АҚШ Польшаға "Пэтриот" зымыранының екі батареясын жолдады
Вашингтон бұл қадамға НАТО-дағы әріптестерін қорғау үшін барғанын айтты.
"Пэтриот" жүйелері жақын радиустағы баллистика зымырандарын, қанатты зымырандарды және әскери авиацияны жоюға арналған.
Ресейде азаматтарға шетел валютасын сатуға тыйым салды
Ресей орталық банкі екінші деңгейлі банктерге азаматтарға 9 қыркүйекке дейін шетел валютасын сатуға тыйым салды. Ал шетел валютасындағы есеп-шоттан тек 10 мың долларға дейін шығарып алуға болады. Қалғаны тек сол күннің бағамы бойынша рубльмен беріледі.
McDonald's, Starbucks және Coca-Cola Ресейдегі жұмысын тоқтатты
McDonald's компаниясын Ресейдегі 850 ресторанын тоқтататынын мәлімдеді. Оған Ресейдің Украинаға басып кіруі түрткі болған. Компанияның Ресейдегі 62 мың қызметкері әзірге жалақысын ала береді. Бұл туралы McDonald's баспасөз қызметі хабарлады.
Компания Ресейдегі жұмысын қашан қалпына келтіретінін айтпады, бірақ елдегі ахуалды бақылап отыруға уәде берді.
McDonald's-тен кейін Starbucks кофеханасы да Ресейдегі жұмысын тоқтататынын айтты. Компания басшысы Кевин Джонсон өзінің блогында "Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайтынын, зардап шеккендерге көңіл айтатынын" мәлімдеді.
Компанияның лицензияланған серіктесі Ресейдегі кофеханаларды жабуға және ондағы екі мың қызметкерге қолдау көрсетуге келісім берді дейді Starbucks баспасөз қызметі.
Coca-Cola сусын компаниясы да Ресейден кетпек. Компания жағдайды бақылап отыратынын айтты.
Ресей Украинаға басып кіргелі әлемнің жүздеге ірі корпорациясы мен бренді Ресейдегі жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Мұның алдында Google, Facebook, Instagram, YouTube секілді онлайн платформалар ресейліктер үшін қызметін шектеген.
Ресейлік олигархтар Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды
Батыс санкциясының салдарынан көп қаражатын жоғалтқан Кремльге жақын ресейлік миллиардерлер Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, соғысты тоқтатуға шақырды.
Президент Владимир Путин айналасындағы магнаттардың бірі Олег Дерипаска 7 наурызда Туиттерде Украинадағы соғыс тез тоқтауы тиіс деп жазды.
"Бейбітшілік тез орнауы тиіс, біз қайта оралмайтын нүктеден өтіп кеттік... Тұтас әлем басқа болады, Ресей басқа болады" деп жазды ол.
Тағы бір магнат Владимир Лысин 7 наурыз Новолипецк қаласындағы болат өндіретін зауыт жұмысшыларына арнап жазған мәлімдемесінде "Украинадағы қантөгіс – трагедия, оны ақтау қиын" деп жазды. Новолипецк металлургия комбинатының басшысы қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, соғыс жақын арада аяқталады деп үміттенетінін жеткізді.
Ресейлік кәсіпкер Олег Тинков 6 наурызда өзінің миллиардерлер қатарынан шығып қалғанын, санкцияға байланысты көп қаражаттан айырылғанын хабарлады. Ол журналистерге енді бұдан былай өзін олигарх деп атамауды өтінген.
ПІКІРЛЕР