Accessibility links

Украинадағы елеусіз сайлау кампаниясы


Украина президенті болудан үміткер Петр Порошенко. Киев, 25 сәуір 2014 жыл.
Украина президенті болудан үміткер Петр Порошенко. Киев, 25 сәуір 2014 жыл.

Украинада президент сайлауына бір ай уақыт қалды. Бірақ ел астанасынан үлкен науқанның ешқандай белгісін көре алмайсыз.

Осы аптада сөйлеген сөзінде АҚШ вице-президенті Джо Байден: «Украинадағы бұл президент сайлауы – ел тарихындағы ең маңызды оқиға» деді. Бірақ Киев көшелерінен мұның ешқандай нышаны білінбейді.

Дауыс беретін күнге дейін бір-ақ ай уақыт қалды, ал газеттер негізінен соғыстың қаупі туралы ғана жазып жатыр. Сайлау жарнамалары ілуде біреу. Президенттіктен үміткер 28 адамның біреуі – ресейшіл саясаткер Николай Добкин ғана ел астанасында өзінің билбордтарын ілген. Биліктен басты үміткерлердің ешқайсысы сайлау науқанын өткізіп жатқан жоқ.

Бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко сайлау науқанын өткізбейтінін ресми түрде жариялап, өз партиясы Ресейдің агрессиясына тойтарыс беретін «қарсыласушы күшке» айналатынын айтты. Ал ең көп дауыс жинауы мүмкін делінген «шоколад магнаты» Петр Порошенконың теледидардан берілген жарнамасында оның өз бейнесі мүлде көрсетілмейді.

«РЕСЕЙДІҢ МАҚСАТЫ – САЙЛАУДЫ ӨТКІЗБЕУ»

«Рейтинг» социологиялық тобының жетекшісі Игорь Тищенко: «Сайлау кампаниясының өтпей жатқаны ел тарихында алғаш рет шығар. Ең алдымен, бұл соғыс қаупінің қалтарысында қалып қойды. Екіншіден, кандидаттар науқан өткізіп жатқан жоқ» дейді.

Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуы, елдің шығысындағы сепаратистік
Петр Порошенконың сайлау науқаны ұраны. Киев, 23 сәуір 2014 жыл.
Петр Порошенконың сайлау науқаны ұраны. Киев, 23 сәуір 2014 жыл.
қозғалыстардың өршуі әдетте сайлау науқандары өте қызу өтетін Украинадағы кампанияға кесірін тигізді.

Кандидаттар революциядан кейін есеңгіреп қалған, әрі «әне-міне соғыс бастала ма» деп үрейленіп отырған елдің одан сайын тынышын алып, онсыз да ішкі-сыртқы қатерден ес жия алмай отырған халықты мазалағысы келмеген сыңайлы.

«Ресейдің басты мақсаты – біздегі сайлауды өткізбей тастау, мұнда ешқандай өкімет жоқ екенін дәлелдеу» дейді Киевке келген 60 жастағы Чернобыль тұрғыны Василий Золотоверх.

Дәл осы кезде Украина басшылығы елдің шығысында сепаратистерге қарсы операция бастап, кейін одан бас тартқан, ал Мәскеу Украинамен шекарада ірі әскери жаттығуларын өткізіп жатыр.
Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, негізгі бәсеке Тимошенко мен Порошенко арасында өтпек.


Золотоверхті толғандырып отырған жалғыз Ресей емес. «Қауіптендіретін нәрсе – кандидаттардың арасындағы арздық процесті мүлде тоқтатып тастауы ықтимал» дейді ол. Әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне қарағанда, негізгі бәсеке Тимошенко мен Порошенко арасында өтпек. Золотоверх осыдан қауіп етеді.

Еуромайданнан кейін басты саясаткерлер арасында бірлік пайда болғандай еді. 29 наурызда аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша бокстан әлем чемпионы әрі саясаткер Виталий Кличко сайлаудан бас тартатынын, өзі басқаратын «УДАР» партиясымен бірге кандидат Порошенконы қолдайтынын айтқан.

САУАЛНАМА: ПОРОШЕНКО АЛДА КЕЛЕДІ

Киевтегі SOCIS институтының басқаруымен басты төрт зерттеу ұйымы 23 сәуірде жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, Порошенконың халықтың – 32,9 пайызы, ал Тимошенконы 9,5 пайызы қолдайды.

