Украина әскері алғаш рет британдық Storm Shadow ракеталарын Ресейге қарсы шабуылда пайдаланған болуы мүмкін. Бұл жөнінде Bloomberg, сонымен бірге британдық The Guardian және BBC ақпарат агенттіктері хабарлады.
Ақпарат құралдары ракеталардың нені нысанаға алғанын нақты жазбаған. Алайда болжам бойынша, нысаналардың арасында Курск облысындағы Ресей президент ісі жөніндегі басқармаға тиесілі санаторий да бар болуы мүмкін. Ондағы жертөледе Ресей әскерінің командалық пункті орналасқан деп айтылады, солтүстіккореялық әскерилер де сонда болуы мүмкін деп жазды украиналық Defense Express басылымы.
Ұлыбритания билігі әзірге ақпаратты растаған жоқ, терістеген де жоқ. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Тhe Guardian басылымына берген сұхбатында шұғыл сұрақтарға түсініктеме бермейтінін айтқан.
- Бұған дейін британдық басылымдар Лондон Украинаға ракетаның аталған түрімен Ресей аумағына соққы жасауға бейресми түрде рұқсат бергенін жазған. Осыған дейін жеткізілген Storm Shadow ракеталарын Украина қарулы күштері Ресей басып алған украин аймақтарында пайдаланған.
- Осы апта басында АҚШ өзінің баллистикалық ATACMS ракеталарымен Ресей аумағына соққы жасауға рұқсат бергені жөнінде ақпарат пайда болған. Ресей қорғаныс министрлігі сейсенбіге қараған түні Брянск облысындағы нысандарға осындай алты ракетамен соққы жасалғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР