Украина президенті Владимир Зеленский елтаңбаның күрделенген нұсқасы парламент мақұлдауынан тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін өтуі керек дейді.
29 маусым күні президент Зеленский Жоғарғы радаға Украина елтаңбасын жаңарту туралы заң жобасын өткізгенін айтты. Парламент мақұлдауынан өтсе, Украинада күрделенген жаңа елтаңба болмақ. Осы күнге дейін елде ресми түрде көк матаға салынған сары түсті үш ашалы айыр қолданылып келген. Ел арасында оны кіші герб деп атайды.
Осылайша Украина екі елтаңбасы санаулы елдер қатарына қосылуы мүмкін. Бірі негізгі елтаңба болып, бірі оны ықшамдалған нұсқасы болмақ.
Зеленский ұсынған (жоғарыда тұрған суреттегі) нұсқа 2020 жылы өткен "кәсіби қазылар" қатысқан байқаудың жеңімпазы атанған. Үлкейтілген герб нұсқасының ортасында қазіргі қолданыстағы кіші герб бейнеленген. Ұсынылып отырған елтаңба кескіні конституцияда көрсетілген талапқа сай келеді, бірақ оны осы күйінде қабылдауға болмайды, кей жерін өзгерту керек дейтіндер бар. Сыншылар Украина туының аяқасты болғанын, періштенің ақ шұлықпен бейнеленгенін айтады.
28 маусым күні Украина президенті тәуелсіздік жылдарында ұлттық елтаңба жөнінде талай байқаудың, дау-дамайдың, түрлі пікірдің болғанын айтты.
"Бұл – қалыпты жағдай. Демократия деген осы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында және конституцияның 25 жылдығында бұл мәселеге нүкте қоюымыз керек" деді Зеленский.
Қазіргі кіші гербтағы үш ашалы айырдың нені білдіретіні анық емес. Бірақ оны ең кемі мың жыл бұрын, Киев Русін билеген князь Владимир кезінен қолданыла бастаған.
1918 жылы үш ашалы айыр санаулы жыл өмір сүрген тәуелсіз Украинаның (1917-1920 жылдардағы Украина халық республикасы, кейін елде большевиктер билігі орнады) символы болған.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үш ашалы айыр советтерге қарсы нацистер жағында соғысқан ұлтшыл топтардың эмблемасы болған. Олар немістерге Украинаны басып алуға көмектескен.
Украина 1991 жылы Совет одағынан тәуелсіздік алған соң, СССР-дің балға мен орағы көк матада сары түспен бейнеленген үш ашалы айырмен алмастырылды. Содан бері "үлкен" елтаңбаны қабылдау жөнінде бірнеше талпыныс жасалды, бірақ одан ешнәрсе шықпады.
Украиндардың кейбірі үш ашалы айырды 30 қолданғаннан кейін конституциядағы үлкен елтаңба болуы керек деген талапты орындамауға да болар еді дейді. Тарихшы Александр Зинченко Азаттықтың Украин қызметіне үш ашалы айырдың "әлемдегі біртума эмблемалардың бірі" екенін айтты.
"Қарапайым, минималистік [герб] тұрғанда, оны күрделендірудің қажеті не?" дейді ол.
ПІКІРЛЕР