Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың жеке басына табыну культін әлсіреткен Гурбангулы Бердімұхаммедов өзінің «ақындық, жазушылық, композиторлық және әншілік қабілетін» жариялауға құмар.
Оның жуықта шыққан «Тыныштықтың, достықтың және ағайындықтың музыкасы» деп аталатын еңбегі – биыл «жазған» алтыншы кітабы.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «еліндегі барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларға жеке-дара билік жүргізеді» деп сынайтын президенттің кітабы түркіменнің 19-20-ғасырда өмір сүрген музыканты Шүкүр-бахши туралы. Кітапты қыркүйекке дейін Ашхабадта өтетін Түркіменстан ақсақалдар кеңесінің жиынына дейін басып шығару тапсырылған.
Азаттық Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жаңа кітабының жайын Прагада тұратын түркімен жазушысы Құдайберді Халлиден сұрап білді.
Азаттық: – Президент Бердімұхаммедов жиыны қанша кітаптың авторы? Ол кітаптар не туралы?
Құдайберді Халли: – Кітап шығару дерт сияқты болды. Алдымен Сапармұрат Ниязовтан басталды. Ниязовты пайғамбарлар деңгейінде ұлықтап көтеру үшін «Рухнама» шықты.
Естуімше, бұл – Бердімұхаммедовтің 36 әлде 37-кітабы. Алдымен ол емдік өсімдіктер туралы жазды. Ғылым академияларында өсімдіктерді зерттеу бөлімдері болады ғой. Түркіменстанның ғылым академиясындағы энциклопедиялық бөлім бұл бағытта көп жұмыс істеген. Емдік шөптердің түрлерін зерттеп жинаған. Сол жиналған еңбектерді Бердымұхамедовқа берген. Сөйтіп ол емдік шөптер жайында екі том кітап шығарды. Одан соң ол түркімен жылқысы – ақалтеке туралы кітап шығарды. Шай туралы шығарды. Бақытты өмір сүру туралы кітабы жарияланды. Одан кейін атасы жайында кітабы шықты.
Азаттық: – Бұл кітаптардың түркімен әдебиеті үшін қандай да бір көркемдік құндылығы бар ма?
Құдайберді Халли: – Көркемдік құндылығы жоқ. Алайда энциклопедиялық, танымдық салмағы бар. Мәселен, емдік өсімдіктер туралы кітабын энциклопедиялық негіз ретінде пайдалануға болады. Ақалтеке туралы кітабы да терминологиялық жағынан болса да қолдануға татиды.
Азаттық: – Ал мына соңғы кітабының алдыңғы кітаптардан айырмашылығы бар ма?
Құдайберді Халли: – Бердімұхаммедовтың соңғы кітабы Шүкүр-бахши жайында. Бердімұхаммедов туған аймақтан бірнеше әйгілі халық әншілері, музыканттар шыққан. Біз оларды «бахши» дейміз.
Азаттық: – Бердімұхаммедов президент болғанға дейін кітап жазған ба?
Құдайберді Халли: – Жоқ. Оның өз атынан кітап шығарғанына бес жылдай ғана болды. 2007 жылы президент болғаннан кейін де бірден кітаптары жарияланбады. Ол тіпті алғашқы президенттік мерзімі кезінде ел алдына да көп көрінбеді. Президент болған алғашқы алты айда тіпті телевидениеге шықпады. Кейін 2012 жылы екінші рет сайланғаннан бастап шығарды.
Азаттық: – Бердімұхаммедов сіз айтып отырғандай 36-37 кітапты өзі жазды ма?
Құдайберді Халли: – Менің ойымша, өзі жазбайды. Брежнев заманындағы сияқты біреулер жазып береді. Өйткені кітап жазу – өте қиын еңбек. Өте көп уақытты алады. Бердімұхаммедовтің үлкен кітаптары түгілі, кішкентай кітап жазудың өзі – орасан еңбек. Қалай үлгеруі мүмкін. Бір жылда алты кітап жазып шықпақ түгілі, алты кітапты оқып шығудың өзі оңай емес.
Азаттық: – Бұған дейін Түркіменстанда Сапармұрат Ниязовтың «Рухнама» кітабы ұлықталды. Бір кітап болды. Ал Гурбангулы Бердімұхаммедовте көп кітап бар. Алдыңғы президенттің кітабы мен кейінгі президенттің кітаптарының айырмашылығы бар ма?
Құдайберді Халли: – Бір айырмашылығы бар. «Рухнама» мемлекеттік дәрежеде «қасиетті кітап» деп жарияланды, Құранмен қатар қойылды. АлБердімұхаммедов кітаптары әзірге мемлекеттік деңгейде олай жарияланған жоқ. Бүкіл елде таратылады, оқытылады, шығарылады. Бірақ әзірге «қасиетті, киелі» деп ресми жарияланған жоқ.
Азаттық: – Мемлекет басшысының осылайша кітап жазуынан халқына пайда бар ма?
Құдайберді Халли: – Меніңше, бұл жолмен жүре беру мүмкін емес. Егер Бердімұхаммедов өзі ғана емес, өзгелердің де кітап шығаруына мүмкіндік берсе, әлдеқайда дұрыс болар еді. Қазір түркімендер кітапқа деген құштарлықтан айырылды. Президент өз атынан кітап баса бергенше, халықтың, жастардың әдебиетке құштарлығын оятқаны әлдеқайда жақсы еді.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.