Accessibility links

Журналист қолды болудан қорқады


Әззербайжаннан 10 жыл бұрын кеткен журналист Фикрет Гусейнли. Украина. 28 ақпан, 2018 жыл.
Әззербайжаннан 10 жыл бұрын кеткен журналист Фикрет Гусейнли. Украина. 28 ақпан, 2018 жыл.

Украинада амалсыз тұрып жатқан әзербайжан журналисінің айтуынша, белгісіз біреулер оны ұстап алып, еліне жібермекші. Әзербайжанда оны ұзақ уақыт түрмеге жабуы мүмкін.

Өз отаны - Әзербайжаннан он жыл бұрын кетіп қалған журналист Фикрет Гусейнли наурыздың 5-інде Киевте "күдікті бір адамдар ізіңді аңдып жүр" деген хабар алады.

Сол күні Азаттыққа берген сұхбатында Гусейнли Әзербайжан қауіпсіздік күштерімен байланысы бар-ау деген төрт адам Украина астанасындағы жалдамалы пәтерінің алдына келгенін айтты.

Украин және әзербайжан тілдерінде сөйлеген олар өздерін "полицияданбыз" деп таныстырып, Гусейнлиді тұтқынға алып, 48 сағаттың ішінде Әзербайжанға экстрадициялауға жіберілгендерін айтқан. Өзінің және жақтастарының айтуынша, елге барса, оны журналистік қызметі үшін жалған айыптар бойынша түрмеге жабуы мүмкін. Тілші болған кезінде ол мұнайға бай Кавказ еліндегі биліктің ұшар басындағы шенеуніктердің жемқорлығы туралы көп жазған.

Наурыздың 14-інде Киевте Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында Гусейнли:

- Олар есікті сындыруға тырысты. Сосын мені ұрып, үш тісімді сындырды. Басқа кісілердің көмегімен есікті жауып, балконнан қашып кетуге мәжбүр болдым, - деді.

Әзербайжанның тәуелсіз Turan онлайн телеарнасының журналисі Гусейнлиді былтыр қазанда Бакудің Интерполға берген өтініші негізінде полиция ұстап, Германияға ұшатын ұшаққа кіргізбей, құжаттарын тартып алған. Содан бері ол Украина басшылығының шешімін күтіп бұл елде амалсыз тұрып жатыр.

Баспасөзді қорғайтын халықаралық ұйымдар Киевті Бакудің шетте жүрген режим оппоненттерін аңду шараларына ат салыспай, Гусейнлидің құжатын қайтарып, оны өзі тұрып жатқан Нидерландқа қайтаруға шақырып келеді.

Украина басшылығы Гусейнлидің тағдырына байланысты анық ештеңе айтпай, үнсіз отыр.

Украинада мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ. Қыркүйек айында Киев әуежайында Интерполға берген өтініш негізінде өзбек журналисі тұтқындалған. Интерполға мүше 192 елдің құқық қорғау органдары әлемнің кез келген түкпірінде жүрген адамды тұтқындау туралы өтініш бере алады.

Репрессияшыл үкіметтер әдетте елден қашып кеткен диссиденттерді қолға түсіру үшін Интерполға жүгінеді.

"УКРАИНАҒА СЕНІМ ЖОҒАЛДЫ"

Гусейнли шабуылдан соң Нидерланд елшілігіне барғанын айтады. 2008 жылы елінен кеткен оны бұл ел алдымен саяси баспанамен қамтамасыз етіп, артынан толық азаматтық берген.

Украинадағы адам құқықтарын қорғаушылар да, елшілік қызметкерлері де оған “болған-біткенді тізіп, полицияға арыз жаз” деп кеңес береді. Алайда Гусейнли бұл кеңеске құлақ түрмепті.

- Полицияға да, сотқа да, ешкімге де сенбеймін. Украинада алты айдан бері құжатсыз, бейшара халде тұрып жатырмын, - деді Гусейнли.

Әзербайжанда өзіне шабуыл жасалғаннан кейін ауруханада жатқан журналист Фикрет Гусейнли. Баку. 2006 жыл..
Әзербайжанда өзіне шабуыл жасалғаннан кейін ауруханада жатқан журналист Фикрет Гусейнли. Баку. 2006 жыл..

Өзін "саяси тұтқынмын" деп атаған Гусейнли қауіпсіздік қызметінің адамдары өзін әлі де аңдып жүргенін айтады.

- Мені біреулер әлі аңдып жүр. Олардың кейбірі славян тектес, кейбірі әзербайжандарға келеді. Және олар - көше ұрылары емес. Меніңше, олар - Әзербайжанның, бәлкім Украинаның не Ресейдің қауіпсіздік қызметінің адамдары, - дейді Гусейнли.

Басқа бір сұхбатында ол шабуыл болған күні әлдебір адамдар келіп, "Әзербайжан үкіметін мақтап, оппозицияны жамандап мақала жаз" деп ұсыныс жасағанын айтқан. Олар: “Солай істесең, экстрадициялау туралы бұйрықты алып тастайды. Айтқанға көнбесең, салдары ауыр болады” деп ескерткен.

Халықаралық баспасөз бостандығын қорғау ұйымдары Гусейнлидің ахуалына алаңдаушылық білдірген.

- Біз Украина басшылығын Фикрет Гусейнлидің жол құжаттарын дереу қайтарып, оның Украинадан кетуіне мүмкіндік беруге шақырамыз. Киев Әзербайжан үкіметінің сыртта жүрген сыншыларды қудалау шарасына қатыспауы керек. Сонымен қатар, біз Украина полициясын 5 наурыздағы Гусейнлиге жасалған шабуылды тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырамыз, - деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия жөніндегі үйлестірушісі Нина Огнянова.

Украинаның Бас прокуратурасы Азаттықтың Украин қызметінің осы мәселеге байланысты сауалдарына әлі жауап берген жоқ.

БЮРО АШУДЫҢ ЖАЙЫ

Әзербайжан, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын, Бакуда орналасқан Turan ақпарат агенттігінің Амстердамдағы бюросын басқаратын Гусейнли Украинада агенттіктің тілшілік бюросын ашу мүмкіндігін қарастыру үшін былтырғы қазанның 7-сінде Киевке келген.

14 қазанда "Борисполь" әуежайында Дюссельдорфқа баратын ұшаққа отырғалы тұрған жерінде оны "шекараны заңсыз кесті", "алаяқтық жасады" деген Бакудің айыптары бойынша полиция тұтқынға алған.

Киев қалалық соты оның аппеляциясын қарастыру үшін Гусейнлиді 18 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

27 қазанда Киев қалалық соты Фикрет Гусейнлиді кепілдікпен босатуға, бірақ Бас прокуратура оны Әзербайжанға экстрадициялау мәселесін қарастырып біткенше екі ай мерзімге Украинада қалдыруға пәрмен берді.

Украина соты тергеу мерзімін екі рет ұзартқан. Екінші мерзім наурыздың 20-сында аяқталады.

Гусейнли 13 наурызда өзінің Facebook-тегі парақшасында: “Егер жақын арада мені өлтірсе, ұрлап алып кетсе не Әзербайжанға экстрадицияласа, барлық жауапкершілік Украина басшылығының мойнында болады. Мені Әзербайжанда ұзақ түрме жазасы не өлім күтіп тұр -”, деп жазды.

Бұрын Әзербайжанның "Азадлык" оппозициялық басылымында жұмыс істеген Гусейнлиді 2006 жылы Бакуда әлдекімдер ұстап алып, өлімші етіп ұрып, қансыратып тастап кеткен.

Осы оқиғадан соң ол Нидерланд еліне кетіп қалған.

Журналистің "мені ұрлап әкетуі мүмкін" деген сөзінің жаны бар.

2017 жылғы мамырда оның Грузияның Тбилиси қаласында тұрып жатқан әріптесі, әзербайжандық журналист Афган Мухтарли жоғалып кетті. Арада екі күн өткенде ол Әзербайжанның тергеу изоляторынан табылды.

20 қыркүйекте Украина бір күн бұрын Киевке Түркиядан келген өзбек журналисі Назрулло Ахунжоновты Интерполға берген өтініш негізінде тұтқындады.

"Шекарасыз репортерлер" қоғамдық ұйымының есебі бойынша, соңғы он жылда Интерпол арқылы іздеу салу көлемі күрт артқан. 2006 жылы 2804 адам тізімге ілінсе, 2016 жылы бұл сан 12878-ге өскен. Осы және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдарының айтуынша, репрессиялық үкіметтер шетелде жүрген диссиденттерді қудалау үшін Интерпол каналдарын пайдаланады.

"2014 жылы Ресей Қырымды басып алып, шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдап жатқанда аумақтық тұтастығын қызғыштай қорғаған Украина мені сатып кетті" дейді Гусейнли.

- Қазір Украина үкіметі осыны өзіме жасап жатыр. Олар мені сатып жібергісі келеді, - деді Фикрет Гусейнли.

(Тони Веселовский мен Анастасия Москвичованың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG