Accessibility links

Донецк Жеңіс күнінен қауіптеніп отыр


Ресейшілдер Украина тұтастығы үшін шеруге шыққан азаматты ұрып жатыр. Донецк, 28 сәуір 2014 жыл.
Ресейшілдер Украина тұтастығы үшін шеруге шыққан азаматты ұрып жатыр. Донецк, 28 сәуір 2014 жыл.

Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы Женева келісімінің орындалмай жатқаны Донецкіде айқын көрінеді. Қаладағы жағдай шиеленісіп барады.

Женева келісімі жасалғаннан бері екі аптадай уақыт өтсе де, Украинаның өнеркәсіптік қаласы Донецкідегі жағдай реттелмей отыр.

СЕПАРАТИСТЕР ШАБУЫЛЫ

Донецкіде сәуірдің 28-і күні ондаған ресейшіл Украина тұтастығы үшін бейбіт шеруге шыққан азаматтарға шабуыл жасап, оларды таяқпен ұрып-соқты.

Ресейшілдер шерушілердің біразын ұстап алып, «Оңшыл сектор» мүшесі екенін зорлықпен мойындатуға тырысқан. Бұл оқиға қаладағы жағдайды одан әрі шиеленістірді.

Одан бір күн бұрын ресейшіл белсенділер қаланың телехабар тарату орталығын басып алған еді. Кейбір Донецк тұрғындары содан бері теледидар көре алмай отырса, басқалары жергілікті орталық арқылы ресейлік «Россия-24» телеарнасының хабарлары көрсетіле бастағанын айтады.

Женева келісімінде басып алынған мекемелерді қайтару туралы айтылған, алайда бұл талап та орындалмай отыр. Донецк облысында сепаратистер «Донецк халық республикасын» жариялады. Ешкім қару-жарағын қайтармады және тосқауылдарды бұзбады. Кепіл ретінде тұтқынға алынғандар да көп.

ВИДЕО: Донецкідегі ресейшілдер шабуылы
Донецкідегі ресейшілдер шабуылы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Ал Женева келісімі Украина үкіметінің қолын байлап отыр. Ол келісім бойынша биліктің ресейшіл әскерилерге қарсы күш қолдану тәсілдері шектеулі.

Донецкідегі шиеленіс сәуірдің 28-і күні шарықтау шегіне жетті. Украина тұтастығы үшін шеруге шыққандарға қарсы шабуыл кезінде Украина туы ілінген ондаған көліктің терезесі сынды.

ДОНЕЦК РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗБЕК

Донецк пен Шығыс Украинадағы сепаратистерге сырттан қолдау жасалатыны байқалады. Сәуірдің 28-і күнгі зорлық-зомбылықты жасағандар қалаға автобуспен келді, іс біткен соң бірден кетіп қалды. Осы тәсіл Харьков пен Луганскіде сәуірдің 29-ы күні де байқалды.

ВИДЕО: Луганскідегі шабуыл
Луганскідегі шабуыл
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:28 0:00

Зорлық-зомбылықтың күшеюі бұрын ресейшіл күштерге бүйрегі бұратын қарапайым тұрғындарды да шошытқан сияқты. Олар жергілікті белсенділер ресейшіл күштерге ие бола алмай қалды деп санайды.

Жергілікті шенеуніктер «Донецк республикасын заңдастыру үшін» мамырдың 11-і күні референдум өткізуге шақырды. Референдум өтетінін ресейшіл шенеунік Мирослав Руденко мәлімдеді.

Ресейшіл әскерилердің қазіргі әдісі референдум өткенше шиеленісті соза тұру сияқты. Бұл әсіресе Украина билігімен келіссөздер жүргізгенде немесе Еуропа ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы өкілдерімен кездескенде байқалады.

Жергілікті сарапшылар мен бақылаушылар 9 мамырда - Жеңіс күнінде арандату әрекеттері көбеюі мүмкін екенін ескертеді. Сәуірдің 30-ы күні Украинаның қауіпсіздік қызметі «Николаевск облысында гүл шоғын қою рәсімі кезінде бомба жармақ болған адамдар ұсталды» деп хабарлады.

«Донецкіде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне шабуыл жасалып, оны «Оңшыл секторға» жабуы мүмкін. Ол - сепаратистерге тиімді» дейді сарапшылар.

Мамырдың 1-інен бастап мұндағы халықтың көңіл-күйі одан әрі ширығуы мүмкін. Себебі бұл күн коммунистердің дәстүрлі мейрамы болған. Сондықтан өткенді аңсайтындар бұқаралық шаралар өткізеді.

(Валерия Дубованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG