Украина коммунистік белгілерден құтылу жолындағы ауыр күресін бастады, ал елдің орталық-шығысындағы Днепропетровск қаласының басшылығы әзірге бұл қыруар шаруаны қалай атқару жайын кеңесіп жатыр.
ЕКІ АЙДА ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ
Қаладағы үлкен өнеркәсіп – Петровский металлургиялық зауыты – революционер большевик Григорий Петровский құрметіне аталған. Петровский - революцияның алғашқы жылдарында мемлекеттік қауіпсіздік комитеттерінің бірін басқарып, мемлекеттік террор саясатын қолдаған, украин ұлтшылдығына қысым көрсеткен адам. Ал зауыт қаланың Ленинский ауданында тұр. Қала атауына да осы Петровский есімі қосылған.
«Правда газеті» даңғылы, Дзержинский көшесі, Киров даңғылы. Мұндай атаулар жетіп артылады, жаңадан қабылданған заңға сай осылардан құтылу қажет. Қаланың өз атауы мен сегіз ауданды қоспағанда, шамамен 80-ге жуық көше, жағалау, алаң мен бульвар атауын өзгерту керек.
«Біз барлық шараға екі айдан аса уақыт береміз» дейді Днепропетровск қалалық кеңесі басшысы міндетін атқарушы және жаңадан құрылған комиссия мүшесі Вадим Шебанов. Ол маусымның 8-і күні өткен комиссия отырысында «Атауы өзгертілуге тиіс жерлер мен олардың жаңа атаулары жайлы тізімді осы уақыт шегінде өткізу керек. Тағы бір міндет – Ленин ескерткіштерінен құтылу. Қалада оның ескерткіштері көп» деген.
Мамырдың 15-і күні Украина президенті Петр Порошенко алты айдың ішінде советтік ескерткіштерді (Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты қойылғандардан басқасын) жою және коммунистік атауларды өзгерту туралы заңға қол қойды. Демек, елдегі 20-дан астам қала мен мыңдаған орындардың атауы өзгеруі тиіс.
Осы аптадағы бірінші отырысында Днепропетровск комиссиясының 46 мүшесі бұл күрделі міндетті атқару жайлы сөйлесті, бірақ пікірлері бір жерден шықпай, жиын соңы дауға ұласқан. Комиссияның кейбір мүшелері советтік қауіпсіздік агенттігі – «чекистер» құрметіне аталған көше декоммунизация заңы құзырына кірмейді десті. Бірақ аяғында бәрі оны өзгертуді ұйғарды.
Қызыл армия генералы Григорий Котовский (1925 жылы қаза тапқан) мен 1970-80 жылдары Украина коммунистік партиясын басқарып, украин тілін сақтап қалу үшін және халықтың орыстануына қарсы күрескен Владимир Щербицкий тәрізді тұлғалардың құрметіне берілген атауларға қатысты да пікірталас болды.
ДЕКОММУНИЗАЦИЯ МІНДЕТІ
Бірінші сессия кезінде комиссия мүшелерінің көбі тарихи тұлғалардың атауын біртіндеп өзгертуді қалайтыны белгілі болды. Комиссия мүшесі, Днепропетровск ұлттық университетінің тарих бөлімі жетекшісі Сергей Свитленко қысқа мерзімді жұмысты бітіру үшін комиссия мүшелері бөлінуге тиіс деген шешімге қарсы болды.
Ол комиссия отырысында «Атауларды өзгерту ісі бірыңғай жүру керек – қала, көше, алаңдар және басқа жерлер біртұтас жүйе ретінде қаралуға тиіс» деп, мұның «жүйелі түрде орындалатын жұмыс» екенін айтқан. Оның сөзінше, «шалағай шешімдерден» аулақ болу үшін декоммунизацияға қатысты келісілген, ортақ тұжырым қажет.
Жергілікті комиссиялар қоғам пікірін де ескеруге тиіс. Ал заңда жергілікті референдум өткізу туралы ештеңе айтылмаған, өткізуге уақыт та тығыз. Днепропетровскідегі комиссия мүшелері қоғамдық сауалнамалар өткізуді немесе онлайн үлгіде сұрау салуды талқылады, бірақ нақты шешім жасалмады.
Қала басшысы міндетін атқарушы Галина Булавка «Қоғамдық пікірді қалай анықтаймыз?» деп сұрады. «Интернет немесе әлеуметтік желідегі пікірлерге сүйену жеткіліксіз. Әр сұраққа қатысты қоғамдық пікірді анықтауға тиіспіз» дейді ол.
«КОММУНИЗМ МЕН НАЦИЗМНІҢ СИПАТЫ БІРДЕЙ»
Бұрынғы президент Виктор Януковичті биліктен тайдырған «Еуромайдан» қозғалысының негізгі талаптарының бірі – декоммунизация еді. Ал Ресей билігі бұл әрекетке қарсы шығып, «Украина советтік коммунизм мен немістік нацизмді қатар қойып отыр» деп наразылық білдірді. Мәскеудің пікірінше, «Киев тарихты қайтадан жазбақ, декоммунизация Украинаның этникалық орыстарға және орыс тілділерге қысым жасауының бір көрінісі».
Ал өзгерісті жақтаушылар Украина да басқа постсоветтік елдердің бағытын ұстануға тиіс дейді. «Іскер Украина» (Деловая Украина) журналына сұхбат берген Рутгерс университетінің саясаттану профессоры Александр Мотыль «Барлық посткоммунистік елдер «коммунистік мұрадан» құтылған кезде коммунистік ойлау жүйесінен, менталитеттен арылуға болатынын түсінді» деген.
«Бұл тұрғыдан алғанда «коммунистік мұрадан» құтылуға тырысқан Шығыс Еуропа мен «нацистік мұрасынан» арылуға тырысқан Германияның арасында еш айырма жоқ. Нацистік Германия да, коммунистік Ресей де бұл елдерге орасан шығын келтірді, сондықтан екеуінің зияны бірдей» дейді ол.
Ал «Риа-Новости» маусымның 8-і күні Ресейдегі коммунист депутаттардың думаға жаңа заң жобасын ұсынғанын хабарлады. Онда «коммунизм мен нацизмді бір деңгейде қарастыру 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға лайық қылмыс саналсын» деген ұсыныс бар.
Юлия Роцибарскаяның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.