Accessibility links

Қырым депутаттары Ресейдің ығына жығылды


Қырымдағы Ресейшіл тұрғындар шеруі. Симферополь, 9 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы Ресейшіл тұрғындар шеруі. Симферополь, 9 наурыз 2014 жыл.

6 наурызда Украинаның Қырым автономиялық республикасы парламенті Ресейге қосылуға дауыс берді. Ал жергілікті билік осы шешімді бекітетін референдум 10 күннен кейін өтетінін хабарлады.

Қырым парламентіндегі ресейшіл депутаттар Ресей Федерациясының құрамына өтуге 78:0 есебімен дауыс берді. Солайша олар заңдық кедергілерді жойып, Ресейдің түбекті өзіне қосып алуына жәрдемдеспек.

Наурыздың 6-сы күні Қырым депутаттары осы мәселеге қатысты референдумның алдында белгіленген уақыттан 10 апта бұрын, 16 наурызда өтетінін мәлімдеді.

Қырымның бірінші вице-премьері Рустам Темиргалиев түбектің Ресейге қосылуы туралы шешім «қабылданған күннен бастап күшіне енеді» деді.

Темиргалиев 16 наурыздағы референдум «парламент қабылдаған шешімді халықтың мақұлдауы үшін қажет» дейді. Шын мәнінде, ондай референдумды наурыздың 17-сі күні Ресей думасы Қырымды өз құрамына қабылдау үшін талқылайтын заң жобасы талап етеді. Ресей Қырымдағы екі әуежайды басып алған 28 ақпаннан бері мәскеулік депутаттар мен Қырымдағы ресейшіл заң шығарушылардың күш біріктіргені айдан анық.

Ресей әскери күштерін енгізерден бірнеше сағат бұрын Қырымдағы ресейшіл депутаттар мамырдың 25-ін (Украинада мерзімінен бұрын жалпыхалықтық президенттік сайлау өткізетін күн) түбектің Украинадан бөлінуін дауысқа салу үшін референдум өткізетін күн ретінде жариялаған еді.

РЕСЕЙДІҢ КӨЗҚАРАСЫ

Ақпанның 28-і күні Ресей мемлекеттік думасы Ресей құрамына шетелдік аумақтарды қосу тәртібін жеңілдету туралы заң жобамен танысты. Заң жобасында «егер шешім шетелдік аймақтың мемлекеттік билік органдарының талабына сай қабылданса, Ресей де сол аймақты өз құрамына қабылдай
Қырымдағы Ресейге қарсы тұрғындар шеруі. Симферополь, 8 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы Ресейге қарсы тұрғындар шеруі. Симферополь, 8 наурыз 2014 жыл.
алатыны» айтылған. Сондай-ақ Ресейге қосылуға өтініш білдірген шетелдік аймақ «сол шет елдің заңы бойынша референдум өткізуге тиіс».

Заң жобасын ұйымдастырушылардың бәрі - Кремльдің солшыл бағыттағы «Справедливая Россия» партиясының мүшелері. Бұл фракцияның жетекшісі және жобаның негізгі өкілі Сергей Миронов ақпанның 27-сі күні Қырымға барып қайтты.

Ақпанның 28-і күні фракцияның мүшесі Елена Мизулина «Справедливая Россия» партиясының сайты арқылы заң жобасының негізін түсіндірді.

«Ресей кез келген жағдайға дайын болуға тиіс, оған референдумның нәтижесі немесе аймақтағы үкіметтің заңды түрде сайланған органдары сол аймақты Ресей құрамы алу туралы өтініш білдіруі де кіреді. Біз оған бастамашы бола алмаймыз, бірақ осындай өтініш түскен жағдайда оған жауап беретін заңымыз болуы керек» дейді ол.

Одан соң думадағы «Справедливая Россия» өкілдері заң жобасын Ресей
Қырымда жүрген Ресей әскері. Украина, 5 наурыз 2014 жыл.
Қырымда жүрген Ресей әскері. Украина, 5 наурыз 2014 жыл.
парламентінің төменгі палатасы наурыздың 11-інде оқитынын хабарлады. Думадағы ресми күн тәртібінде оның 17 наурызда қаралатыны жазылған.

Ал «Единая Россия» партиясының думадағы депутаты Леонид Слуцкий қырымдық депутаттардың жұма күні думаға келетінін мәлімдеді. Слуцкий – ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі мемлекеттік дума комитетінің төрағасы. Ол думада заң жобасын қарастыру 16-17 наурыз күндері, референдум өткен соң және Ресей президенті Владимир Путин жобаны саралап болған соң өтетінін айтты.

«Мемлекеттік дума бұл мәселеге қатысты кез келген заңды Қырымдағы референдум өткен соң және Ресей басшысы өз ұстанымын айқындаған соң ғана талқылайды» дейді ол.

УКРАИНАНЫҢ ПІКІРІ

Брюссельде Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Қырым парламентінің Ресейге қосылу туралы шешімі заңсыз екенін мәлімдеді.

«Бұл - заңсыз шешім, бұндай референдум еш заңға негізделмеген. Сондықтан да біз Ресей үкіметінен Украинаны бөлуге ұмтылғандарды қолдамауды сұраймыз. Қырым Украинаның бір бөлігі болған, солай болып қала береді» дейді ол.

Қырым депутаттары мен ресейлік заң шығарушылар бірлесе жұмыс істеп, қосымша заң жобасын жасап шығарған күннің өзінде халықаралық құқық оны «аумақтық тұтастықты бұзу» деп қарастырады. Сарапшылар Киевтегі билік пен Украинаның басқа аймағындағы сайлаушылардың қатысуынсыз өткен шараның заңды емес екенін айтады.
Ешбір мемлекет басқа елдің құрамындағы аймақты сол аймақ халқы өткізген референдум нәтижесі бойынша өзіне қоса алмайды.
Чикагодағы деПоль университетінің профессоры Барри Келлман.

«Ешбір мемлекет басқа елдің құрамындағы аймақты сол аймақ халқы өткізген референдум нәтижесі бойынша өзіне қоса алмайды. Бұл аумақтық тұтастықты бұзу деп саналады. Егер Канаданың бір провинциясы АҚШ-қа қосылғысы келсе, АҚШ оларға: «Жақсы, біздің 51-штатымыз бол» десе, бұл аумақтық тұтастыққа қол сұғу» дейді Чикагодағы деПоль университетінің халықаралық құқық бойынша профессоры Барри Келлман.

Қырымдағы орыс қауымының жетекшісі Сергей Цеков журналистерге «қырымдықтардың басым көбі отанымен қайта қауышуды бақыт санайтынын» айтты.

«Біз тәуелсіздік жолын таңдамадық. Біз Ресей мен Қырымның бірігуін қалаймыз. Қырым автомониялық республикасы Ресей субъектісі ретінде оның құрамына енсе дейміз» дейді ол.

Бірақ Қырымда Ресейге қосылуға қарсы фракциялар да бар. Наурыздың 6-сындағы дауыс беру кезінде 22 депутат үнсіз қалды немесе сайлауға келмеді. Қырым татарлары меджлисінің басшысы Рефат Чубаров Симферопольде татар халқының референдум нәтижесін мойындамайтынын айтты.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG