
Мұнайға бай авторитарлық ел – Әзербайжанда 20-ға жуық журналист түрмеде отыр. Бірақ олар сонда да журналистік жұмысын тоқтатпады.
Әзербайжанда 20-ға тарта журналист пен медиа қызметкер түрмеде отыр. Өздерінің айтуынша, олар журналистік жұмыс үшін жазаланған. Журналистердің кейбірі әлі темір тордың ар жағынан хабар таратады.
Азаттықтың Әзербайжан қызметі, Майя Живанович және Махир Сиамия
15 наурыз, 2025
Мұнайға бай авторитарлық ел – Әзербайжанда 20-ға жуық журналист түрмеде отыр. Бірақ олар сонда да журналистік жұмысын тоқтатпады.
“Жаңалықты қай жерден болса да табуға болады. Әсіресе барлығы құпия сақталатын абақтыда дейді Abzas Media журналистік зерттеу сайтының журналисі Елнара Гасимова. Интернет байланысы жоқ қамаудағы журналистер Азаттыққа түрмеден қалай хабар тарататынын айтып берді.
29 жастағы Гасимова “ақша жымқырды, оны заңдастырды” деген сияқты түрлі айыппен 2024 жылғы қаңтардан қамауда отыр. Ол да, абақтыдағы басқа журналистер де тағылған айыптарды жоққа шығарады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтық бостандықтарды жаныштап, пікір еркіндігін шектеп келе жатыр деп Әзербайжан үкіметін сынға алып келеді.
Әзербайжан билігі одан өзге кемі үш ақпарат құралы - Toplum TV, Meydan TV және Kanal 13 журналистерін және Азаттық тілшісі Фаруд Мехрализаданы қамауда ұстап отыр. Жақында олар BBC, VOA, Bloomberg және Ресейдік мемлекеттік «Спутник» ақпарат агенттігін аккредитациясынан айырды.
Баку баспасөзге қысым жасап отыр деген сыни пікірді жоққа шығарып келеді. Президент Илхам Әлиев 2024 жылы сәуірде Әзербайжан медиа кеңістігін "шетелдің жағымсыз ықпалынан қорғауы керек" деп мәлімдеді.
Журналистерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты жаза көзделген. Соған қарамастан қамалған журналистердің кейбірі абақтының камерасынан хабар таратып келеді. Гасимова үнсіз қала алмайтынын және маңайында не болып жатқанын түсінбегендей кейіп таныта алмайтынын айтты. Қазір ол қамаудағылардың ахуалы, оларға медициналық көмектің берілмеуі және зорлық-зомбылық туралы жазып жүр.
Азаттық сұрақтарына түрмеден жазбаша жауап берген ол изоляторға қамалғаннан соң біреу өзіне. “Сен сыртта жүргенде журналист болғансың, бұл жерде журналист емессің” дегенін айтты.
“Біз журналист қай жерде де журналист болып қала беретінін көрсеттік. Қамау орнында мұндағы құқықтардың бұзылуы, заңсыз әрекеттер, жемқорлық, зорлық-зомбылық сияқты заңсыздықты жасырып қала алмайды” деді ол.
Кейінгі есебінде, Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Әзербайжанда «түрмедегілерді азаптау және оларға зорлық көрсету фактілері кең тарағанын» атап өткен. Бұған мысал ретінде HRW Abzas Media-ның түрмеде жатқан директоры Улви Хасанлидің дерегіне сүйенеді. Журналист түрмеде азаптаудың 58 фактісін әшкерелеген.
“Бақтыдан хабар тарату үшін ең алдымен жан-жақты жіті бақылап, қырағы көзбен қарауымыз керек” деді ол. Елнара Гасимованың айтуынша, заңды білу де көп жәрдемін тигізеді. Заң талаптарын түрмедегі жағдаймен салыстыру арқылы журналист заң қалай бұзылып жатқанын біледі және оны мақалаға айналдырады. Бірақ бұл оңай жұмыс емес.
“Телефонмен әңгімеміз үнемі тыңдалады, изолятордағы ахуал туралы ақпарат бере бастасақ, байланыс бірден үзіліп кетеді” дейді Гасимова. Ол мақалаларын сыртқа қалай жіберетінін айтудан бас тартты.
Оның айтуынша, кездесуге келген туыстарына қалам, қағаз алып кіруге рұқсат берілмейді. “Оларды тартып алады” дейді Елнара.
Ол істейтін ақпарат құралының бас редакторы Севинж Вагифқызы 2023 жылы қарашада Стамбұлдан ұшып келген кезінде Баку әуежайында тұтқындалды. Ол өзі де осылай болады деп күткен еді.
Ол мұның алдында да бірнеше рет ұсталған. Еуропа одағының адам құқықтары соты 2015 жылы Севинж Вагифқызының шетелге шығуына тыйым салған Әзербайжан билігінің шешімін заңсыз деп тапқан. 35 жастағы Севинж де түрмеден хабар таратуды ұйғарған. “Біздің хабар таратуымыз қысымды күшейтіп, аңдуды да арттырғанымен, қамаудағы басқа адамдардың өміріне жақсы өзгеріс әкеледі” деді ол Азаттыққа жазған хатында.
Abzas Media жариялаған материалдар арқасында түрме басшылығы абьюзив әрекеттері әшкере болып қалады деп, онысын азайтқан дейді Вагифқызы.
Оның айтуынша, журналистер қамаудағыларға арналған гигигена заттары мен киім-кешек бір жыл бойы берілмегенін хабарлағаннан соң қамаудағыларға қажет заттарды таратып берген. Журналистердің айтуынша, билік олардың түрмеден хабар таратып отырғанын біледі.
“Олар түрлі жолмен аузымызды жапқысы келеді. Бірақ олардың әрекеттері өзіміз жазу керек деп тапқан нәрселерді жазуымызға кедергі жасай алмайды” дейді Елнара Гасимова.
Азаттықтың Әзербайжан қызметі және Майя Живанович
Махир Сиамия
Войтек Гройец