Басты екі кандидат өткен аптада алғаш рет сөз қағыстырды.
Украина президенттігіне кандидат Юлия Тмошенко. Луганск, 24 сәуір 2014 жыл.
Украина президенттігіне кандидат Юлия Тмошенко. Луганск, 24 сәуір 2014 жыл.
15 сәуірде Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат берген Юлия Тимошенко өзі басқаратын аса ықпалды «Батькивщина» партиясын Ресей агрессиясына қарсы тосқауыл беруші күшке айналдыратынын әрі сайлау науқанын жүргізуден бас тартатынын мәлімдеді.

Порошенко «Ресейдің агрессиясына тойтарыс беру – ұлттық армия мен қауіпсіздік күштерінің жұмысы» деп, бұған сын айтты.

Келесі күні партияның штаб-пәтерінде бункерге ұқсас залда аса беделді бұрынғы қауіпсіздік қызметкерлерімен кездескен Тимошенко қарсыласын «сайлау науқанын жүргізіп отыр» деп айыптады.

«Аймақтарды аралап, ән салып, би билеп, аюлармен цирк көрсетуді доғарып, барлық мүмкіндікті пайдаланып, елімізді қорғауға жұмылу керек» деді ол.

Президент Виктор Ющенконың тұсында, 2005-09 жылдары Порошенко мен Тимошенко премьер-министрлікке таласқан. Ол жолы Тимошенко жеңген, ал бұл жолы Порошенконың үміті зор.

«ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ»

Кейбір сауалнама нәтижелеріне қарағанда, 25 мамырда Порошенконы сайлаушылардың жартысына жуығы қолдауы мүмкін. Мұндай жағдайда сайлау тек бір ғана кезеңнен тұруы ықтимал. Порошенко ешқандай белсенді науқан өткізбей-ақ жеңетін түрі бар.

«Демократиялық бастамалар» қорының директоры, социолог Ирина Бекешкинаның айтуынша, халықтың Порошенконы қолдауы себебі – ол Тимошенкомен салыстырғанда салмақты.

«Майдан мен соңғы оқиғалардан соң қоғам тұрақтылықты қалай бастады. Халық
Украинадағы ресейшіл адамның қаруы. Словянск, 28 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украинадағы ресейшіл адамның қаруы. Словянск, 28 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
радикализмді қаламайды. Осы тұрғыдан алғанда Порошенко – ымыра тұлға» дейді ол.

Порошенко шетелге бірнеше рет сапарлап, сайлаушылармен де бірер кездесулер өткізді. Телеарнадан оның саяси жарнамасы да берілді. Бұл жолғы көлеңкедегі сайлау кампаниясының ерекшелігі сол – оның жарнамасында өзі емес, Кличко сөйлейді.

63 жастағы Киев тұрғыны, зейнеткер Валентина Тижневаеваның айтуынша, 9 мамырда Жеңіс күнін тойлағаннан кейін жағдай ушығуы мүмкін. Мәскеу Украинаның шығысындағы шиеленіскен жағдайды пайдаланып, сайлауды өткізбей тастамақ ниетпен түрлі айла-шарғы қолдануы ықтимал.

Еуромайдан кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан 50 жастағы Виталий Захарченко сайлаудың тезірек өткенін қалайды.

«Сайлаудың ертерек өтсе, барлық мәселе шешілер еді. Қазір бізде Януковичтің кезіндегі жүйе әлі тұр. Ақшаны оңды-солды шашып, ұрлап жатыр. Олар жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады, бірақ шын мәнісінде ештеңе тындырып жатқан жоқ» дейді ол.

Әлеуметтанушы Тищенко «Халықтың психологиялық тұрғыдан шаршауы Петр Порошенкоға жақсы болды» деп есептейді.

«Қазіргідей соғыс жағдайында, психологиялық және эмоционалдық шаршау кезінде осылай болады. Алдымен мұнда Майдан, сосын соғыс болды - халық қатты үрейленіп қалды. Халық саналы түрде тыныштық пен бейбітшілікті қалай бастады. Порошенконың бейнесі халықтың қалауына сәйкес келіп тұр» дейді сарапшы.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG