Accessibility links

"Майдан украин еліне патриотизм әперді"


Макка Қаражанова, Украинада тұратын қазақ диаспорасының белсендісі.
Макка Қаражанова, Украинада тұратын қазақ диаспорасының белсендісі.

Макка Қаражанова 1966 жылы Ресейдің Орынбор қаласында дүниеге келген. Отыз жылдан бері Украинаның Харьков қаласында тұрады.Жеке кәсіпкер қолы бос уақытында екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ солдаттарын іздеумен айналысатын белсенді ретінде танылған.

Азаттық: – Орынборда дүниеге келіп, балалық шағыңыз Оралда өткен екен. Бірақ соңғы 30 жылға жуық ғұмырыңызды Харьковта өткізіп жатырсыз. Әңгімені осы Харьковқа қадам басқан кезіңізден бастасақ?

Макка Қаражанова: – Харьков қаласының политехникалық институтын аяқтадым. Мамандығым – химия инженері.Факультет «Бейорганикалық заттардың технологиясы» деп аталатын. Мамандық бойынша жұмыс істемедім. Өйткені жоғары оқу орнын 1992 жылы аяқтадым. Ол кез Совет Одағы құлаған уақыт еді, ал Украина тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы қадамдарын жасай бастаған болатын. Өте қиын кез болды. Біздер үшін де солай болды. Жұмыссыздық пен жалақының жоқтығынан инженерлік мамандығымды маркетолог мамандығына ауыстырдым.2001 жылдан бастап жеке кәсіпкермін, жеке бизнесім бар. Харьков аймағында кәсіби косметика дистрибуциясымен айналасамын.

Азаттық: – Сізді жеке кәсіпкер ғана емес, қоғамдық жұмыстармен айналысушы ретінде де білеміз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақ солдаттарын іздестіру шараларына да қатысып жүрсіз. Мұндай жұмыстарға қаржылық жағынан кім көмектеседі?

Макка Қаражанова: – Жәрдем беруші – жергілікті қазақтар ұйымы. Бұл іспен 2010 жылдан бастап шұғылданып келеміз. Алғаш 106 қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының толық құрамын анықтадық. Ең алғаш табылған құжат дивизия туралы анықтама, телеграф бұйрықтары, жауынгерлердің аты-жөндері еді. Аты-жөні анықталған жауынгерлердің, кавалеристердің туған-туыстарымен интернет арқылы байланыс орнаттық. Сол секілді Харьков қаласына 1942 жылдың мамырында 106 дивизиядан бөлек, 38 атқыштар дивизиясы келген екен. Тек Алматыдан ғана жасақталған дивизия жауынгерлерінен бірнеше ұрыстан соң 150 сарбаз ғана тірі қалған.Сол секілді Шымкенттен құралған 102 атқыштар дивизиясы да Луганскідегі соғысқа қатысқан. Дивизиялардың құрамында болып, кейін хабарсыз кеткендердің аты-жөнін анықтау үшін сенбі-жексенбі күндері немесе кешкі уақытта архив материалдарын ақтарумен айналысамыз. Ұйымның өз қаржысы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жалаң қолмен соғысқан қазақ дивизиясы із-түзсіз жоғалып кетті

Азаттық: – Оқу бітіргеннен кейін бірден сол жақта қалып қойған екенсіз. Ол тұс – Қазақстан да өз тәуелсіздігін алып, арқа-жарқа болып жатқан кез еді.

Макка Қаражанова: – «Қыз жат жұрттық» дей ме? Тағдырым солай болды. Оқу бітіргеннен кейін украин жігітімен тұрмыс құрдым. Қалып қоюымның басты себебі – сонда. Қазір бір қызымыз бар. Бірақ туыс-туғандарым Орал қаласында тұрады.

Макка Қаражанова (оң жақтан үшінші) украиналық белсенділермен бірге.
Макка Қаражанова (оң жақтан үшінші) украиналық белсенділермен бірге.

Азаттық: – Украина қазақтар көп мекен ететін елдердің бірі. Жергілікті қазақтар немен айналысады?

Макка Қаражанова: – Бұл жердегі қазақтар түрлі мамандық иелері және бөлек-бөлек бағыттарда жұмыс істейді. Нақтылап айтсам, арасында полиция қызметкерлері, жоғарғы оқу орнының оқытушылары, ғалымдар, дәрігерлер, актерлер, боксшылар, сатушылар және жүргізушілер бар. Бұрын бұл жақта, Харьковта қазақтар өте көп болатын. Бұрындары Батыс Қазақстаннан оқуға студенттер көп келетін еді. Қазір мүлдем жоқ деп айтуға болады. Себебі бұл жаққа келу қиындап кетті. Мен де төркін жұртыма сирек барамын. 200-дей қазақ осында өмір сүріп жатырмыз.

Азаттық: – Қазақстанға сирек келуіңіздің себебі не?

Макка Қаражанова: – Бұл – туған жерге барғым келмегендіктен емес, Орал қаласына жетуге мүмкіндіктің жоқтығынан. Астана- Киев аралығында қатынайтын пойыз тоқтады. Орал мен Ақтөбе қалаларына ұшақ ұшпайды. Астана немесе Алматы қалалары арқылы ұшу қиын. Себебі қаржылық тұрғыдан да салмақ түседі. Ресей арқылы жету тағы қиын. Қазір мен сіздерге жауап беріп отырып, мынандай сауал қойғым келеді? Қазақстан экономикалық тұрғыдан мықты екенін жиі айтады. Онда негехалықаралық ұшу бағытын екі қала етіп шектеді? Мынадай алып аумаққа ие бола отырып, Киев қаласынан Шымкент немесе Орал қаласына бару үшін алдымен Астанаға қону қаншалықты қажет?

Қазақстан экономикалық тұрғыдан мықты екенін жиі айтады. Онда негехалықаралық ұшу бағытын екі қала етіп шектеді?

Азаттық: – Кібіртіктеп болсын барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысып отырсыз. Жергілікті қазақтар ана тілінде сөйлеуге, ақпарат алуға келгенде қиналып қала ма?

Макка Қаражанова: – Харьков қаласында ана тілін үйрену біз үшін өте қиын. Себебі өскен орта мен қызметтік байланыс – өзге тілде. Ал Қазақстан тарапынан қандай да бір көмек жоқ десек те болады. Біз Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Харьковте де қазақтар тұратынын ұмытпаса екен дейміз. Қазақстаннан арнайы еріктілер келсе, бізге ана тілін үйретуге көмектессе, өте пайдалы іс болар еді. Себебі ондай іс-шара басқа диаспораларда бар. Тек бізде ғана бұл мәселе шешілмей тұр.

Азаттық: – Сырт көз ретінде Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуы мен саяси жүйесіне қандай баға бере едіңіз?

Макка Қаражанова: – Қазақстанның саяси ахуалы өте тұрақты болып көрінеді. Әрине, бұл жаман емес, керісінше өте жағымды жағдай. Себебі елді төңкеру өте оңай, ал қайтадан қалпына түсіру үшін көп уақыт керек.
Азаттық: – 2014 жылғы Майдан оқиғасы мен кейінгі Қырым дағдарысы Украинаға не берді?

Макка Қаражанова: – Қырым аймағының жағдайы әсер етпеген ел тұрғыны болмады. Мысалы, егер бір саусақты кессең, бүкіл денең ауырады, бірақ ол кейін жазылып кетеді. Ал Қырымның аннексиялануы одан да ауыр. Өмірі жазылмайтын жара. Майдан украин еліне патриотизм қасиетін әперді. Украинаның нағыз азаматын дүниеге келтіргендей! Өз елінің намысын бермей, өзінің түпкі тамырын білуге құмар, ана тілін сүйгіш жандар пайда болды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG