Билік басындағы былыққа деген халық наразылығының дүрмегімен осыдан екі жыл бұрын украин парламентіне депутат болып сайланған Александр Онищенко өзінің де қолы былғанғанын айтады.
47 жастағы Онищенконың айтуынша, ол президент Петр Порошенкоға берілген адам ретінде оның қасында делдал қызметін атқарып, премьер-министрді қаралауға қатысып, параның уақтылы төленуін бақылап отырған-мыс.
Олимпиадаларға шабандоз болып қатысып, кейін саясаткерге айналған оның бұл делдалдығы «шілде айында аяқталған». Украина парламентінің депутаттары Бас прокуратураға мемлекеттік газ компаниясының төңірегінде ақша ұрлау схемасын жасап, миллиондаған доллар «откат» жасап жүргені үшін Онищенконы депутаттық иммунитетінен айырып, сотқа тарту туралы арыз берді.
Ал бұдан бірер апта бұрын ғана шетелге қашып кеткен Онищенко сыртта жүріп өзінің кінәсіз екенін айтып ақталумен әуре.
Осы айдың басында Украина қауіпсіздік қызметі депутатқа «отанына опасыздық жасады» деген айып тағып, іс қозғады.
Онищенко Азаттықтың «Настоящее время ТВ» телеарнасы және басқа да ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Ұлыбританиядан саяси баспана сұрап жатқанын және президент Петр Порошенконың жемқорлығын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтары бар екенін айтқан.
Азаттыққа 2 желтоқсанда «Скайп» арқылы берген сұхбатында ол:
- Президент Порошенконың жемқорлығын дәлелдейтін құжаттарды [ФБР-ге] бердім. Бары – сол, - деді.
Өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтын Онищенко қазіргі тұрып жатқан орнын жарияламауды өтінді.
Порошенконың кеңсесі желтоқсанның 7-сі «күдіктінің әдейі ойлап тапқан нәрселері» деп, Онищенконың сөзін жоққа шығарды. Ресми мәлімдемеде Онищенконың «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып», мемлекетке 1,6 миллиард гривна ($62 миллион) шығын келтіргені айтылады.
Президент кеңсесі «Жазадан құтылу үшін Онищенко мырза өзіне қатысты қылмыстық істі саясиландырып, өзін саяси қуғын құрбаны етіп көрсеткісі келеді» деп мәлімдеді.
Қай тұрғыдан алып қарасақ та, Онищенконың бұл айыптауы – бұрын болмаған ерекше құбылыс. Ерекше болатынының бір себебі – ол президенттің одақтасы болып жүрген кезінде-ақ сөйлеген сөздерін аудиотаспаға жазып, СМС-хаттарды сақтап жүрген.
Дегенмен мұндағы ең басты ерекшелік – Онищенконың Порошенконы тергеуді сұрап АҚШ-тың әділет органдарына өтініш айтуында болып тұр. Ресейдің шабуылы мен Украинадағы бүлік кезінде Вашингтон мен Еуропа елдері дәл осы Порошенкоға үміт артып, қолдау білдірген еді.
- Мен онымен екі жыл бірге жұмыс істедім. [Киев мэрі Виталий] Кличкомен және басқа көп депутатпен бірге ол жүргізген келіссөздердің барлығын бақылап, қасында еріп жүрдім. Президенттің командасында болып, оның тапсырмаларын тікелей орындадым, - дейді Онищенко.
Порошенконың кеңсесі мұндай әріптестік болғанын мүлде жоққа шығарып, Онищенконың «команда мүшесі болғаны» туралы әңгімені ойдан шығарғанын және «мұндай жаманаты бар адамдардың командаға мүше бола алмайтынын» айтты.
АҚШ-тың ресми мекемелері «құжаттар мен аудиотаспаларды тапсырдым» деген Онищенконың сөзіне қатысты пікір білдіруден бас тартты. Киевтегі АҚШ елшілігі барлық сұрақтарды АҚШ әділет департаментіне жолдау туралы кеңес берді. Ал Вашингтонда әділет департаментінің баспасөз хатшысы Питер Карр Онищенкодан қандай да бір материал алғанын, онымен кездескендерін растамады да, жоққа шығармады.
Азаттыққа электрондық пошта арқылы жауап берген П.Карр: «Жалпы айтқанда, жеке адамдардың әділет департаментіне келіп, ақпарат беремін деуі – жиі кездесетін құбылыс. Департаменттің прокурорлары мен құқық қорғау агенттері АҚШ заңдарын бұзуы мүмкін деген адамдарға қатысты ақпаратты алу үшін олармен кездесуге тырысады, бірақ кездесу болған күннің өзінде бұл ондай заң бұзушылықтың болғанын растамайды, немесе әлгі адамның берген ақпаратының шын екенін көрсетпейді» деп жазды.
Украинаның АҚШ-тағы елшісі Валерий Чалый Онищенконың АҚШ әділет департаментіне құжат берген, я бермегені туралы пікір айтудан бас тартты.
Украина әлемдегі жемқорлық кең жайлаған елдердің қатарында жиі аталады. Мұнда екі түрлі уағдаластықтар, бағасы жасанды түрде жоғарылатылған келісім-шарттар, парақорлық және бизнес пен саяси элитададағы басқа да заңбұзушылықтар туралы жиі айтылады.
Халықаралық қаржы ұйымдары 2014 жылғы Ресейдің Қырымды аннексиялауынан кейін басталған экономикалық қиындықтар мен әлі жалғасып жатқан соғыс кезінде Украинаны құрдымға жібермеуге жәрдемдесетін қаржылық көмек реформалардың дұрыс жүрмеуінен және жемқорлықтың кесірінен желге ұшуы мүмкін деп ескерткен.
Порошенконың өзіне де «жемқорлықпен айналысты» деп жиі айып тағылып тұрады, бұл істердің көбі оның Roshen шоколад фабрикасы мен «5 канал» телеарнасына қатысты.
Осы даулардың кесірінен елдің беделін өсіріп, Порошенконың имиджін жақсарту үшін қызметке алынған министрлер мен басқа да лауазымды тұлғалар орындарынан кетті.
Ақпан айында литвалық экономика министрі Айварас Абромавичус «жүйелі және маңызды реформаларға тосқауыл қою әрекеттеріне байланысты» қызметінен кететінін мәлімдеді.
Порошенконың өзі Одесса облысын басқару үшін арнайы шақырған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили президентті «маңызды реформаларды жүргізуге саботаж жасады» деп айыптап, өткен айда орнынан кетті.
Азаттық радиосының «Настоящее время» телеарнасына берген сұхбатында Онищенко Порошенконың берген тапсырмаларының арасында сол кездегі премьер-министр Арсений Яценюктің рейтингін түсіріп, сол арқылы президенттің жақтастарына орын босатудың кешенді схемасы болғанын айтты. Батыста беделі бар технократ саналатын Яценюкті Украинаның кейбір бизнес топтары көлеңкедегі келісімдерге кедергі келтіретін адам деп, аса жақтыра қоймаған.
- Сол кезде [Порошенконың] билігін нығайту мақсаты қойылды, себебі ол президент болып сайланғанда билік іс жүзінде премьер-министрдің қолында шоғырланған еді. Яғни, кабинет түгел премьерге бағынды. Ал Порошенко кедергі келтіріп, мазасын ала берген Яценюкті өзінің жауы санады, - деді Онищенко.
Яценюк сәуір айында қызметінен кетті, оның орнына көп сарапшылар президенттің арқасында саяси карьера жасады деп санайтын «Петр Порошенко блогының» мүшесі Владимир Гройсман келді.
Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, Ресейдің Қырымды өзіне қаратуы және шығыстағы Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистермен соғыс Порошенконың рейтингін төмендетті.
Президенттің жеке мүлкі туралы декларацияда Испаниядағы қымбат вилласын көрсетпеуі, украиналықтардың Еуропаға визасыз кіріп-шығуына мүмкіндік беретін Еуропа Одағымен арадағы келісімге қол қойылмауы оның беделін одан сайын түсірді.
Бірақ Киевте орналасқан «Разумков орталығы» жүргізген сауалнама қорытындыларына қарағанда, президент сайлауы қазір өткен жағдайда Петр Порошенко халықтың 16 пайызының қолдауына ие болып, үміткерлердің көшін бастаған болар еді. Одан кейінгі орындарды «қызғылт-сары төңкеріс» лидерлерінің бірі, экс-премьер Юлия Тимошенко (11,5 пайыз) және бұрынғы энергетика министрі, оппозициялық блок басшысы Юрий Бойко (9,4 пайыз) иеленді.