Accessibility links

Пхеньян әскерінің Ресей жағында соғысуы майданға қалай әсертпек? Деректер не дейді?


Солтүстік Корея сарбаздары елдің құрылғанына 70 жыл толуына орай өткен парадта. Пхеньян, 2018 жыл
Солтүстік Корея сарбаздары елдің құрылғанына 70 жыл толуына орай өткен парадта. Пхеньян, 2018 жыл

Солтүстік Корея Ресейге көмек ретінде жіберді деген әскердің соғысқа дайындығы жайлы пікір көп. Бірақ олар біліктілігі төмен болған күннің өзінде қалың қол болып майданға араласса, Украина қорғанысын бұзуға септігін тигізуі мүмкін.

Қарсыласына әскер санымен де, қару-жарақ көлемімен де жол беретін Украина күштері бүкіл майдан шебіне жайылып, әлсіреп отыр. Ал Ресей жауынгерін отқа аямай айдап, қару-жарақты мол жұмсап, Киев қорғанысын бұзуға бір табан жақындады.

Солтүстік Корея Ресейге жіберген 10 мыңнан астам сарбаз жағдайдан одан әрі ушықтыра түспек. Бұл украин қорғаныс шебіне үлкен қауіп төндіріп, қарсыластың бұл шепті бір не бірнеше жерден бұзып өтуіне жол беруі ықтимал.

Түрлі есеп бойынша шамамен 600 мыңнан астам әскерінен айырылған Ресей халықты саяси тұрғыда қолайсыз мобилизацияның екінші толқынын бастауға құлықсыз. Осы тұста Солтүстік Кореядан келген әскер Кремльдің жүгін жеңілдете түспек. Мәскеу бұл әскерді Украина басып алған Курск облысының жерлерін қайтаруға және өзге де мақсаттарына пайдалана алады.

Украина үкіметінде жұмыс істейтін Андрей Коваленко Курскідегі ұрыстарға Солтүстік Корея сарбаздарының қатысып үлгергенін мәлімдеді. Шенеунік одан өзге ақпарат айтпады. Бірақ расталмаған деректер бойынша, шайқас қазанның аяғында болған.

– Ресей шағын әскери құрылымдары мен жеңіл беренді көліктерін әрқилы шабуылдап, украин күштерін қалжыратып отыр, – дейді "Карнеги бейбітшілік қорының" Ресей әскері бойынша сарапшысы Дара Массикот. – Курск облысындағыдай бейберекет әрі қажытқан майданға [Солтүстік Кореяны] қосу Украина операциясын қиындатады.

Оңтүстік Кореяның барлау басқармасы да, кейінірек АҚШ билігі де қазанның басында Ресейдің жаттығу базасына Солтүстік Кореядан 3 мың сарбаз келгенін, түбінде Украинаға қарсы соғысқа төрт бригада, яғни12 мыңға жуық сарбаз қосылуы мүмкін екенін хабарлады. Украинаның жоғары шенді дипломаты бұл процеске үш генерал мен 500 офицер жетекшілік ететінін айтты.

Дегенмен Солтүстік Корея әскерінің соғысу қабілеті мен майдандағы тиімділігі жайлы сұрақ көп.

– [Солтүстік Корея әскері] нашар жабдықталған, олардың оқу-жаттығуға қажетті ресурсы жоқ. Жауынгерлер тойып тамақ ішпейді, көбіне құрылыс жұмыстары мен астық жинауға жұмыс күші ретінде пайдаланылады, – дейді АҚШ-тың Род-Айлендіндегі әскери теңіз колледжінің сарапшысы Теренс Рериг.

– Солтүстік Корея сарбаздары орысша сөйлемейді. Олардың шынайы соғыс тәжірибесі жоқ, – дейді Rand Corporation ұйымында Солтүстік Кореяны зерттеумен айналысатын Бенджамин Янг. – Олар жемқор, тәртібі нашар ресейлік әскери жүйеде болады. Солтүстік Корея сарбаздар ресейлік жауынгерлер арасында тәртіптің жоғына үйренісе алмайды.

ЕҢКЕЙСЕ ДЕ, ТІЗЕ БҮККЕН ЖОҚ

Майдан шебінде Украина Ресейдің шабуылынан есеңгіреп, әлсірей бастады. Украина Курск облысын басып алып, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін кері шегінуге мәжбүр болып, басында жаулап алған аумақтардың жартысынан айырылып қалды.

Ресей Оскол өзенінде Украинаның қорғаныс шебін бұзып өткен соң, Харьков облысындағы Купянск қаласына қауіп төнді. Ресей әскері тамызда Солтүстік Донецк-Донбасс каналын кесіп өткеннен кейін биікте орналасқан Часов Яр қаласының орталығына беттеді.

Велосипедін жетектеген тұрғын бомбалаудан қираған үйлердің арасында кетіп барады. Покровск, Украина. 15 қазан.
Велосипедін жетектеген тұрғын бомбалаудан қираған үйлердің арасында кетіп барады. Покровск, Украина. 15 қазан.

Оңтүстікке қарай Ресей әскері өткен айда Угледар қаласын басып алып, ірі автомагистральге шығып, Украинаның Донбастағы үлкен логистикалық торабы Покровскіге жақындап қалды.

Кейінгі кезде Украина кездескен қиындықтардың көбі Батыс елдерінен Abrams M-1 танкілері, дәлдігі жоғары ATACMS зымырандары сияқты маңызды қару-жарақтың баяу келуімен байланысты. Одан бөлек, Киевтің майданның алдыңғы шебіндегі әбден шаршап, қажыған әскердің қатарын толықтыру үшін жауынгерлер жинап, оқытуды жүзеге асырмауы да себеп болды.

