Түркіменстанда қыркүйектің 14-і күні парламент жиыны өтіп, ел президенті Гурбангулы Бедімұхаммедов жаңа конституция жобасын таныстырды. Арнайы конституциялық комиссия екі жыл қараған, ел билігі «азаматтардың құқықтарына кепілдік береді» деп сипаттаған конституцияны парламент депутаттары бір ауыздан қолдады.
Түркіменстанның жаңадан қабылдаған конституциясындағы басты өзгерістердің бірі президенттің өкілетіне қатысты. Елде президенттік қызмет мерзімі бұған дейін 5 жыл болған еді, енді ол 7 жыл болып ұзартылды. Бір адамның неше мерзімге президент бола алары бұрынғы күйінде қалды – ешқандай шектеу жоқ. Бұған дейін 70 жастан асқан азаматтарға президенттік сайлауға түсуге рұқсат етілмеген, енді ол шектеу де алынып тасталды.
Бақылаушылардың хабарлауынша, жаңа конституциядан азаматтардың жүріп-тұру еркіндігі, сөз бостандығы сияқты баптар алынып тасталыпты. Конституция жобасы халыққа ұсынылып талқыланбаған, баспасөзде жарияланбаған.
Түркіменстанның 1992 жылы қабылданған конституциясы бұған дейін 1995, 1999, 2003 және 2008 жылдары өзгертілген.
Түркіменстанның 59 жастағы президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов 2007 және 2012 жылғы президенттік сайлауларда басым дауыспен (89,23 және 97,14 пайызбен) жеңіске жеткен. Ол бұрынғы президенттің жеке басына табыну культін әлсірететін реформалар жасаған.
Жаңа конституцияның қабылдануымен қатар тараған тағы бір ақпараттарға қарағанда, бұған дейін Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың құрметіне аталған ұлттық әуе компаниясының аты өзгертілген. Бұған дейін «Ұлы Сапармұрат Түркменбашы атындағы«Туркменховаёллары» ұлттық мемлекеттік қызметі» деп аталған компания енді «Түркіменстан-Airways» деп өзгертілген.
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының дерегінше, Гурбангулы Бердімұхаммедов қазір Түркіменстандағы барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларға жеке-дара билік жүргізеді.
Түркіменстан Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының 2016 жылға арналған «Әлемдегі бостандық» есебінде саяси және азаматтық бостандық деңгейі ең нашар елдердің бірі ретінде аталған.
Ал «Шекарасыз тілшілер» ұйымының Әлемдік ақпарат құралдары еркіндігі индексінде» Түркіменстан соңғы орындардың бірінде – 180 елдің арасында 178-орында тұр.
Бұл ел Transparency International ұйымының былтырғы жемқорлық жайлы индексінде де 168 елдің арасында 154-орында қалған.