Accessibility links

Путин мен Янукович Кеден Одағын талқыламады


Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, Ресей-Украина мемлекетаралық комиссиясы отырысы, 17 желтоқсан 2013 жыл.
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, Ресей-Украина мемлекетаралық комиссиясы отырысы, 17 желтоқсан 2013 жыл.

Ресей Украинаға 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз беретін болды, газды да арзанға сатуға келісті. Ал Киевтегі шерушілер бұл "жомарттықтың" себебін білгісі келеді.

Екі мемлекет басшысы Владимир Путин мен Виктор Януковичтің төрағалығымен өткен Ресей-Украина мемлекетаралық комиссиясы отырысында Ресей Украинаға газдың мың текше метрін 268,5 долларға - арзандатылған бағамен сататын болып келісті.

«УАҚЫТША ШЕШІМ»

Қазір Ресей газының әр мың текше метрін Украина 410 доллардан сатып алып отыр. Екіжақты келісімге сәйкес, Украина өзінің мемлекеттік бағалы қағаздарын Мәскеуге сатып, Ресейдің ұлттық әл-ауқат қорынан 15 миллиард доллар несие алатын болды. Тараптардың мәлімдеуінше, Мәскеуде Кеден Одағы тақырыбы талқыланбаған.

"Газпром" компаниясының Ресей-Украина шекарасы маңындағы газ құбыры.
"Газпром" компаниясының Ресей-Украина шекарасы маңындағы газ құбыры.
Украина үкіметінің вице-премьері Юрий Бойконың айтуынша, Украина 2014 жылы қаңтардың 1-інен бастап Ресей газын жаңа бағамен сатып ала бастайды. Ал Владимир Путин «Біз мұны уақытша шешім деп есептейміз. Ал Украина мен Еуропадағы тұтынушыларымызды үздіксіз транзитпен қамтамасыз етуге қатысты келісімдер бөлек жасалатын болады» деп мәлімдеді.

Отырыс басталар алдында Путин мен Янукович соңғы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымы азайып кеткенін айтты. Путиннің айтуынша, ол өткен жылы 11 пайызға, биыл 14,5 пайызға кеміген.

Бұл келіссөздерге дейін «Киев Ресейден 15 миллиард доллар несие алуды жоспарлап отыр екен» деген сөз шыққан. Кездесуде Украина бұл ақшаны өзінің мемлекеттік бағалы қағаздарын Ресейге сату арқылы алатын болып шешілді. Ресей үкіметі бұл ақшаны ұлттық әл-ауқат қорынан бөлетін болды. Жуырда Еуропа Одағы 20 миллиард доллар несие сұраған Украинаның өтінішін орындаудан бас тартқан еді.

«ПУТИННІҢ ЕРІК-ЖІГЕРІ»

Екі елдің арасындағы сауданы реттеудің 2013-2014 жылдарға арналған жоспарына да қол қойылды. Владимир Путиннің айтуынша, бұл жоспар екі елдің арасындағы тауар айналымын қалпына келтіреді. Виктор Янукович көп ұзамай Украина мен Ресей ұшақ жасау, кеме жасау және атом энергетикасы сияқты бірнеше өнеркәсіп салалары бойынша ынтымақтастықты қалпына келтіреді деп үміттенеді. Ол Хмельницкий АЭС-інің 3 және 4-энергоблоктары құрылысын аяқтап, "Ан-70" ұшағын жасап шығару қажеттігін де атап өтті.

Янукович қорытынды баспасөз жиынында «Ресей президенті Владимир Владимирович Путиннің саяси ерік-жігерінсіз Киев пен Мәскеу арасындағы бұл келісімге қол жеткізу мүмкін болмас еді» деп мәлімдеді.

Киев орталығындағы Тәуелсіздік алаңы. 17 желтоқсан 2013 жыл.
Киев орталығындағы Тәуелсіздік алаңы. 17 желтоқсан 2013 жыл.
Украина оппозициясы сейсенбі күні кешкісін тәуелсіздік алаңына тағы бір «халық құрылтайын» («народное вече» - ред.) өткізді. Оппозиция жетекшілері Виктор Януковичтен Мәскеу келісім-шарттары туралы толық ақпарат беруін талап етті. Олар Януковичтен «бұл келіссөздер Украинаның Ресей, Беларусь және Қазақстан құрған Кеден Одағына кіруге жасаған алғашқы қадамы емес пе?» деген сұраққа жауап күтеді.

УДАР партиясы фракциясының жетекшісі, боксшы Виталий Кличко Майданда «Янукович елдің ұшақ жасау, машина жасау сияқты стратегиялық кәсіпорындарын кепілге қойып, Ресейден 15 миллиард доллар несие алу туралы келісім-шартқа қол қойды. Газ тасымалдау жүйесі де кепілге қойылған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Ал парламенттегі «Батькивщина» фракциясы жетекшісі Арсений Яценюк «Ресей газ бағасын арзандатты, енді украиндар Януковичтен тұрғын-үй коммуналдық қызмет тарифтерін 30 пайызға арзандатуды талап етуі тиіс» деді.

Яценюктің айтуынша, Мәскеуде қол қойылған құжаттар бекітілу үшін Жоғарғы Рада (Украина парламенті - ред.) талқылауына ұсынылуы тиіс. Саясаткер «Егер бұл келісімдер антиеуропалық сипатта болса, оппозиция оны ратификациялауға жол бермейді» деп мәлімдеді.

«КЕДЕН ОДАҒЫ ТУРАЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАҒАН ЖОҚПЫЗ»

Януковичпен кездескеннен кейін Владимир Путин Украинаның Кеден Одағына кіру мәселесі талқыланбағанын, ал ұлттық әл-ауқат қорынан Украинаға ешқандай қосымша талапсыз ақша бөлінетінін айтты.

Ресей президенті «Мұның арзандауға да, қымбаттауға да, әлеуметтік стандарттарды - зейнетақы, жәрдемақы немесе басқа шығындарды қысқарту немесе тоқтату сияқты әлдебір шарттарға қатысы жоқ. Бәріңізге айтарым: бүгін біз Украинаның Кеден Одағына қосылуы туралы мәселені мүлде қозғаған жоқпыз» деп мәлімдеді Ресей президенті.

"Еуромайдан" акциясына шыққан Украина тұрғыны президент Виктор Янукович (сол жақта) және премьер-министр Николай Азаровтың темір торға қамалғаны салынған сурет ұстап тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
"Еуромайдан" акциясына шыққан Украина тұрғыны президент Виктор Янукович (сол жақта) және премьер-министр Николай Азаровтың темір торға қамалғаны салынған сурет ұстап тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Бірақ оппозиция «Николай Азаров үкіметі отставкаға кетсін!» деген талап қойып отыр. Парламенттегі «Батькивщина» фракциясы депутаты Владимир Яворивский сейсенбі күні Раданың атынан Азаровты қызметінен босату туралы президентке үндеу жобасын тіркеді. Желтоқсанның 3-і күні парламент министрлер кабинетіне сенімсіздік таныту туралы резолюцияны қолдамай қойған еді. Енді Рада регламентіне сәйкес бұл мәселе келесі жылдың ақпан айында ғана қаралуы мүмкін.

Оппозиция зейнетақы жасына жетті деген уәжбен үкімет басшысының қызметінен кетуін талап етеді. Желтоқсанның 17-сі күні Николай Азаров 66 жасқа толды, ал оппозиция премьер-министрді қызметінен босату туралы Януковичке үндеу жариялау үшін жеткілікті қол жинауға тырысып жатыр.

ШЕРУДІ ТАРАТУ ТУРАЛЫ АРЫЗ ҚАҢТАРДЫҢ АЯҒЫНА ҚАЛДЫ

Желтоқсанның 16-сы күні премьер биліктегі «Аймақтар партиясы» депутаттарымен жабық кездесу өткізді. Оған қатысушылардың айтуынша, парламенттегі көпшілік орынға ие болып отырған партия өкілдері Азаровтан «үкіметті 90 пайыз қайта жасақтауды» талап етіп, экономикалық блок мәселелеріне жауапты министрлерді сынаған. Президент айналасындағы адамдар 7-8 министрдің көп ұзамай қызметінен кететінін болжайды. Олардың ішінде сыртқы істер министрлігі басшысы Леонид Кожара да бар. Бірақ Николай Азаровтың қазір отставкаға кетуі екіталай.

Жоғарғы Раданың сейсенбі күнгі отырысы бірнеше минутқа ғана созылды. Трибунаны басып алған оппозициялық депутаттар «министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы талаптарымыз орындалғанша трибунаны босатпаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ оппозиция жетекшілері «егер келесі жылдың бюджетін уақытында бекіту қажеттігі туса, акцияны тоқтата тұруға» уәде берді.

Украина президенті Виктор Януковичтің жақтастары митинг кезінде отқа жылынып отыр. Киев, 17 желтоқсан 2013 жыл.
Украина президенті Виктор Януковичтің жақтастары митинг кезінде отқа жылынып отыр. Киев, 17 желтоқсан 2013 жыл.
Сейсенбі күні Киевтегі Тәуілсіздік алаңында тұрған бес мыңға жуық шеруші Украинаның ішкі істер министрлігі (ІІМ), бас прокуратурасы мен ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі ғимараттарының алдына келді. Олар қарашаның 30-ы күні еуромайданды күшпен таратуды ұйымдастырушылар - қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Клюев пен ІІМ басшысы Виталий Захарченконы жауапқа тартуды талап етті.

Киев қаласының Печерский соты Киев орталығын полиция қоршауына алу туралы талап-арызды қарауды келесі жылдың қаңтарының аяғына қалдырды. Мұндай талап-арызды сотқа Киев қалалық кеңесі түсірген еді. Енді алаңдағы шерушілер лагерін бұзу туралы сот шешімі қаңтардың соңына дейін шықпайтын болды.

Мақала авторлары - Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Владимир Ивахненко мен Иван Трефилов.
XS
SM
MD
LG