Парижде "норман төрттігі" саммиті басталар алдында Киевтегі Украина президенті әкімшілігінің қасына жиналған жүздеген адам наразылық акциясын өткізді. Владимир Зеленскийдің әкімшілігі орналасқан көшеде бірнеше шатыр мен сахна пайда болды. Украина Ұлттық гвардиясы тосқауыл қойған.
Наразылық акциясы күндіз Тәуелсіздік алаңында өтті. "Зеленскийге арналған қызыл шекара" деп аталған наразылық шарасына қатысушылар желтоқсанның 9-ына жоспарланған келіссөздер кезінде Ресей президенті Владимир Путиннің айтқанына көнуге, Украинаны федерацияға айналдыруға және Киевке бағынудан бас тартқан Донбасс аумағында деоккупация шарты орындалмайынша, сайлау өткізуге келісуге болмайтынын айтты. Күндіз дәл осындай талаптармен Львов тұрғындары да наразылыққа шықты: ақпарат құралдарының дерегінше, Тарас Шевченко ескерткішінің жанына мыңға жуық адам жиналған.
Желтоқсанның 9-ы күні Парижде Украина, Ресей, Германия мен Франция басшылары соңғы үш жылда бірінші рет бас қосады. Ресей президенті Владимир Путин мен сәуір айында Украинада өткен президент сайлауында бейбітшілік орнату уәдесімен жеңіске жеткен Владимир Зеленский бірінші рет бетпе-бет кездеспек. Бұл кездесу 2014 жылы сәуір айынан бастап 13 мың адамның өмірін қиған Донбастағы қақтығыстың шешілуіне ықпал етер деген үміт бар.
Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон да бұл мәселені шешуге мүдделі. Өйткені бұл Еуропадағы жалғыз қарулы қақтығысты, еуропалықтардың Мәскеу және Киевпен қарым-қатынасын қиындатып, Ресеймен экономикалық байланыстарын үзген соғысты тоқтатудағы ірі қадам болар еді. Бірақ Путиннің де, Зеленскийдің де аттап кете алмайтын шегі бар.
Кремль Ресейді жақтайтын сепаратистердің қол астындағы жерлерді ықпал ету тетігі ретінде пайдаланып, Киевті барынша өз бақылауында ұстағысы келеді. Мұндай жағдайда Украина президенті бір жағынан, келісімге келіп, мәселені өз пайдасына шешуге болатын, екінші жағынан "Мәскеуге берілді" деген айыптауларға әкеп соғуы мүмкін қылкөпірдің үстінде тепе-теңдік сақтауы керек. АҚШ президентінің импичмент процедурасына Украинаның қатысы болуы да келіссөздерді қиындататын мәселе боп отыр. Бұрынғы вице-президент Джо Байден мен қазіргі президент Дональд Трамптың әрекетін мұқият қадағалап отырған қоғамда Украинаға ресми тұлғалар, дипломаттар мен сарапшылар мемлекетке ақша керегін айтқан кезде АҚШ-тан көмек берілуіне байланысты сұрақтар туды.
Бұл шиеленісті шешу үшін тараптар бір-біріне қарай қадам жасап, ұзақ дайындалған кездесуден көп нәтиже күтудің қажеті жоғын көрсетеді. Украина мен Ресей биыл қыркүйекте тұтқын алмасып, қазан және қараша айларында Донбастағы қарсылас тараптардың арасын бөлетін сызықтар бойындағы үш учаскеден әскерін әкетті.
"Париж саммитінен үлкен нәтиже күтпеймін. Бірақ саммит мүлде нәтижесіз болады деп те ойламаймын" деді Киевтегі "Пента" саяси зерттеулер орталығының директоры Владимир Фесенко. Бұл кездесуден көп нәтиже күтпейтін жалғыз ол емес.
Киевтегі "Жаңа Еуропа" орталығының директоры Алена Гетманчук бұл кездесудің өтуінің өзі Владимир Зеленскийдің жетістігі саналатынын айтады. Көп жылғы тығырықтан кейін Мәскеу мен Киевтің кездесу туралы келісімге келуі Украина тарапынан жасалған прогресс. Бұл саммиттің өтуі үшін Украина халықтың қарсылығына қарамастан, Ресейдің екі талабын орындады дейді Гетманчук. Ол халықтың қарсылығы туралы айтқанда, Германия ұсынған бейбіт келіссөздерге көмектесетін "Штайнмайер формуласын" меңзеп отыр. Бұл жоспар Золотое, Петровское және Станица Луганская елді мекендері маңындағы әскерді ол жерден әкетуді көздейді. Гетманчук басынан бұл саммиттен көп дүние күтілгенімен, (қарашаның 15-і күні тараптар "норман форматындағы" келіссөздерді жалғастыруға келіскен), кездесу нәтижесіне үлкен үміт артуға болмайтынын айтады.
КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ МҮМКІН БЕ?
Кездесуден көп үміт күтпейтінін Зеленскийдің өзі де айтты. Ол қарашаның 30-ы күні Time, Le Monde, Der Spiegel және Gazeta Wyborcza басылымдарына берген сұхбатында "Әдетте мұндай кездесулерде адамдар бір-біріне сол баяғы мазмұндағы әңгімесін қайталап, мәселені айналшықтап жүреді. Оларға қарап, түсінгенім, мұндай кездесуге адамдар ештеңе тындырмау мақсатымен келеді" деді.
Төртжақты келіссөзден бөлек, Путин мен Зеленский бетпе-бет кездесуі мүмкін. Бұл туралы қараша айында Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлаған. Зеленскийдің әкімшілігі Азаттық тілшісіне Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуі жоспарланып жатқанын растап, бірақ әлі нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді.
Қос президенттің газ транзиті туралы жаңа келісім сияқты көп тақырыпты талқылауға мүмкіндігі болғанымен, дәл қазір Донбастағы соғыс пен сепаратистер "Луганск Халық Республикасы" және "Донецк Халық Республикасы" деп атайтын аумақтардың болашағы өзге барлық мәселеден маңызды болып тұр. Украинаның шығысындағы соғыс 2014 жылы сәуір айында Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін басталған. "Минск I" және "Минск II" деген атпен белгілі, Германия және Францияның қатысуымен жасалған екі бейбіт келісім соғыс алаңындағы тараптар арасын бөлетін шекара бойындағы қантөгісті тоқтатқанымен, оқ атуға ұзақ уақытқа тыйым сала алмады. Қарулы тірес жалғасты. Украина әскерилері әлі күнге соғыс алаңында қаза тауып жатыр. Аптасына екі не үш украиналық әскери қаза тапқаны хабарланады. Шын мәнінде Минск келісімінде бекітілген, бейбітшілік орнатуды көздейтін қадамдардың ешқайсысы орындалған жоқ. Қос тараптың әрқайсысы келісім мазмұнын өзінше түсінеді. Киев қарсыластың белсенді шабуылы кезінде Украинаның қатысуымен қабылданған келісім Ресейдің пайдасына шешілген деп есептейді.
Рейтингі қыркүйек айындағы 73 пайыздан қараша айында 52 пайызға түскен Зеленский кездесуге аттанар кезде украиналықтардың 75 пайызы Путинмен келіссөзді қолдағанына қарамастан, саммиттегі әрекеті Отанында қандай бағаға ие болады деп алаңдауға мәжбүр болады.
"Зеленский іс-қимыл алаңы шектеулі екенін түсінетін шығар деп үміттенемін" дейді Гетманчук. Президентті сынаушылар қатарында бірқатар ұлтшыл топ, ардагерлер ұйымдары, бұрынғы президент Петр Порошенконың оппозициялық партиясы бар. Олардың бәрі Зеленский Путиннің алдында жеңілісін мойындап, Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін келісімге барып, бес жылдан бері жалғасып келе жатқан Батыстың Ресейге ықпалын азайтуға дайын деп отыр" дейді Гетманчук.
БЕРІЛМЕУГЕ ШАҚЫРУ
Осы пікірге қосылатын мыңдаған украиналық қазан айында Зеленскийдің Путинмен келісімге келуіне қарсылық білдіріп, наразылыққа шыққан. Олар қарсылық акциясын Парижде кездесу күні қайта ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Порошенко өткен айда Kyiv Post басылымына берген сұхбатында "Адамдар жеңілісті емес, бейбітшілікті қалайды" деп мәлімдеді.
"Бізге Украинаның шартына сәйкес бейбітшілік керек. Украинаның тұтастығына ештеңе нұқсан келтірмеуі қажет. Федерализация туралы келіссөздер болмауы керек" деді орталық үкіметті әлсіретіп, өңірлерге көбірек билік беруге шақыратын процесті (Ресей осы ұсынысты қолдайды) меңзеген Порошенко.
Мұндай көңіл-күй Зеленскийдің соғысты аяқтау үшін қаншалықты алысқа баруы мүмкін екенін ойлап алаңдаған майдандағы украиналықтар арасында да байқалады. "Біз тым көп адамнан айырылдық. Келісімге келетіндей емес, тым көп қан төгілді" деді Марьинка жанында әскери қызметте жүрген украиналық әскерилердің бірі. Ол бас қолбасшыны сынағаны үшін командирдің қырына ұшыраудан қорқып, аты-жөнін атамауды сұрады.
Украиналық ресми тұлғалардың мәліметінше, Париждегі кездесу кезінде төрт ел басшысы оқ атуды доғарып, қазір ресейшіл сепаратистер бақылап отырған Донбастың біраз бөлігін Киевке қайтаруға негіз болу үшін Минск келісімдерінің шарттарын нақтылауға тырысады. Оның соңынан тұрақты бейбітшілік орнауы керек.
Парижде кездесу өтетіні белгілі болған соңғы айларда Зеленский Киевтің қол астындағы және оған бағынудан бас тартқан аумақтарды байланыстыратын көпірді (бірнеше жыл бұрын бұзылған) қалпына келтіру үшін әскерді әкетуге және тұтқын алмасу туралы ұсынысына Путинді көндіре алды. Соның нәтижесінде Ресейде тұтқында болған 35 украиналық қыркүйекте үйіне оралды.
Қарашаның 30-ы күні берген сұхбатында Зеленский бейбітшілікке қол жеткізу үшін қандай қадамдар жасауды жоспарлап отырғанын айтты. Ол Парижде Путинмен кездесу барысында да осы ойларын айтуы мүмкін. Зеленскийдің сөзінше, ол "жақын уақытта" тағы да бір рет тұтқын алмасып, шынайы келісімге қол жеткізгісі келеді. "Алғашқы екі қадам адамдардың өміріне қатысты. Сондықтан бұл мен үшін өте маңызды мәселе" деді ол.
ШЕКАРА БАҚЫЛАУЫ
Зеленский Путинмен Киевке бағынбайтын аудандардағы сайлау туралы сөйлескісі келеді. Оның ескертпелері Кремльге ұнамауы мүмкін, өйткені ол "сайлауға дейін сипаты, формасы мен қаруына қарамастан, аталған аудандардан заңсыз әскери құрылымдардың барлығын шығару керек" деген сөзін тағы да қайталады.
Зеленский Украинаның тұтқын алмастыру, келісім және заңсыз құрылымдарды шығару сияқты үш мәселені шешкісі келетінін мәлімдеді. Басқаша айтқанда, аталған шарттардың біреуі орындалмаса, Киев мұны Ресейдің бейбіт процесті қолдамауы деп түсінеді.
Тағы бір қайшылықты мәселе – Украинаның Ресеймен шекарасының сепаратистер бақылауда ұстап отырған бөлігін Киевтің бақылауына қайтару. Украина мен НАТО шекараның осы бөлігінен Украинаның шығысына қару-жарақ, әскерилер, беренді техника келетінін айтады. Олардың қатарында 2014 жылы шілдеде Малайзия әуе компаниясының MH17 рейсі ұшағын 298 жолаушысымен қоса атып түсірген "Бук" зымыран құрылғысы да бар.
Киев сайлауға дейін шекара толық өз бақылауына өтуі керегін айтады. Мәскеу Киевке өз шекарасының қауіпсіздігін бақылауға алуға қашан мүмкіндік беретінін хабарлаған жоқ.
Батыс тілшілеріне берген сұхбатында Зеленский "Біз осы бөлімге жетсек, бұл келіссөздің ең қиын тұсы болады" деді. Бұл мәселені тақылауды қиындығы үшін кейінге қалдырып отыруы да мүмкін. Бұл Мәскеуге тиімді болуы ықтимал. Republic басылымында Владимир Фролов "Кремль келіссөздерде тосын сый болғанын ұнатпайды" деп, Владимир Путиннің осыған дейін келісіліп, қағазда бекітілген мәселелер бойынша ғана жүретінін, ал бұл тізімде шекара мәселесі жоғын жазды.
"Париждегі кездесуде қандай прогреске қол жеткізілсе де, Зеленскийдің Киевтегі қарсыластары оны бәрібір сынға алады" дейді Internews-Украина талдау бөлімінің директоры және UkraineWorld сайтының бас редакторы Владимир Ермоленко.
"Ресейдің ығына жығылудың кез келген көрінісі Украинада сынға қалады" дейді ол.
"Менің ойымша, біз бірінші кезекте оқ атуды тоқтатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Саяси шешім қабылданар сәтті жақындату мүмкін болмаса, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер туралы ойланып, халықты денсаулық сақтау, азық-түлік, білім беру қызметімен қамтамасыз етіп, адамдар арасындағы байланысты дамыту керек. Гуманитарлық және әлеуметтік мәселелер, өкінішке қарай, тығырыққа тірелген саяси процестің көлеңкесінде қалып отыр" деді Ермоленко.
Киев пен батыс мемлекеттері үшін "Путин Украинаның шығысында бейбітшілік орнағанын қалай ма?" деген сұрақ маңызды болып қалып отыр. Осыған дейін Мәскеу шиеленісті 2014 жылғы Еуромайданнан кейін батысқа қарай бет бұрған Украинаға әсер ету тетігі ретінде пайдалануға тырысып келді.
"Зеленский келісімге келуге дайын. Бірақ бұған Путин дайын дегенге сенімді емеспін" дейді Ермоленко. Ал Гетманчуктың айтуынша, саммитте аз ғана прогреске қол жетсе, Украина Ресейге қарағанда жақсырақ көрінетін болады.
"Зеленскийдің қазіргі стратегиясы - қақтығысты тоқтатуға салмақты қарайтынын, мәселені шешуге саяси еркі жететінін, бұл үшін Украинада қарсылыққа ұшырайтын қадамдарға болсын баруға дайын екенін көрсету. Ал егер қарсылықты тоқтату мүмкін болмаса, бұған тек Путин кінәлі болмақ" дейді Гетманчук.
ПІКІРЛЕР