24 ақпанда Ресей Украинаға таң атпай шабуыл жасаған еді. Содан бері Қытай Ресейден бойын аулақ ұстауға тырысып, Мәскеуді қолдайтынын ашық білдірген жоқ.
4 ақпанда Пекин олимпиадасы кезінде Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин кездесіп, екі елдің байланысы нығая түсті. Бұл кездесуде олар арнайы стратегиялық құжат қабылдап, "шексіз әріптестік" орнататынын айтқан еді.
Бірақ бір ай бұрын басталған Украинадағы соғыс екі елдің әріптестігіне сынақ болғандай.
Батыс салған санкциялар Ресей экономикасын құлдыратып, Мәскеу бұрын-соңды болмаған халықаралық қысымға ұшырады. Пекин Мәскеуге саяси немесе экономикалық көмек көрсетуден қашқақтағанымен, елдегі мемлекеттік баспасөз құралдары Ресейдің сөзін сөйлеп жатыр.
Бұл жағдайдан соң Батыс Қытайдың екіұшты рөліне көбірек назар аудара бастады. 24 наурызда АҚШ президенті Джо Байден төрт күнге Еуропаға барғанда да осы мәселе күн тәртібінде болатыны болжанып отыр.
НАТО, "Үлкен жетілік" пен Еуропа кеңесінің саммиттері мен кездесулерінде Джо Байден Украинаға шабуыл жасаған Ресейге ғана емес, 1 сәуірде өтетін Еуроодақ пен Си Цзиньпин саммитіне дейін Қытайға да қысым көрсетуді ұсынған.
Вашингтон Пекинге Ресейге материалдық көмек бермеу жөнінде ескертті. Ал Еуропа лидерлері Қытайға қысым көрсетіп, оның қанды соғысты тоқтату үшін араағайын болуға көндіргісі келеді.
Украинадағы соғыс Қытай мен Ресейдің нығайып келе жатқан әріптестігін қалай өзгертеді? Азаттық алты сарапшымен тілдесіп, олардан соғыстың бір айы Пекин мен Мәскеу әріптестігі жайлы нендей мәлімет бергенін, бұл байланыстың енді қайда бағыт алатынын сұрап көрді.
"СИ МЕН ПУТИННІҢ ӘРІПТЕСТІГІ ҚҰЛДЫРАУ АЛДЫНДА ТҰР"
Стив Цанг, Лондон SOAS университеті Қытай институтының директоры
Ресейдің Украинаға шабуылы Қытай мен Си Цзиньпиннің төбесіне жай түсіргендей болды. Шабуылдың өзі емес, оның қандай амалмен жасалғаны десек дұрысырақ болады.
Авторитарлы жүйенің басымдығына шынымен сенетін Си Циньпин Ресей "хирургиялық" шабуыл жасайды деп сенді. Путин Киевке қысым көрсетіп, дегеніне жетеді, осылайша Қытайдың Украинамен байланысына еш әсер етпейді деп ойлады.
Ресейдің сәтсіздігі Қытай мүддесіне әлі де кесірін тигізіп, Қытайдың Путин мен Ресейге деген құрметін де әлсіретіп жатыр.
Ресейдің басқыншылығы бейберекетсіздікке ұласқанда, Қытай сол сәтті пайдаланып, араағайын бола алатын еді.
Си Цзиньпин Путинді соғысты тоқтатуға көндірсе, оның беделі артар еді. Қытай тағы да ұлы көріне бастар еді. Тіпті, оның жолы болмаған күннің өзінде, Пекин сол талпынысы үшін де әлем елдерінің алғысын алар еді. Бірақ Қытай бейтарап екенін, шиеленістің жылдам тоқтағанына мүдделі екенін айтса да, [араағайын болуға] тырысып та көрмеді. Қытай дипломаттары бұл амалдың құнды екенін біледі, бірақ Си Цзиньпиннің алдын орай алмайды.
Шын мәнінде Қытай саясаты Си Цзиньпиннің қолында және ол Путинді қолдайды. Егер ол Ленин ізбасарының жеңілуіне мүмкіндік берсе, бұл оның Қытайдағы билігіне де қауіп төндіруі мүмкін. Си Цзиньпин Путиннің әлемді авторитаризм үшін қауіпсіз ету және АҚШ-тың жаһандық үстемдігіне қарсы шығу талпынысын қолдайды. Бұл Қытайдың Украинада конструктивті рөл атқармайтынын көрсетеді. Си Қытай немесе әлем үшін ненің жақсы екеніне емес, өзінің мүддесіне басымдық береді.
"ҚЫТАЙДЫҢ СӨЗІНЕ ЕМЕС, ӘРЕКЕТІНЕ СЕНУ КЕРЕК"
Райан Хасс, Вашингтондағы Брукинг институтының аға қызметкері, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Қытай жөніндегі директоры
Басында Пекин Ресейдің Украинаға басқыншылығынан өзі де пайда көретінін болжады, бірақ күн сайын бұл болжамы бұлыңғырланып барады.
О баста хабарланғандай, Пекин сарапшылары Ресей шабуылы Американың назарын Еуропаға бұрып, соғыс Американы әлсіретіп, трасатлантикалық бірлікке нұқсан келтіреді деп болжады. Сондай-ақ Ресей оқшауланып, Қытайға тәуелді болады деп те күтті. 2014 жылы Ресей Қырымға басып кірген кездегідей Пекин Мәскеуге ықпал ету тетігіне қол жеткізеді деп ойлады.
Оның орнына соғыстан бір ай өткен соң трансатлантикалық бірлік 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс кезіндегідей нығая түсті. Батыстың Ресейге қарсы жылдам және үлкен масштабтағы санкциялары Пекин күткендей болмады. Ресей халықаралық жүйеде ең жылдам құнсызданып жатқан стратегиялық активке айналып жатыр.
Әлем нарығындағы тұрақсыздық мұнай мен азық-түлік, шикізат өнімдерінің ең ірі импорттаушысы болып отырған Қытайға үлкен экономикалық нұқсан келтірді.
Мен сөйлескен Қытай шенеуніктері Ресейдің Украинаға басқыншылығы Қытай мүддесіне қауіп төндіретінін мойындайды. Соның өзінде Қытай Ресей әрекетіне жария түрде қарсы шығуы екіталай.
Оның орнына Қытай шенеуніктері Ресейге қолдау көрсететінін болжауға болады. Олардың не айтқаны маңызды болғанымен, не істейтіні одан да маңыздырақ. Бұл шиеленістегі Қытайдың негізгі рөлі Қытай Ресейге қолдау білдіретінін көрсету үшін не істейтінінде және нені істемейтінінде жатыр.
"ҚЫТАЙ РЕСЕЙДЕН АЛЫСТАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫРҒАН ЖОҚ"
Мелисса Чан, Берлиндегі Жаһандық талдау орталығының қызметкері
Біршама сарапшының Қытай дипломаттарының пікірі мен мемлекеттік баспасөз құралдарының әр твитін талдап, Қытай ұстанымының өзгергенін көрсетуге тырысқанының куәсі болдық. Олар Украинадағы адам айтқысыз әскери қылмыстар Пекинді Ресейден алыстауға мәжбүрлейді деп болжады. Ал соғыс басталғалы бір ай өткенде Қытай бұл оқиғаны "басқыншылық" деп атамағанын көріп отырмыз.
Қытай мен Ресей дипломаттары, мемлекеттік баспасөз құралдары ел ішінде де, шетелде де, әлеуметтік желілер арқылы да қандай ақпарат тарататыны келісіп алғанын ашық көріп отырмыз. Бұл алаңдайтарлық жағдай. Қазір Пекин мен Мәскеу мамандар байқамайтындай етіп бірдей хабарламалар таратып жатыр.
Қытай дипломаттары Пекин Ресей басқыншылығын қолдамайтындай сөз орамдарын пайдалануға тырысты, Пекин Мәскеуге қару бергенін жоққа шығарды. Қытай ғалымдары әртүрлі пікірде екенін көрдік, бірақ екі елдің байланысына келгенде бұл ештеңе шешпейді. Бұл оқшау жүретін және ішіндегісін көрсете бермейтін Путин мен Си Цзиньпиннің қолында.
УКРАИНАДАН КӨЗҚАРАС
Юрий Пойта, Әскер, конверсиялар және қару-жарақ зерттеулері орталығы (Киев) Азия-Тынық мұхиты бөлімінің басшысы
Болашақта Пекин Мәскеуге дипломатиялық және ақпараттық қолдау білдіруін жалғастыра береді. Кейінгі бір ай Қытай мен Ресей әріптестігінің мығым екенін және Қытай билігі одан аттап өтуге дайын емес екенін көрсетті. Бұл негізінен Ресейге әскери және әскери-техникалық көмектен, санкциялардан өтуге көмектесуден қашқақтауға қатысты.
Украина Пекиннің "ресейшіл бейтараптығын" қолдай қоймайды. Сарапшылар Қытай Мәскеудің соғысын үнсіз қолдап отыр дейді. Қытайдың Ресей әрекетін жария түрде сынға алмауы оның Мәскеудің әскери қылмысын жанама болса да қолдайтынын көрсетеді.
Іс жүзінде, Қытай Ресейге әскери немесе басқа да тікелей көмек көрсетпесе, Киевке соның өзі тиімді. Ресми түрде Украина билігі Пекинмен достық қарым-қатынасты барынша сақтап қала береді.
Алайда, Қытай жаһандық ойыншы болғысы келсе, халықаралық құқыққа сай ұстанымда болуы керек. Олай болмаса, оның Украинадағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы, Еуроодақтағы жағдайына нұқсан келеді.
Украинада Қытай мемлекеттік баспасөз құралдарының мәлімдемелеріне де жағымсыз көзқарас бар. Олар көбіне ресейшіл ақпарат пен жалған мәлімдемелер таратып, соғысты Ресейдің НАТО-мен, АҚШ-пен және Еуроодақпен шиеленісі ретінде көрсетеді. Украинамен соғыс деп атамайды
Қытай Украинаның тәуелсіз ел екенін түсінуі керек. Пекин Украина Ресейдің жері немесе Батыстың қолшоқпары емес екенін, Украинаның ұлттық мүддесі барын назарға алуы керек.
"ОРНЫ ТОЛМАЙТЫН БӘС"
Жужа Анна Ференци, Тайвандағы Донхва университетінің студенті, Еуропарламенттің бұрынғы кеңесшісі
Соғыстан бір ай өткенде Путиннің ойыны Си Цзиньпин үшін стратегиялық дилеммаға айналды.
Қазіргі таңда Пекин үшін оңай таңдау жоқ, тек шешім талап етіп отырған қиын мәселелер бар. Си Цзиньпин қандай жолды таңдайды? Тәуелсіздікті, жаһандық лидерліктің геосаяси бағдарламасын, территориялық тұтастықты қорғау үшін ол өз мүддесін Еуроодақпен әріптестікті сақтай отырып қалай пайдалана алады?
Еуроодақтың өз мүддесін қорғауға саяси еркі болмаған соң, Мәскеу мен Пекин байланысы нығайып жатты. Олар одаққа қарсы шығып, демократияның беделін түсіруге тырысты. Путиннің Украинаға басқыншылығына дейін солай болды.
Бұл агрессия Брюссельдің үйлесімді және бірігіп әрекет етуге итермеледі. Бұл ұзақ мерзімде Еуроодаққа ғана емес, Қытайдың Ресеймен байланысына да, Қытайдың әлемдегі рөліне де әсер етеді.
Си Цзиньпиннің Путинмен байланысы Қытайдың жаһандық имиджіне қауіп төндіріп, оны Қытайдың Ресеймен "стратегиялық әріптестігінің" маңызын қайта қарауға мәжбүрлейді.
Егер Пекин Мәскеуге халықаралық санкцияларды айналып өтуге көмектесетін болса, оның өтемі ауыр болып, Қытай да санкцияға ұшырайды. Си Цзиньпиннің қауіпсіздік саласындағы халықаралық жағдайға араласу қаупі бар. Бұл Пекинді өте мұқият болуға мәжбүрлейді.
Еуропа мен жаһандық қауіпсіздікке қауіп төнсе, Пекин мен Мәскеу үшін мұның салдары ауыр болады.
"УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ ЖАҺАНДЫҚ САЛДАРЫ АУЫР БОЛАДЫ"
Рафаэлло Пантуччи, Лондондағы Royal United Services институтының ғылыми қызметкері
Қытай мен Ресей байланысының тереңдігі ешкімді таң қалдырмағанымен, Пекиннің Мәскеуді қолдауға дайын болуы екі елдің қаншалық жақын екенін көрсетеді.
Пайда болған деректер де таң қалдырмайды: Қытайдың Ресейге қару сату мүмкін екені жайлы хабарламалар расталмағанымен, Қытай фирмалары АҚШ санкциясына түскісі келмейді.
Бұл дағдарыс Мәскеу-Пекин динамикасы Батыс дамытуға ұмтылатын демократия мен автократия нарративінің жаңғырығына айналатынын білдіреді.
Көзден таса қалғаны, Үндістан мен Пәкістанның өзара байланысы мен Мәскеуді қолдайтыны. Көп жағдайда бұл Қытайдың Мәскеуді қолдайтынын бүркемелеуіне мүмкіндік береді және Батыстың Үндістанды Қытаймен текетірестегі негізгі тетік етіп пайдалануын қиындатады.
Екі жақтың көзқарасы өзгерді ме дегенге келсек, Қытайдың Ресейдегі әскери әріптестеріне бүйрегі бұрмауы мүмкін, бірақ Қытай Ресеймен бірігіп әскери жаттығу өткізуін жалғастыра береді. Бұл әскерилер арасындағы динамиканың болашақ мүмкіндіктерін көрсетеді.
ПІКІРЛЕР