Accessibility links

Осетин тілі жойылуға шақ тұр


Грузиядан бөлінген Оңтүстік Осетия шекарасындағы көрсеткіш жазу.
Грузиядан бөлінген Оңтүстік Осетия шекарасындағы көрсеткіш жазу.

Осетин тілін сақтап қалуға тырысып жатқандардың еңбегі еш кетуі мүмкін. Бұл тілдегі екі диалектіге де толық жойылып кету қаупі төніп тұр.

Грузиядан «тәуелсіздігін» жариялаған Оңтүстік Осетияда да, Ресейдің құрамындағы Солтүстік Осетияда да осетин тілінің екі вариантын жандандыруға деген талпыныс еш нәтиже берер емес, ал тілді дамытуға кедергі келтірер проблема көп.

Бұрыннан жалғасып келе жатқан диалектілер арасындағы тайталас, Совет өкіметінің білім саласында жіберген олқылықтары, осетин тілінің қоғамдағы орнына қатысты қарама-қайшы пікірлер – осының барлығы Оңтүстік және Солтүстік Осетия арасындағы тілге қатысты ынтымақтастыққа кедергі келтіріп отыр.

Соңғы оншақты жыл көлемінде Ресей құрамындағы Солтүстік Осетия-Алания Республикасында да, Грузияның құрамындағы өзін «тәуелсіз» деп жариялаған, бірақ әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалмаған Оңтүстік Осетия аймағында да осетин тілінде сөйлейтін адамдардың саны күннен күнге азайып бара жатқаны туралы алаңдаушылық үнемі айтылып келеді.

2009 жылы ЮНЕСКО осетин тілін жойылу қаупі төніп тұрған тілдер қатарына қосты. Бұл ұйым әлемдегі ондай тілдерді төрт санатқа бөліп қарастырады, осетин тілі солардың арасында «халі ең мүшкіл» деген бірінші санатқа жатқызылған.

БІР ТІЛ, ЕКІ ДИАЛЕКТ

Ең қиыны – жоғарыда аталған шағын екі аймақтың халқы осетин тілінің екі түрлі диалектісінде сөйлейді, бұл олардың бір-бірімен араласуына кедергі келтіріп қана қоймай, осы тілді құтқару ісіне қосымша қиындық тигізіп отыр.

Осетин тілі – Үнді-Еуропа тілдер тобының Үнді-Иран тармағына жатады, соңғы мәліметтер бойынша, осетин тілінде 500 мыңға жуық адам сөйлейді.

Оңтүстік Осетияда Жеңіс күні мерекелік шарада тұрған балалар. Цхинвали, 9 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Осетияда Жеңіс күні мерекелік шарада тұрған балалар. Цхинвали, 9 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Осетин тілінің «ирон» диалектісі Солтүстік Осетия-Аланияның батысы мен көршілес Кабардин-Балқар өлкесінде таралған болса, «дигор» диалектісі Солтүстік Осетияның шығысы мен Оңтүстік Осетияда қолданылады. Болжам бойынша, иронша сөйлейтіндердің саны дигорша сөйлейтіндерден бес есе көп. Солтүстік Осетияда 460 мың, ал Оңтүстік Осетияда 50 мыңдай адам тұратынын ескерсек, бұл үлес екі аймақтағы халық санымен де шамалас келеді.

1970-1980 жылдары Оңтүстік Осетия Грузияның автономиялық облысы болып тұрған тұста мектептерде осетин тілі оқытылмаған. Екі аймақ арасында тілдік алшақтықтың пайда болуына осы жайт та ықпал еткен.

Екі диалект арасында біршама айырмашылық бар, тіпті кейде екі диалектіде сөйлейтіндер бір-бірін түсінбеуі де мүмкін. Мәселен, дигор диалектісінде бар 2500 сөз ирон диалектісінде мүлде кездеспейді. 1937 жылға дейін дигор тілі мүлде бөлек тіл болып саналып келген. Солтүстік Осетияның кейбір ғалымдары әлі күнге дейін осы көзқарасты қолдайды.

Ғалым Аслан Докаевтың айтуынша, ирон және дигор диалектілерінің арасындағы фонетикалық, морфологиялық және лексикалық айырмашылық шешен және ингуш тілдерінің арасындағы айырмашылықтан да көп. Солтүстік Осетияның конституциясында осетин тілінің екі диалектісі де республиканың мемлекеттік тілі деп жазылған. Алайда, белгілі бір себептермен Ресей федерациясы құрамындағы республиканың парламенті 2005 жылы дайын болған мемлекеттік тіл туралы заңды әлі күнге бекітпей келеді. Солтүстік Осетияның мемлекеттік телеарнасы осыдан төрт жыл бұрын ғана дигор тілінде алғашқы хабарын ашқан.

2010 жылы бүкіл Ресей аумағында жүргізілген санақ нәтижесі бойынша, сол кезде Солтүстік Осетияда 459 мың 688 осетин тұрған екен. Олардың 455 мың 328-і «осетин тілін білеміз» деп көрсеткен.

Дегенмен, республика астанасы – Владикавказ қаласында былтыр журналистер өткізген бейресми сауалнамадан соң ресми статистикаға сенім азайды. Көшелерде жүргізген сауалнама барысында жауап бергендердің (олардың саны көрсетілмеген) 36 пайызы осетин тілін еркін меңгергенін, 32 пайызы «жақсы сөйлейтіндерін», ал 11 пайызы нашар білетінін айтқан. Бірақ, журналистер «еркін сөйлеймін» дегендерге осетин тілінде сұрақтар қоя бастағанда, олардың біразы ана тілінде жауап бере алмай, кібіртіктеп қалған.

ТІЛДІ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

Екі ұрпақ ауысқан соң тілдің жойылып кетуі мүмкін екенін түсінген Солтүстік Осетия билігі жастар арасында осетин тілін насихаттау мақсатында 2008-2012 және 2013-2015 жылдарға арналған екі бірдей бағдарлама қабылдаған. Елдегі аға буын өкілдерінің көбі осетин тілінде жақсы сөйлей алмайды, сондықтан олар жастарға тілді үйретуге қауқарсыз.

Қазіргі уақытта балабақшалар мен мектептердің барлығында осетин тілі міндетті пән ретінде оқытылады. Іріктелген мектептерде сабақтарды түгелдей осетин тілінде өткізу мақсатында оқулықтар әзірленіп жатыр.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңінде осетин тілін интернет тілі етуге талпыныс жасалды. Бірақ, осетин тілінде көп қолданылатын дауысты æ әрпіне қатысты қиындық бар, кириллицада бұл таңба кездеспейді. Филолог Тамерлан Камболовтың айтуынша, Ресейдің басқа аймақтарындағы сияқты Солтүстік Осетияда да көбінесе Microsoft компаниясының операциялық жүйесіне негізделген компьютерлік бағдарлама қолданылады, ал оларда осетин тіліне лайықталған қаріптер жоқ. Осетин әліпбиінің барлық ерекшеліктерін ескеретін комьютерлік бағдарламалар қосу туралы ресми өтінішті тек Ресей үкіметі ғана бере алады. Қазіргі уақытта осетин тіліндегі материалдарда æ дыбысын белгілеу үшін басқа бір қаріп қолданылып жүр. Мәселен, Ræstdzinad (Ақиқат) басылымы осылай істейді.

РЕСЕЙГЕ КІРІПТАРЛЫҚ

Оңтүстік Осетия да осетин тілін қолдану аясын кеңейту жөнінде бағдарлама қабылдаған, олар да тілді оқытуда балабақшаларға көбірек көңіл бөледі. Осетин сөздігінің үшінші томын шығару, осетин тілінде ток-шоу бағдарламасын ашу бастамалары қаражат тапшылығынан әлі жүзеге аспай жатыр.

2008 жылғы тамыздағы Ресей-Грузия соғысынан соң Мәскеу Оңтүстік Осетияны дербес мемлекет деп таныған. Содан бері бұл аймақ Ресейден бөлінетін көмек қаражатқа тәуелді болып қалған.

Биылғы наурыз айында Ресей Федерациясы мен Оңтүстік Осетия Республикасы қол қойған Одақтастық және интеграция келісіміне сәйкес Ресей Оңтүстік Осетия аймағында орыс және осетин тілдерін дамытуға көмектесетін болып келісілген. Оңтүстік Осетияның конституциясында екі тіл мемлекеттік тіл болып бекітілген.

Оңтүстік пен солтүстік арасындағы тілдік интеграцияға кедергі келтіріп отырған басты мәселе – екі халықтың бөлек екі диалектіде сөйлеуі. Солтүстік Осетия тілді жандандыру ісінде дигор диалектісіне көбірек назар салмаса, бұл диалект шынымен жойылып кетуі әбден мүмкін.

Лиз Фуллердің материалын ағылшыннан аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG