Тамыздың 24-інде әскери шеруде сөйлеген президент Петр Порошенко Еуропа Одағы мен НАТО құрамына кіру мәселесін конституцияда бекітуді табанды түрде талап ететінін мәлімдеді.
"Заңгерлер бұны оңтайлы әрі жылдам жасаудың тәсілін тапты" деген Порошенко заң жобасын Жоғарғы Раданың 4 қыркүйекте ашылатын күзгі сессиясына дейін ұсынатынын айтты.
Киев орталығындағы Крещатик көшесінде өткен шеру "Жаңа армия маршы" деп аталды. Шеруге төрт жарым мың сарбаз, соның ішінде тұңғыш рет әйелдердің әскери бөлімі де қатысты.
Бұған қоса 250 соғыс техникасы көпшілік назарына ұсынылды. Олардың арасында Украинаның қазір қолданыстағы қару-жарағы және "Богдана" деп аталатын артиллериялық қондырғысы мен қанатты ракеталары, әскери авиациясы да бар.
Шеруді Украина президенті Петр Порошенко қабылдап алды. Бірінші рет ресми түрде "Жасасын Украина - Батырлар жасасын" ("Слава Украине!" – "Героям Слава!") деген ұран айтылды.
Украина тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған мерекелік шараға 18 мемлекеттен өкіл қатысады деп жоспарланған. Киевке АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі Джон Болтон ұшып келді.
Украинаны іздеу парағына осы елдің анимацияланған мемлекеттік туын қойып, Google компаниясы да құттықтады. Кескінді басса, "Украина тәуелсіздік күні" деген кілт сөз ашылады.
Украина тәуелсіздігін 1991 жылы 24 тамызда жариялаған. Бұл оқиға 1992 жылы маусым айында Жоғарғы Рада 24 тамызды Украинаның тәуелсіздік күні етіп белгілеген соң мемлекеттік мерекеге айналған. 1991 жылға дейін Украина Совет Одағының құрамында болған.
ПІКІРЛЕР