Джемилевті Қырымға кіргізбеді
Өзін өзі жариялаған Қырым билігі мамырдың 3-і күні Қырым татарларының лидері Мустафа Джемилевті Қырымға кіргізбей қойды. Джемилевті қарсы алуға келген бірнеше мың адам, әуеге қарата оқ атқан автоматқа да тоқтамай, Армянск қаласындағы ресейлік арнайы жасақ сарбаздарының бөгетін бұзып өтті. Бірнеше сағатқа созылған тосқауылдан соң Қырым татарлары меджлисінің бұрынғы басшысы Мустафа Джемилев Киевке оралды. Бұған дейін, 2 мамыр күні Джемилевті Мәскеу әуежайында Қырымға қатынайтын ұшаққа отырғызбай қойған еді. Енді ол 7 мамыр күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының отырысына қатысуға Вена қаласына бармақшы. Қырымға тағы келесіз бе деген сауалға «иә» деп жауап берген Джемилев нақты қай күні келетінін айтқан жоқ.