Соғыста адам шығыны көп болса да, Ресей жоғары жалақы мен жеңілдіктерге қызығып, майданға тұрақты қосылатын еріктілер легін қамтамасыз етті. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Ресей Солтүстік Кореядан келген әр жауынгерге айына 2000 доллар төлейді дейді. Бұл ақшаның көп бөлігі Солтүстік Корея үкіметінің қалтасына кетуі мүмкін.

– [Бұл] – Солтүстік Корея үшін салмақты міндет және соғысты ушықтыру, – дейді Рериг. – Бірақ майданда бұл цифрлар маңызды емес. Қазір күніне 1000 жауынгерден қаза тауып жатқанын ескерсек, ресейлік әскерилер Солтүстік Корея күшін 1-2 аптада-ақ сарқып үлгереді.

Украина бәрінен де Оңтүстік Корея барлау қызметінің Ресейге көмекке келген әскер құрамында Солтүстік Кореяның "Дауыл корпусы" деп танылған XI элиталық әскер корпусынан жауынгерлер бар деген хабарына алаңдап отыр.

– Бұл элиталық әскери бөлім жақсы дайындықтан өтіп, ең үздік қару-жарақпен жабдықталған. Олар Солтүстік Корея әскерінің қалған бөлігімен салыстырғанда әлдеқайда мықты күш саналады, – дейді Рериг.

Украина барлау қызметінің дерегінше, Солтүстік Корея әскерін "арнаулы буряттар" деп атайды (Ресейдің азиялық бөлігінде тұратын этникалық азшылық). Оларға миномет, снайпер қаруы, танкіге қарсы зымыран, түнде жүруге арналған көзілдірік және басқа да жабдықтар берілген. Барлау деректеріне сәйкес, Солтүстік Корея әскері физикалық тұрғыда соғысқа жарамды, бірақ оларды заманауи тактикаларға үйрету керек. 23 қазанда оңтүстік-кореялық депутат Пак Сун Вон осылай деп мәлімдеді. Yonhap ақпараттық агенттігі депутаттың сөзін жариялады: "Ресейлік әскерилер солтүстік-кореялық жауынгерлердің физикалық және менталды саулығы жақсы деді, бірақ оларға соғыс жүргізудің заманауи әдістерін, дронмен шабуылды үйрету керек".

Кей бақылаушылар солтүстік-кореялық жауынгерлер шайқасқа араласпай, көмекші рөл атқаруы мүмкін деп топшылайды.

"Ресей логистикасы нашар екенін білеміз. Сондықтан қосымша жұмыс күші жақсы көмек болуы мүмкін. Дрондармен операция кезінде осындай әскери қолдау түрлері керек. Солтүстік Кореяның арнаулы жасағы Ресейдің арнайы бөлімдерін дайындай алады" делінген Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшылары Марк Канчиан мен Крис Парктің зерттеу хатында. "Қандай қызмет атқармасын, солтүстік-кореялық жауынгерлер ресейліктердің орнын басып, оларды майдан шебіне босатады. Бұл маңызды".

Ресейдің Курск облысында Ресей мен Украина әскерінің шайқасы кезінде бомбапанаға баруға мәжбүр болған тұрғындар.
Ресейдің Курск облысында Ресей мен Украина әскерінің шайқасы кезінде бомбапанаға баруға мәжбүр болған тұрғындар.

Солтүстік Корея әскерінің соғысу қабілеті күмән туғызса да, олардың санының өзі мәселе туғызуы мүмкін. Майданға тартылған ресейлік тұтқындар да Украинаға қарсы едәуір күш болып еді.

"Курскіде 25 мың украин соғысты делік. Ол жаққа 30-40 мың ресейліктен бөлек, 10 мың корей барса, бұл кәдімгідей әсер етеді" дейді Украин әскерінің запастағы офицері, Татаригами лақап атымен белгілі әскери қызметкер.

"Олар солтүстік-кореялықтарды әскеріміздің күшін сарқу үшін пайдалануы мүмкін" дейді ол.

АҚШ-тың өкілетті тұлғалары Солтүстік Кореяға ашық түрде сес көрсете сөйледі.

"Адаспаңдар: Солтүстік Корея әскері соғысқа немесе Украинаға қарсы әскери қимылдарды қолдауға араласатын болса, заңды әскери нысанаға айналады" деді АҚШ қорғаныс министрі США Ллойд Остин өткен аптада Оңтүстік Кореяның шенеуніктерімен бірлескен мәлімдемесінде.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің мүшесі Коваленконың айтуынша, шеттен келген сарбаздардың майданға араласуы басталып кеткен. Ол ойын ашып түсіндірмеді, бірақ Литвадағы Blue/Yellow үкіметтік емес ұйымын басқаратын, Украинаның алдыңғы шепте жүрген бөлімдерімен тығыз байланыстағы швед режиссері Йонас Оман өз ақпарат көздерінен 25 қазанда Курск облысында қақтығыс болып, солтүстік-кореялық жауынгерлер көп шығынға ұшырағанын естіген. Ол украин дронынан түсірілген видео-трансляцияның суретін жіберді. Суретте бас киімінде Солтүстік Корея туы бейнеленген жауынгердің мәйіті көрінеді.

Украина президенті Владимир Зеленский солтүстік-кореялық жауынгерлердің келгенін алға тартып, Батыс елдерінің өздері жіберген қару-жарақты Ресейге қарсы қолдануға рұқсат бермей отырғанын бетіне басты.

"Солтүстік Корея күштері артып келе жатқанын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, серіктестеріміз тарапынан қарымта шараларды үдету бойынша іс-қимыл байқалмайды" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG