Зеленский соғыста 1300 украин жауынгері қаза болғанын хабарлады
Сенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Украина президенті Владимир Зеленский осындай мәлімет айтты. Бұл деректі тәуелсіз дереккөздерден растату мүмкін болмады.
Украина жағы Ресей армиясы 12 мың солдатынан айырылды десе, батыс сарапшылары шамамен 6 мың ресейлік әскери қызметкер опат болды дейді.
Ресей қорғаныс министрлігі адам шығыны жөнінде бір рет қана есеп берген. 2 наурызда ведомство 498 ресейлік солдат соғыс кезінде қаза тапты деп мәлімдеген.
БҰҰ мәліметінше, 24 ақпаннан бері Украинадағы соғыс кезінде 550-ден астам бейбіт тұрғын опат болған.
Киевтің солтүстік-батысындағы елді мекендерде шайқас жүріп жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің негізгі бөлігі қазір Украина астанасынан 25 шақырым жердегі аумаққа шоғырланғанын хабарлады. Ал танктер мен артиллериялар қоршалған аудандарды атқылап жатыр.
Ақпаратқа қарағанда, 12 наурызда таңертең Украинаның бірнеше қаласында адамдарға тығылу жайлы белгі беретін дабыл қағылған.
Киевтің оңтүстігіндегі әскери аэродромды ресейліктер зымыранмен атқылады деп айтылады. Васильков мэрі шабуылдың салдарынан әуежайдың ұшу-қону жолағы мен отын сақтайтын қоймасы бұзылғанын, оқ-дәрі қоймасы жарылғанын хабарлады.
Украина вице-премьері Ирина Верещук 12 наурызда бейбіт тұрғындарды бірнеше гуманитарлық дәліз арқылы көшіруге жағдай болар деп үміттенетінін жеткізген.
Алайда Киев облысының губернаторы эвакуация басталған кезде де атқылау тыйылмағанын, әуеден де соққы беру қаупі туындағанын айтты.
Мариупольде атыстың тоқтамауы қалаға азық-түлік пен су жеткізуге және бейбіт халықты көшіруге кедергі келтірген.
Украина сыртқы істер министрлігі 12 наурызда Ресей әскері Мариупольдегі мешітті атқылады деп мәлімдеді. Мешітте 80-нен астам адам болған, арасында балалар да бар. Кейбірі – Түркия азаматтары. Министрлік адам шығыны бар ма, жоқ па, ол жағын айтпады.
Қала билігінің мәліметінше, қоршауда қалған қалада 12 күн ішінде 1500-ден астам адам қаза болған. Атқылау үзілмегендіктен қаза болғандардың денесі жер қойнауына тапсырылмаған.
Осы аптада халықаралық қауымдастық Ресей әскерінің Мариупольдегі перзентхананы атқылауын айыптап, Мәскеуді әскери қылмыс жасады деп кінәлаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Украинада 29 медицина мекемесіне шабуыл жасалғанын растады. Соның салдарынан 12 адам қаза болған, арасында екі медицина қызметкері бар. 34 адам жараланған.
Украина билігі Ресейді елдің оңтүстігіндегі Николаев елді мекенінде бірнеше тұрғын үй мен онкологиялық диспансерді артиллериямен атқылады деп айыптады. Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, шабуыл кезінде ауруханада бірнеше жүз адам болған. Адам шығыны жайлы мәлімет жоқ.
Ресей әскері Киевтің оңтүстігіне қарай 470 шақырым жердегі Николаев елді мекеніне шабуылын үдетіп, қаланы қоршауға тырысып жатыр.
Ресейлік рэпер Face (шын аты-жөні Иван Дремин) Ресейден кетіп, Украинадағы соғысқа қарсы шықты.
"Мемлекет мені және жақындарымды өз үйінен, өз жерінен, өз отанынан бездірді. Оны отаным деп атаудан бас тартамын. Халыққа бәрібір – май мен нанға жететін ақшасы болса болды" деп жазды ол 12 наурызда Интаграмда.
Италияда ресейлік миллиардер Андей Мельниченконың суперяхтасы тұтқындалды
Бұл жөнінде BBC Орыс қызметі хабарлады. Құны шамамен жарты миллиард доллар тұратын 143 метрлік суперяхта әлемдегі ең ірі қайық болып есептелінеді.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін өзге ресейлік миллиардерлер сияқты Андрей Мельниченко да ЕвроХим және СУЭК компанияларының иесі ретінде Батыс санкциясына ілінген.
Бұдан соң ол компанияны бірден басқа адамдардың меншігі ретінде жаздырып, директорлар кеңесінен шығуға асыққан. Бірақ соған қарамастан яхтасы тұтқындалған.
Қайықтың дизайнын француз дизайнері Филипп Старк ойлап тапқан, немістің Nobiskrug компаниясының мамандары құрастырған.
ПІКІРЛЕР