Accessibility links

Шотландия тәуелсіздік алуға ұмтылып жатыр


Шотландия үкіметінің басшысы, Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмонд
Шотландия үкіметінің басшысы, Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмонд

Шотландиялықтарға «Біріккен корольдіктен тәуелсіздік алғыларың келе ме?» деп сұрайтын күн тақап қалды. Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Камерон Шотландияның үкімет басшысы Алекс Салмондпен кездесіп қайтты. 2014 жылы Шотландияда өтуі тиіс референдумға қатысты екі жақтың көзқарасы екі түрлі екені тағы бір байқалды.


Ақпанның 16-сы күнгі Эдинбургта өткен келіссөз тағы да нәтижесіз аяқталды. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Камерон Шотландияның Біріккен корольдіктен бөлініп, тәуелсіз елге айналуы өте өкінішті жайт болар еді деп есептейді.

Ал Шотландия үкіметінің бірінші министрі (басшысы) Алекс Салмонд шотландиялықтар алданып қалмауы тиіс, елге көбірек тәуелсіздік берілуі қажет деген көзқарасын өзгерткен жоқ.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Камерон Шотландиядағы жұмыс сапары кезінде. Саут-Квинсферри, 16 ақпан 2012 жыл
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Камерон Шотландиядағы жұмыс сапары кезінде. Саут-Квинсферри, 16 ақпан 2012 жыл

Еуропада жаңа мемлекеттің пайда болуы Ұлыбританияға, Еуропа Одағына және осы құрлықтағы автономиясы үшін күресіп жатқан басқа да аймақтарға қалай әсер етуі мүмкін?

ШОТЛАНДИЯ ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН ДАУЫС БЕРЕ МЕ?

Ұзақ уақыт бойы шотландиялықтардың басым көпшілігі корольдіктің құрамында қалғанды дұрыс көріп келген еді. Алайда соңғы апталардағы әлеуметтік сауалнамалар бұған қатысты екі түрлі пікір иелерінің теңесіп тұрғанын көрсетті.

Көп мәселе 2014 жылы өтеді деп жоспарланған референдумда айқын болады. Ұлыбритания үкіметі Шотландияның референдум кезінде бір одақта қала беру туралы жалғыз сауалға «иә» немесе «жоқ» деп жауап бергенін қалайды. Ал Шотландияның деволюциялық, яғни өтпелі автономиялық үкіметі (негізінен Шотланд ұлттық партиясының (ШҰП) мүшелерінен құралған) екі түрлі мәселені қатар көтергісі келеді.

Біріншісі тәуелсіздік алу туралы, ал екіншісі - Біріккен Корольдіктің құрамында қала берген жағдайда Шотландияға көбірек билік беріле ме деген сұрақ.

ШҰП мүшелері сонымен бірге референдумға 16 мен 17 жас аралығындағы жастар да қатыссын деген талап қойды. Заң бойынша сайлауға 18 жасқа толған азаматтар ғана қатыса алады. Жастар жағы жаппай тәуелсіз болуға бейіл.

ШОТЛАНДИЯНЫҢ БӨЛІНУІ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Алайда бұл процесс шартты түрде ғана бөліну болатын сияқты. Шотландиялықтар ІІ Елизаветаны мемлекеттерінің басшысы ретінде мойындап, ұлыбританиялық фунт стерлингті ұлттық валютасы ретінде қалдырмақ. Бірақ бұдан бөлек Шотландияның терең су бассейндерінде орналасқан Ұлыбритания армиясының атом сүңгуір қайықтарының болашағына қатысты күрделірек мәселелер тағы бар.
Шотландия үкімет басшысының орынбасары Николя Стургеон (сол жақтан бірінші). Глазго, 25 шілде 2008 жыл
Шотландия үкімет басшысының орынбасары Николя Стургеон (сол жақтан бірінші). Глазго, 25 шілде 2008 жыл

Шотландия үкімет басшысының орынбасары Николя Стургеон: «Біз шотланд жерінде атом сүңгуір қайықтарының тұрғанын қаламаймыз. Шотландия тәуелсіз ел болғанда олар мұнда тұрмас еді. Халықтың басым көпшілігі тәуелсіздік үшін дауыс беруді өз жерінде және территориалды суларында тұрған жаппай қырып-жою қаруларынан арылудың жолы деп біледі» дейді.

Тіпті солай бола қалған күннің өзінде де атом сүңгуір қайықтарын басқа жаққа көшіру біраз уақыт алып, Лондонның атом қарулары шет елде сақтала ма деген мәселе туғызар еді.

ТӘУЕЛСІЗ ШОТЛАНДИЯ БІРДЕН ЕО МҮШЕСІНЕ АЙНАЛА МА?

Бұрын соңды ЕО тарихында мұндай оқиға кездеспегендіктен одақ шарттарында қайсыбір мемлекеттің бір бөлшегі тәуелсіздік ала қалса не істеу керектігі туралы анық шешім жоқ.

Кейбіреулер Шотландия Біріккен корольдік билігіне мұрагер ел болғандықтан ол Еуропа Одағына кіріп жатса, корольдіктің қалған бөліктері де ЕО-ға қосылу үшін қайтадан арыз беруі керек деп уәж айтады.
Шотландияның туы
Шотландияның туы

ШҰП-тан сайланған Еуропарламенттің мүшесі Алин Смиттің айтуынша, Шотландия Брюссельмен Еуропарламенттегі шотландиялық депутаттардың саны мен ЕО-дағы Шотландияның арнайы өкілінің қызметін бекітіп, жаңа мемлекеттің дауыс беру құқығы деген сияқты біраз мәселені реттеп алған соң автоматты түрде одақ мүшесі болып шыға келеді.

«Бұл мәселеге қатысты қарым-қатынасымызды өзгертеміз. Біз пойыздың екінші класты вагонынан бірінші класты вагонына қарай ұмтылып жатырмыз. Бар болғаны сол ғана» дейді ол.

Алайда енді біреулер Шотландия ЕО-ға кандидат басқа елдер сияқты одаққа кіру алдында бірқатар процедураларды орындауы керек деп есептейді. Бірақ Шотландия ЕО-ға қайта кіруге өтініш бермес бұрын ЕО-ны тастап шығуы қажет пе деген (өйткені бұл ел Ұлыбританияның бір бөлігі ретінде қазірдің өзінде ЕО мүшесі ғой) тағы бір сауал туады.

ТӘУЕЛСІЗ ШОТЛАНДИЯ ЕУРОНЫ ҚАБЫЛДАУҒА МӘЖБҮР БОЛА МА?

Шотландия Біріккен корольдіктің мұрагер мемлекеті болса, онда Ұлыбританияның ортақ валютадан (еуродан) қашқан саясатын ұстануына тура келеді.

Ал Еуропа Одағына кіріп жатқан жаңа мүше елдер бір уақытта ортақ валютаны қабылдауы тиіс. Бұл қарама-қайшылықтың болашақта қалай реттелетіні түсініксіз.

Осы арада Швецияның үлгісі еске түседі. Швеция да болашақта еуроға өтеміз деп уәде берген. Алайда 2003 жылы референдум өткізіп, еуродан шет қалды. Қазірге дейін солай жалғасып келеді.

ЕО-НЫҢ БАСҚА МҮШЕЛЕРІ ШОТЛАНДИЯНЫ МАҚҰЛ КӨРЕ МЕ?

Брюссельдегі Еуропалық саясат орталығы атты ұйымның өкілі Фабиян Зулиг Шотландияның тәуелсіздігі онсыз да кейбір аймақтары бөлінгісі кеп отырған Испанияға сияқты елдерге қауіп төндіреді деп санайды.

«Бұл үлгінің ЕО-ның ішінде басқалар үшін позитивті прецедентке айнала қоюына қатысты біраз алаң бар. Сондықтан да, меніңше, шотландиялықтар ЕО ішіндегі саяси ахуалға теріс әсер етпейтін жайлы әріптеске айналатындарын және өздеріне ғана тән ерекше жағдай бойынша мүшелікке өтетіндерін айтып, басқаларды сендіруі тиіс» дейді ол.

(Мақаланы қазақ тіліне тәржіме еткен Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG