Accessibility links

Украинада «қызғылт-сары төңкеріс» қайталану қаупі бар ма?


Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушы студенттер шеруі. Украина, 25 қазан 2013 жыл.
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушы студенттер шеруі. Украина, 25 қазан 2013 жыл.

Виктор Януковичтің Ресейге күрт бұрылғанына наразылық білдірген ондаған мың шеруші Киев көшелеріне шықты. Осыдан соң «2004 жылғы «қызғылт-сары төңкеріс» Украинада тағы қайталанбай ма?» деген сұрақ туды.

Үкіметтің Еуроодақпен ассоциация құру туралы келісімге дайындықты тоқтату туралы шешіміне қарсы қарашаның 24-і күні Киевте басталған жаппай наразылық акциясы әлі жалғасып жатыр.

МАЙДАННАН ЕУРОМАЙДАНҒА

Дүйсенбі күні бір мыңға жуық адам «Киев Еуроодақпен келісімге қол қойса, соңы жақсылыққа апармайды» деп қыр көрсеткен Мәскеуге күрт бұрылған үкіметтің саясатына қарсылық білдірген оппозицияның көшеден кетпеуге шақырған үндеуін қолдады.

Ұйымдастырушылар бір апта бойы күн сайын шеру өткізуге уәде берді.

Ондаған мың адам жиналған (бір бөлігі палаткаларда түнеп шықты) жексенбі күнгі наразылық шерулері осыдан тоғыз жыл бұрын билік басына Батысқа іш тартатын үкіметті әкелген бейбіт «қызғылт-сары төңкерісті» еске түсіреді.

2004 жылы Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенко бастаған наразылық акцияларының арқасында Виктор Янукович жеңіске жеткен президенттік
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 25 қазан 2013 жыл.
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 25 қазан 2013 жыл.
сайлаудың нәтижелері қайта қаралған. Жаппай наразылық акциясының қысымымен билік қайта сайлау өткізуге мәжбүр болып, онда Ющенко жеңіске жеткен. Ющенко президент қызметінде Янукович жеңіске жеткен 2010 жылға дейін отырды.

Сарапшылардың пікірінше, енді «қызғылт-сары төңкерістің» қайталануы екіталай.

– Қазір «қызғылт-сары төңкеріс» қайталануы мүмкін емес. Халық тәуліктеп, апталап алаңға шығып, қолдайтындай саясаткерлер жоқ. Бұрынғы лидерлер Украинаны ұшпаққа шығармайды. Шын мәнінде, Украинада Виталий Кличко мен түрмеде отырған Юлия Тимошенкодан басқа лайықты саясаткер жоқ, – дейді украиндық журналист Наталья Лихачева.

«ХАЛЫҚТЫҢ АЗ БӨЛІГІ ҚАМТЫЛҒАН НАРАЗЫЛЫҚ»

«Қызғылт-сары төңкерістен» айырмашылығы – қазіргі наразылық жиындары жеке екі митингіге бөлінген. Бірін ешбір партияда жоқ, «Оккупай» қозғалысы ұрандарынан шабыттанған азаматтық жас белсенділер өткізіп жатыр. Ал Киевтің тағы бір алаңында шоғырланған екінші жиынды саяси партиялар ұйымдастырды. Бірақ бұл жіктелу телекадрлардан онша байқалмайды.

Туларын ұстап келіп, жексенбі күні қосылған саяси партияларды көрген көптеген
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 25 қазан 2013 жыл.
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 25 қазан 2013 жыл.
украиндар наразылық акцияларына қатысудан айнып қалған.

Жоғарғы Раданың сөз еркіндігі комитетінің басшысы және «қызғылт-сары төңкерісінің» лидері Николай Томенко осыдан тоғыз жыл бұрын Виктор Януковичті биліктен тайдыру үшін украиндардың қалай біріккенін еске алады.

Оның айтуынша қазіргі митингілерді бүкіл Украина қоғамының көңіл-күйін білдіретін наразылық акциясы деуге болмайды.

– Мына наразылық саяси күштердің, оппозицияның қарсылық акциясы ретінде жалғасуы мүмкін. Бірақ мұны бүкіл қоғамның, жоқ дегенде қоғамның басым бөлігінің наразылығы деп те айта алмаймыз. Ол кездегі шерулерден қазіргі жиындардың бір айырмашылығы – халықтың аз бөлігі қамтылғаны, аймақтар мен әлеуметтік топтар да аз қатысып отыр, – дейді Николай Томенко.

Әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, халықтың басым бөлігі болмаса да, украиндардың көпшілігі Еуропа Одағымен ықпалдасуды жақтайды. «Қызғылт-сары төңкерістен» кейін бірнеше жылға созылған саяси тұрақсыздықтан есін әлі жимаған жұрт түбегейлі саяси өзгерістерге дайын емес сияқты.

«ОЙЫНҒА ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ»

Өткен аптада саяси бағытын күрт өзгерткен президент Виктор Янукович осы уақытқа дейін наразылық акциялары туралы да, 28-29 қарашада Вильнюсте
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 24 қазан 2013 жыл.
Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушылар шеруі. Киев, 24 қазан 2013 жыл.
өтетін, Еуроодақпен келісімге қол қою жоспарланған үшінші «Шығыс әріптестігі» саммитіне қатысу ниеті жайында да үндемей отыр. Дүйсенбі күні кешкісін теледидарда сөйлеген Янукович келісімге қол қоюға дайындықты тоқтату туралы шешімді қабылдау «қиын» болғанын, бұл шешімге «экономикалық қажеттілік» мәжбүрлегенін мәлімдеп, елге еуропалық стандарттарды әкелуге уәде берді.

Ал Украинаның премьер-министрі Николай Азаров үкімет екінші «қызғылт-сары төңкеріске» жол бермейтінін мәлімдеді.

– Мұндай акциялардың сырттан қаржыландыратынын білеміз. Егер бұл заң аясында жасалса, дұрыс. Егер бұл заң бұзу арқылы жасалса, үкімет 2004 жылғы үкімет сияқты қол қусырып отырмайды. Ол жолы заңды тағайындалған үкіметті құлату технологиясы көз алдымызда жүзеге асты. Ал бұл жолы ондай ойынға жол бермейміз, – деп мәлімдеді Николай Азаров Ресейдің Бірінші арнасына берген сұхбатында.

Мақала авторы – Азаттық тілшісі Клэр Бигг.
XS
SM
MD
LG