімдер басшылық айтқан бұйрыққа бағынуға мәжбүр.
Балаларымызбен бірге теңізге барып демалу туралы жоспарларымыз күл-талқан болды.
- Балаларымызбен бірге теңізге барып демалу туралы жоспарларымыз күл-талқан болды, - дейді Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат берген мұғалім.
Мұның алдында Азиада-2017 спорттық шарасына байланысты жаңа оқу жылының мерзімі өзгертілетіні, оның шілде айында басталып, спорттық шара кезіндегі үзілістен соң қазан айында қайта жалғасатыны туралы хабарланған еді.
Ақпараттарға қарағанда, бұл жылы тек білім беру саласы қызметкерлері емес, мемлекеттік сектордағы басқа мекемелер мен кәсіпорындардың да қызметкерлері еңбек демалысына шыға алмаған.
- Әріптестеріміздің сөзіне қарағанда, маусымның 3-інен бастап мектеп оқушылары, студенттер, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері арнайы сап түзіп жүруге шығуы тиіс. Кім қай жерде тұратынын, қандай қимылдарды орындауы тиіс екенін білу үшін дайындықты алдын ала бастау қажет. Бұған қоса, мынадай қайнаған ыстықтың адамдардың денсаулығына қалай әсер ететіні белгісіз, - дейді шығармашылық академиясының оқытушысы.
Оқи отырыңыз: Түркіменстан патриоты болудың бейнеті
Азиада-2017 ойындарына дайындық аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен мектеп оқушыларының қатысуымен көпшілік шаралар басталғаны туралы ресми БАҚ хабарламайды. Бірақ жергілікті бақылаушылардың сөзінше, соңғы күндері Ашғабатта «еріктілердің» қатысуымен көптеген іс-шаралар өтіп жатқанын байқауға болады.
Түркіменстан тарихында тұңғыш өтуі тиіс ірі халықаралық спорттық шараға ел билігі бұрын-соңды болмаған ауқымда ұйымдастыру шараларын қарастырып жатыр. Астана тұрғындары мен тәуелсіз дереккөздер мәліметінше, кейінгі бірнеше ай бойы Ашғабат билігі аймақ тұрғындарының ел астанасына келіп, тұруын шектейтін бірқатар шаралар енгізген.
Түркіменстаннан тараған хабарламаларға қарағанда, биыл қыркүйекте өтуі тиіс Азия ойындарына байланысты Аваза ұлттық туристік аймағында халықтың демалуын шектелген.
Әлемнің 60-тан астам елінің спортшылары қатысатын әрі спорттың 21 түрінен өтетін жарыстар Ашғабат орталығында арнайы салынған құны 5 миллиард долларлық Олимпиада кешенінде өтеді. Бұған қоса, құны 2 миллиард 300 миллион долларға бағаланған жаңа халықаралық әуежай пайдалануға берілді.