1944 жылы Қырымнан депортацияланғандар арасында Жамаланың (Джамала деп те атайды – ред.) үлкен әжесі мен өзге де туыстары болған. Жамала сахнаға шығар алдында ресейлік телекомментаторлар «1944» әнін «жайлы тұрмыс іздеген жандар туралы ән» деп таныстырған.
Eurovision байқауының жаңа ережесі бойынша, әншілер өнерін биылдан бастап көрермендер ғана емес, байқауға қатысқан әр елдің кәсіби төрешілері де бағалайды. Жамаланың Сергей Лазаревтің алдын орап кетуіне көбінесе осы жүйе көмектесті. Көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша, Лазарев бірінші орын алғанымен, қазылар алқасы оған 5-орын берді. Жамала бұл екеуінде де 1-орын алған жоқ, бірақ жиынтық дауыс нәтижесі бойынша жеңіп шықты. Келер жылы Eurovision байқауы Украинада өтеді.
Жүлде алған Жамала қуанышын жасырмады, бірақ әніне арқау болған қасіретті сюжет жайлы ұмытпады. Байқаудан кейінгі баспасөз жиынында «Eurovision-2017 азат Қырымда өтеді дегенге сенесіз бе?» деген алғашқы сұрақ әншіге Қырым татарлары тілінде қойылды. Жамала тура жауаптан жалтарғанымен, «Байқау, әрине Украинада өтеді, бірақ нақты қай жерде өтетінін әзірше білмеймін» деді.
Байқаудан сәл бұрын Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында әнші «Әнді айтқан кезде көз алдыма бүр жарып, жайқалып өскен ағаш елестейді. Мұның символдық нышаны бар - Украина да, Қырым да осылай қайта түлеп, біздің бүкіл бейнет, азабымыздың орнын тап-таза, жарқын, әлдебір ізгілік басады. Мүмкін, тым аңғал шығармын, бірақ бүгін Стокгольмде Евровидение сахнасында шырқаған әнім жұртқа теңіз тамшысындай болса да әсер етіп, Қырым ата-бабамның мекені, менің отаным, жүрегім сол жақта екеніне жұртты сендіре аламын деп үміттенемін» деген болатын.
1944 жыл - Қырым татарлары депортацияға ұшыраған жыл. Небәрі екі күн ішінде – мамырдың 18-і мен 20-сы аралығында Қырымнан 200 мыңдай адам күшпен көшірілген. Олардың көбін Өзбекстанға апарып, жапан далада қалдырып кеткен немесе тұрмысқа жайсыз барактарға орналастырған. Жер аударылғандардың 46 пайызы ауру-сырқаудан, аштық пен суықтан қаза тапқан. Украинаның Жоғарғы радасы (парламенті - ред.) Қырым татарларын депортациялауды геноцид деп танып, мамырдың 18-ін Геноцид құрбандарын еске алу күні деп жариялаған.
Қырым татарлары меджлисі төрағасы орынбасары Нариман Желалов «Жамала бұл әнді ойдан шығарып, әлдебір қиялмен жазған жоқ. Ол айналасындағы жұрттың, отандастарының айтқандарын естіп, олардың сезімдерін көрді. Оның үмітпен жазған бұл әні біреулерге қарсы жазылған ән емес. Бұл ән оның отандастары, туған халқы жақсы өмір сүреді деген үмітінен туған. Әндегі түйінді сөздердің бірі – «Біз - еркін адамбыз». Біздің еркін болғымыз келеді. Әнде өткен заманның зар-мұңы да, болашаққа деген үміт те бар. Әнді тыңдаған кезде көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Бұл - оның ата-бабалар алдындағы тағзымы әрі қазір болып жатқан жағдайға қатысты көзқарасы, жақсылықтан үміттенуге шақырған үндеуі» дейді.
Байқаудағы жеңісінен кейін «1944 жылы Қырымнан депортацияланған үлкен әжеңіз жайлы не айтар едіңіз?» деген сауалға Жамала «Бұл сұмдықтың, үлкен әжемнің басынан өткен қасіреттің мүлде болмағанын қалар едім. Мұндай әннің де мүлде шықпағаны жақсы еді» деп жауап берді. Жамала әулетінің тағдыры жайлы Азаттыққа бұған дейін де баяндап берген болатын.
- Мен бұл әнді байқау үшін шығармаған едім. Оны былтыр «Подих» («Тыныс») әндер жинағыма қосқым келген. Бірақ мағынасы жағынан да, әуені жағынан да ондағы әндермен үйлеспеді. Мен үшін бұл - әрдайым өте маңызды тақырып. Үлкен әжемнің депортация жайлы айтып отыратыны есімде. Ол кезде тым кішкентай болдым да, әңгімесінің көп жерін ұмыттым. Кейін депортация туралы атам мен әкем айтып берді, жалпы бұл тақырып біздің шаңырақта жиі қозғалатын. Соғыс кезінде үлкен әжем Қырымдағы Малореченск селосында тұрған. Оның бес баласы – төрт ұлы мен қызының аралары бір жастан болыпты. Олардың да әжеммен бірге вагонға тиеп, белгісіз жаққа алып кеткен. Бір жастан енді асқан қызы Орталық Азияға әкеле жатқан жолда шетінеген. Оны тіпті адам сияқты жерлеуге де мұрсат бермеген. Үлкен әжем кенжесін өмірінің ақырына дейін жоқтап өтті. Жанымды ауыртқан тақырып болғандықтан, үнсіз қала алмадым. «1944» әні осылай пайда болды, - дейді Жамала.
Жамала, «1944», Ресейде көрсетуге тыйым салынған Қырым татарларын депортациялау туралы «Хайтарма» фильмі кадрларынан жасалған клип:
- Ал кейін әулеттеріңіз Қырымға қалай оралған?
- 1986 жылы оралдық. Әкем үлкен атам мен әжем тұрған, сол кісілер депортацияланған селоға оралғысы келді. Малореченскінің өзіне көшіп келдік, айтпақшы үлкен атам қазып кеткен құдықты бүкіл ауыл әлі пайдаланып отыр. Әкемнің «қайтсем де атажұртыма оралам» деген ойы ақыры көп қиындықтармен болса да орындалды. Тегі Қырым татары деп жазылғандықтан, оны тіркеуге қоймады. Оның үстіне, Қырым татарларына үй сатылмасын деген жазылмаған тыйым бар болатын. Ақыры әке-шешем айла-шарғыға жүгінген. Екеуі қағаз жүзінде ажырасып, шешем өз атына - армян тегіне жаздырып, үй сатып алған. Сөйтіп Қырым татарлары ішінде алғашқылардың бірі болып Қырымнан үй сатып алдық. Анам фортепианодан сабақ беретін, ал әкемнің мамандығы – дирижер. Бірақ ол бала-шағасын музыкамен асырай алмайтынын түсініп, жеміс, көкөніс өсірумен айналыса бастады. Біздің үйдің үлкен бағында інжір де, құрма да, анар жемісі де өседі...
- Эстрадалық музыкада әрі мына сияқты байқауларда айтылатын әндердің көбі әдетте жаралы жүрек, сәтсіз махаббат сияқты жеке тағдыр тақырыптарына жазылады ғой...
Музыка, кино, яғни жалпы мәдениет кісілікке тәрбиелейтін тақырыптарды қозғау үшін керек. Әйтпесе ол миымызды құр толтырып тұратын сандырақ болып шығады. Мәдениет бойымыздағы адамгершілікті оятуы тиіс!
- Шындығында, мен үшін бұл - жеке тағдырыма қатысы бар, мен үшін маңызды тақырып; нақты оқиға, нақты тағдыр жайлы ән. Бірақ әннің екінші бөлімінде жұрттың бәріне ортақ дүние, яғни егер мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермесек, адамдар еркін өмір сүретін жарқын болашаққа жетеміз деген ой айтылады. Мұндай қасірет енді қайталанбауы үшін оны жадымызға тұтуымыз қажет. Ән замандастарыма арналған. Шындығында, толеранттық тақырыбы әлі өзекті, төзімсіздік әрекеттерін Ресейде де, Украинада да күн сайын ұшыратамыз. Өздері сияқты жандарды вагондарға тиеп, үш апта ас-сусыз қамаған әлгі кісілерде жүрек болмағаны ма? Мұндай оқиғалар қайталанбас үшін оны айтуымыз керек, сақтандыруымыз керек. Музыка, кино, яғни жалпы мәдениет кісілікке тәрбиелейтін тақырыптарды қозғау үшін керек. Әйтпесе ол миымызды құр толтырып тұратын сандырақ болып шығады. Мәдениет бойымыздағы адамгершілікті оятуы тиіс! Мен музыка ең ізгі сезімдерді оятуға қабілетті екеніне сенемін!
- Мектепте тарих пәні сабақтарында депортация тақырыбына назар аударылушы ма еді?
- Жоқ, ол туралы айтылмайтын. Болгарлар, гректер, армяндар сияқты көптеген халықтар депортацияланған деп атүсті түсіндірілетін. Олар шынымен Қырымда тұрған ұлттар, бірақ азшылық ұлттар болатын, бұл - көбінесе Қырым татарларының депортациясы. Мектепте бұл деректі айналып өтуге тырысатын. Ол замандағы режимнен бәрі зардап шекті деп айта салатын. Ал бір жағынан, шынымен өте көп халық зардап шекті ғой. Қазір көп хаттар аламын, өйткені мұндай қасіретке еврей, армян, әзербайжан, болгар халқының бәрі тап болды ғой. Көп адамдар өз отбасының тарихын еске алып, «әжем айтып еді...» деп жазады. Бұл ән талайға дейін айтылмай келген естеліктерді қозғады.
Жамаланың жеңісінен кейінгі Ресей және Украина журналистерінің пікірталасы:
Ресейдің ресми тұлғалары алдын ала болжанғандай, Жамаланың жеңісін жақтырмады. Мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасы Алексей Пушков «Eurovision ән байқауыы емес, саяси айқас мен тарихи бақастық алаңына айналып барады» деп мәлімдеді.
Федерация кеңесінің халықаралық істер комитеті басшысы Константин Косачев байқау нәтижесін «музыка қырғиқабақ соғыстан ұтылды», байқау нәтижесін «геосаяси нұсқаулар анықтады» деп санайды. Батыстың танымал рок-топтарының шығармашылығы туралы комментарийлері биыл шу тудырған әнші Юрий Лоза да тартынып қалмады. Лоза «Говорит Москва» радиосына берген сұхбатында Жамаланың жеңісіне қатысты комментарий бермегенімен, сәтсіздікке ұшыраған Сергей Лазаревты жерден алып, жерге салды.
«Төлқұжатындағы аты-жөні болмаса, Лазаревтің бойында орысқа тән ештеңе жоқ. Тұла бойы - британдық. Ол мені, менің мәдениетімді жер қылды. Бүкіл Еуропаға бізді дені дұрыс ән шығаруға да қабілетсіз, тіл, мәдениет, композитор атаулыдан жұрдай ақымақ орыс ретінде көрсетіп, бәрімізге ауыр соққы берді. Бізді лақтырған бананға мәз болатын, шведтердің алдында құрақ ұшатын ел етіп көрсетті» дейді.
Светлана Павлова, Ирина Лагунина, Марк Крутов бірігіп жазған мақала орыс тілінен аударылды.