Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Еуропа елдері Украинаның болашақта Еуроодаққа қосылуын қолдады

Еуропа елдері Версальда өткен саммитте Украинаның болашақта Еуроодаққа қосылуын қолдады. Литва президенті Гитанас Науседа Туиттерде осылай деп жазды.

Оның айтуынша, бес сағатқа созылған пікірталастан соң украин еуроинтеграциясы қолдау тапқан.

"Процесс басталды. Оны тез жүзеге асыру енді украиндардың қолында. Украин халқын ЕО өз құрамында көргісі келеді" деп жазды Науседа.

Еуроодақтың Версальдағы бейресми саммитінің мәлімдемесі жұмаға қараған түні жарияланды. Онда Еурокомиссия Украинаның Еуроодаққа кіру жөніндегі өтініші жөнінде қорытынды беруі тиіс екені, оған дейін Киевпен әріптестік қарым-қатынас нығая беретіні айтылған. "Украина біздің еуропалық қауымға жатады", - делінген мәлімдемеде.

Еурокомиссия бағасы ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, дейді Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте. "ЕО-ға қосылудың жылдам жолы жоқ. Ол бар болса, ұйымға кіруді ұзақ күткен Черногория, Сербия, Албания және Солтүстік Македонияға әділетсіздік жасаған болар едік", – деп мәлімдеді ол.

28 ақпанда Владимир Зеленский Украинаның Еуропа Одағына кіруіне арыз тапсырды. Киев құжат көшірмесін Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишельге, Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйенге, сонымен бірге Еуропарламент басшысы Роберта Метсолаға жолдады.

Путин Украинадағы соғысқа Таяу Шығыстан келетін "еріктілерді" қатыстыруға рұқсат берді

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа (Кремль мұны арнайы операция деп отыр) Таяу Шығыстан "еріктілерді" қатыстыруға келісті.

Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Таяу Шығыстан Украинадағы соғысқа барғысы келетін 16 мың еріктіден өтініш түсті деп отыр. Бұл еріктілердің көбі – Сириядан.

Бұдан бөлек, Путин Шойгуге "ДХР" күштеріне "батыста жасалған" танкілер мен ату қаруларын беруді тапсырды.

Бұған дейін АҚШ қорғаныс департаменті Ресей Украинадағы соғысқа Сириядан жалдамалы солдаттар әкелуге тырысып жатыр деп мәлімдеген еді.

Ал америкалық Wall Street Journal басылымы АҚШ билігіндегі дереккөзіне сүйеніп, Ресей "Киевті алу үшін қала ішіндегі шайқастарда тәжірибесі бар" сириялық жалдамалы әскерилер алдырды деп жазды.

Сириялық белсенділер жүргізетін Deir Ezzor 24 сайты Ресей өткен айда сириялықтарға "Украинаға барып, күзетші болу үшін" 200-300 доллар жалақы ұсынған деп жазған еді.

Қазақстан халқы жинаған гуманитарлық көмек Украинаға жіберілді

11 наурызда таңертең астанадан 40 тонна гуманитарлық жүк тиелген екі фура Украинаға аттандырылды. Украина елшісі Петр Врублевскийдің сөзіне қарағанда, жүк көлігінде азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттар бар. Ол Украинаға көмек акциясына өте көп адамның үлес қосқанын айтып, қазақстандықтарға алғыс білдірді.

Елшілік өкілдерінің айтуынша, бұл Қазақстаннан Украинаға құрлық үстімен жіберілген алғашқы гуманитарлық көмек. Бұған дейін шамамен 25 тонна жүк тиелген борт ұшақ арқылы Украинаға жеткізілген.

Жүк көліктері Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния арқылы Украинаның Киев облысына жеткізілуі тиіс.

"Петропавл, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Алматы және өзге өңірлерден ғана емес, Қазақстанға жақын елдердегі азамататтар да үлес қосып жатқанына қуандық. Бізге көмек береміз деп Қытайдан жазды. Ресей, Беларусь сияқты оннан астам елден азаматтар жауап қатты" дейді еріктілердің бірі Рахымбек Әбдірахманов.

Еріктілердің айтуынша, Қазақстан бойынша "Ел болашағы" бастамасы арқылы 150 млн теңге жиналған. Оған негізінен дәрі-дәрмек, мерзімі өтпейтін тамақтар сатып алынған. Ол бойынша есеп келесі аптада толық жарияланады. Он мыңдаған адам дәрі-дәрмек, гигиена заттары, балалар киімі, аяқ киім сияқты заттар әкелік көмектескен. Он мыңдаған адам ақша жіберген.

Air Astana Ресей бағытындағы барлық рейсін тоқтатты

"Ресей Федерациясына баратын және ол жақтан келетін, Ресей аумағынан өтетін коммерциялық рейстерді сақтандыру тоқтағандықтан, осы бағыттағы рейстеріміздің бәрі тоқтайтынын өкінішпен хабарлаймыз" деп келтірді компания сөзін Tengrinews.kz.

9 наурыз күні Air Astana мен оның еншілес компаниясы FlyArystan Ресей бағытындағы кейбір рейстерін тоқтатып, мұны "өндірістік қиындықтармен" түсіндірген. Бірақ ол кезде Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Мәскеуге баратын рейстер жұмыс істеп тұрды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG