Ресейшіл сепаратистер мен Киевтегі үкімет Украинаның бірқанша аймақтарындағы атысты тоқтатып, бітімді сақтап отыр. Бірақ Донецк әуежайының маңында мұндай келісім мүлде жасалмағандай, нағыз соғыс жүріп жатыр.
Сепаратистер әуежай маңына оқ жаудырып, оны қоршап тұрған армия нысандарын атқылап жатыр. Солдаттар тұрғын үйлердің арасына бекінген сепаратистерге тойтарыс беруге тырысып жатыр. Зымыран атқыштармен, гаубица зеңбіректерімен, минометтермен қаруланған сепаратистер үкімет әскерін атқылаған бетте қала ішіндегі басқа жерге көше қояды.
Қала орталығынан бар болғаны 10 километр жерде тұрған әуежай сепаратистер шабуылдары кесірінен тас-талқан қирап жатыр; маңайды бақылайтын биік мұнара керексіз бағанаға айналған; ал ұшып-қону алаңы снаряд түсіп, әр жерінен ойылып қалған. Сепаратистер әуежайды стратегиялық және символдық мәні бар нысан санайтындықтан, оны басып алу үшін жанталасып жатыр. Лондондағы Royal United Services Institute (RUSI) орталығының Ресей әскері жөніндегі сарапшысы Игорь Сутягин:
- Сепаратистер өз «республикаларының» «тәуелсіздігін» сақтауға барынша мүдделі. Жұрт мойындасын-мойындамасын, әйтеуір тәуелсіз болу үшін ең алдымен сыртқы әлеммен байланысатын үлкен әуежай болуы керек, - дейді. Сутягиннің пікірінше, «сондықтан Донецк әуежайының әскери маңызы ерекше».
Ал Лондонда орналасқан IISS зерттеу орталығының әскери мәселелер жөніндегі сарапшысы Дуглас Барри:
- Әуежайды әскери тұрғыдан пайдалану жағын қарастырсақ, біраз уақыт артиллерия шабуылына ұшыраған нысанның ұшу-қону алаңының қазіргі жағдайы мәз емес. Бірақ оны жеделдетіп жөндей салу оңай. Демек, аз уақыттың ішінде оны қорғаныс құралдарын тасымалдайтын дәлізге айналдыруға мүмкіндік бар, - дейді.
Оның айтуынша, сепаратистер әуежайды Киевтің қолына бермеуге жанталасады. Себебі орталық үкімет оны әскери құрал-жабдық жеткізуге не әскери база ретінде пайдалуы мүмкін. Ондай жағдайда сепаратистер «астанасына» қауіп төнеді.
СЕПАРАТИСТЕР ӘУЕ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРІН ҚҰРУЫ МҮМКІН БЕ?
Сепаратистердің әуежайға таласып отыруының тағы бір себебі – олар әскери ұшақтар пайдаланғысы келеді. Бұл ойлары жүзеге асса, Киевке қарымды қарсылық көрсететін мүмкіндікке ие болмақ.
Ал олардың әскери ұшаққа қол жеткізу-жеткізбеу мәселесі Мәскеуге тікелей тәуелді. Ондай мүмкіндіктің пайдалы жағын көріп отырған Мәскеу осы идеяны ойластырып жатқандай әсер қалдырады.
Грузияның Абхазия және Оңтүстік Осетия аймақтары, Молдованың Приднестровье өлкесі сияқты Донбасс та Украинадан кеңірек автономия алып, іс жүзінде Ресейдің бір протекторатына (қақтығыс ошағына - ред.) айналуы мүмкін. Бұл аймақты Украинадан біртіндеп алшақтатып, Ресейге қосуға жол ашады.
- Кремль бұл «республикалар» Украинаның құрамындағы қатардағы автономиялар болып қала берсін дегенге байланып отырған жоқ. Олардың Украинадан тәуелсіз болып шығуына деген қызығушылығы әлі де бар. Мұндай жағдайда сепаратистердің қорғаныс қабілетін арттыру маңызды шаруаға айналады да, оларға әскери ұшақ жеткізу керек болады, - дейді Сутягин.
Шығыс Украина мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы ахуалды бақылап отырған, құрамына бұрынғы офицерлер де кірген украиндардың «Ақпараттық қарсылық» тобы өткен айда «Ресейдің Дондағы Ростов аймағындағы әскери базаларында айырым белгілері жоқ әскери ұшақтардың пайда болғанын» хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, «Донецк әуежайына әскери ұшақтарды қондыру үшін сәл ғана жөндеу жасаса болғаны». Себебі, әскери ұшақтар ұзындығы 500-600 метр болатын жолдарға қона береді. Ал Донецк әуежайының ұшу-қону жолағының жалпы ұзындығы - төрт километр.
Сепаратистердің әуежайды әскери мақсатқа пайдалануына кедергі болатын негізгі мәселе – Украина әскери күштерінің ұшып не қонып жатқан ұшақтарды атып құлату мүмкіндігі.
- Украина әскерінің қысқа, орта және алыс қашықтықтағы нысандарды атып түсіретін «жер-әуе» зымыран жүйелері бар – дейді Сутягин.
Украина армиясында алыс қашықтыққа атылатын S-300 маркалы ескі модельдер және «БУК» жүйелері де бар. Батыс сарапшылар шілде айында Малайзияның жолаушылар ұшағын дәл осындай «БУК» жүйесімен атып құлатқан деген қорытынды жасап отыр.
Демек, әуежайды әскери мақсатта пайдалану және үкімет әскерінің ұшақтарды зымыранмен атып құлатуына жол бермеу үшін сепаратистер оның маңайындағы, кем дегенде бес километр қашықтықтағы аумақты бақылауға алуы керек. Бұған қоса, олар 90 километрден астам қашықтықтан атылатын, радармен басқарылатын зымырандардан қорғану үшін радар сигналын бәсеңдететін техниканы да қолдануы тиіс. Ал мұндай техниканы оларға тек Мәскеу бере алады.
Постсоветтік кеңістіктегі сепаратистік соғыстар кезінде әуежайды бақылауға алудың қаншалық маңызды екені бұрынғы мысалдардан белгілі.
1992 жылы Ресей генералы Александр Лебедь Молдованың сепаратистік аймағы Приднестровье орталығы Тираспольдегі әуежайды бақылауға алып, оны мәскеушіл сепаратистерге керек-жарақ жеткізіп беру мақсатында пайдаланған.
Мұндағы төрт айға созылған конфликт аяқталып, Мәскеудің араағайындығымен бітім шартына қол қойылды. Сол шарттың негізінде Приднестровье аймағы іс жүзінде Ресейдің қоластында, Молдовадан тәуелсіз ғұмыр кешіп келеді.
(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)