Accessibility links

Азат етілген Херсон және алдағы қыс айлары. Енді соғыс қалай өрбиді?


Херсондықтар Ресейдің шегінгеніне қуаныш білдіріп тұр. 13 қараша 2022 жыл.
Херсондықтар Ресейдің шегінгеніне қуаныш білдіріп тұр. 13 қараша 2022 жыл.

Ресей мен Украина көп шығынға ұшырап жатқанда, соғыстың енді қалай өрбитінін алдағы қыс айлары көрсетеді дейді сарапшылар.

Ресей әскерінің Украинаның оңтүстік-шығысындағы Херсон қаласынан шегінуі Киев үшін кезекті жеңіс болды. Десе де, Украинадағы соғыс барысы әлі өзгеріп жатыр. Қыс жақындаған сайын соғыс жаңа кезеңге өткенде, басталғанына тоғыз айдай болған соғыс енді қалай өрбиді?

Херсоннан шегінген соң Ресей әскері Днепр өзенінің шығыс жағалауына, қаланың қарама-қарсы бетіне жайғасып, қорғаныс қойып жатыр. Әскери сарапшылар бұл – украин әскерінің қозғалысына кедергі келтіретінін айтады. Екі жағалауды байланыстырып тұрған Антонов көпірінің қирауы Украина әскерінің ресейліктердің ізіне түсуін қиындатады.

"[Ресейдің Херсоннан] әскер шығаруы алдын ала дайындалған. Мұның Кремль [шегінетінін] жарияламас бұрын басталғанын білеміз" дейді Украина қауіпсіздік қызметінің полковнигі Роман Костенко "Настоящее время" телеарнасына. "Әскери тұрғыдан алғанда, шегінетінін жасырып, Украина күштеріне миналанған жерлерді қалдырып, сауатты әрекетке барды".

Украинаның шығысында Ресей әскері Бахмут пен Павловка қалаларын басып алуға талпынып, Украина күштері оған тойтарыс беріп жатыр. Салдарынан екі жақтан да көп адам қаза тауып жатыр.

Украина парламентінің депутаты қызметін қатар атқаратын Костенко жуырда Снигиревка қаласын босату операциясына қатысқан. Украинаның Николаев облысындағы бұл қала Херсонның солтүстік-шығысына қарай 50 шақырым жерде орналасқан. Костенконың айтуынша, Ресей Херсоннан алып кеткен әскерін солтүстікке қарай жіберуі ықтимал.

"Олардың қайда бара жатқанын көріп отырмыз" дейді ол. "Қазір басты мақсат – өзеннің оң жағалауына өтіп жатқан Ресейдің сарбаздары мен техникасының санын мейлінше азайту".

Сарапшылар мен дипломаттар қыс түскенде әскери қимылдар бәсеңдейтінін, екі жақ та күштерін қайта топтастыруға тырысатынын айтады. Өйткені қыста шабуылға қажет әскер мен қару-жарақтың қозғалысы қиындай түседі.

Батыс елдерінде осы бір кезеңді келіссөз бастауға пайдалану қажет дейтін пікірлер айтыла бастады. АҚШ штаб басшыларының бірлескен комитетін басқаратын генерал Марк Милли бұл кезеңді "мүмкіндіктер терезі" деп атап отыр.

Бірақ Украинаның өзі болса, соғыс қарқынын бәсеңдету Мәскеуге басып алған жерлерінде бекінуге, үлкен күшпен қайта шабуылдауға мүмкіндік береді дейді. Олар мұның дәлелі ретінде Ресейдің Украинадағы әскерінің қолбасшысы Сергей Суровикиннің сөзін мысал етеді. Суровикин Херсондағы әскерді өзге жерде пайдаланамыз деген еді.

Суровокин Херсоннан шегінудің орнын шығыста жеңіске жету арқылы толтыруға болатынын айтып, Ресей президенті Владимир Путинді солай ғана көндіре алған болуы ықтимал дейді Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі, қазір Вашингтондағы Атлант кеңесінің мүшесі Андрей Загороднюк.

"Сондықтан Украина алдағы апталарда Донбасстағы эскалацияға дайындалуы керек" дейді ол.

СОҒЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ресей әскері Харьковтан шегініп, сәтсіздіктер тізбегі ұзарған соң, Кремль ішінара мобилизация жариялады. Бірақ жаңа әскер соғыс динамикасына әсер ете алған жоқ. Қазір сарбаздардың әскери рухы төмен екені, соғысқа дайындалмағаны, дұрыс қаруланбағаны айтылып жүр.

"Настоящее время" Луганск облысындағы Святовоға мобилизацияланған сарбаздардың туыстарымен тілдескен. Олар соғыс майданындағы жағдайдың қиын екенін, қару мен оқ-дәрілердің жетіспейтінін айтады. Сарбаздардың кейбірі соғысты жалғастырудан бас тартқаны үшін, әскери уақытта бұйрық орындамағаны үшін қамауда отыр.

"Ағам байланысқа шығып, [Украинаның] шығысында Зайцеводо жертөледе отырғанын айтты" дейді Екатерина Белова соғысқа кетпей тұрып Мәскеу маңындағы KFC мейрамханасында менеджер болып жұмыс істеген бауыры Алексей Арсютин жайлы. "[Алексей] онда 250 адам болғанын айтты".

Алла Петровна ұлының хабарласқанын, соғысудан бас тартқаны үшін басқа адамдармен қамауда отырғанын, оларды ұстап отырған ғимаратта еш жағдай жасалмағанын айтады. Ұлы сондай-ақ командирлердің сарбаздарға соғыстан бас тарту құжатына қол қоюға мәжбүрлеп, қысым көрсетіп жатқанын баяндаған.

Анастасия Дутованың күйеуі Ресейдің Курск облысынан соғысқа шақырылып, Луганскіге жіберілген. Ол – мобилизацияға ілінгендердің әйелдерімен бірге жергілікті прокуратураға жүгінген. Олардың күйеулері кіретін бөлім Украинаның шығысында шабуылға ұшыраған. Сарбаздар әйелдеріне стратегия мен қолбасшылықтың нашар екенін айтқан.

Олар үндеу жазғанын, оларға адам жіберілетіні айтылғанын, бірақ күйеуінің әлі де соғыстың алдыңғы шебінде жүргенін айтады.

"Көбі жараланған, қаза тапқан. Кейбірі қансырап қалған" деді Дутова. "Басқалары суық тиіп ауырып жатыр, кейбірі пневмонияға шалдыққан".

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Сарапшылар алдағы апталарда әскери әрекеттерді, Киев пен Мәскеудің алдағы қадамдарын бақылаумен болатынын айтады.

10 қарашада Нью-Йоркте өткен экономикалық клуб жиынында Милли 24 ақпаннан бері Украина мен Ресей тарапынан жүз мыңнан астам адамның қаза тапқанын айтты.

Кейбір сарапшылар Ресейдің сәтсіздіктері мен шегінуі кезінде Мәскеудің Украинамен келіссөз жасауға дайын болатынын айтады.

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігіндегі кей шенеуніктер, оның ішінде генерал Милли қыста дипломатияға назар аудару керек дейді. Бірақ бұл тек аздаған адамның ұстанымы екені айтылды: АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливан Киевке қысым көрсетпейтінін айтты.

"Украинасыз Украина туралы ештеңе [шешілмейді]" деп жауап берді Байден 9 қараша күні келіссөздер туралы сұраққа.

Келіссөз бола қалса, оның қаншалық жемісті болатыны жайлы да қауіп бар. Әзірге Мәскеу Ресейдің заңсыз басқыншылығын Киевтің мойындағанын қалап отыр. Сонымен қатар Мәскеу атысты тоқтатуды күшін қайта қалпына келтіріп, Украинаға жаңа шабуыл жасау үшін пайдаланбай ма деген де қауіп бар. Украина шенеуніктері де соғысты жалғастыруға, жерлерін қайтаруға ниетті екендерін білдіргендей болды.

"Соғыс алдағы қыста аяқталмайды" деп жазды жуырда отставкаға кеткен генерал-майор Мик Райан Австралия ABC телеарнасына. "Бірақ күрес темппен жалғасады. Бұл саяси және әскери лидерлерге алдағы қанды жылды жоспарлауға мүмкіндік береді".

"Настоящее время" тілшілерінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG