Accessibility links

Барлық мектеп украин тілінде оқитын болды


Украина оқушылары.
Украина оқушылары.

Украинада мектеп реформасы туралы пікірталас басылмай тұр. Жазғы каникулдан кейін – қыркүйектің 5-і күні Украина парламенті «Білім туралы» заңды қабылдады. Құжатқа сәйкес, енді оқушыларды (бастауыш және бейіндік орта білім беретін мектептерде 2018 жылғы қыркүйектің 1-інен, ал негізгі орта білім беру мекемелерінде 2022 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап) 12 жылдық толық жалпы орта білім беру бағдарламасы бойынша оқыту көзделген.

Орыс, венгр, румын, поляк, молдаван сияқты азшылық ұлттардың тілін мектеп оқушылары кіші сыныптарда ғана оқитын болады, бірақ 2020 жылдан бастап бұл норма да болмайды, ал Украинада оқушылар 100 пайыз украин тілінде оқиды деп жоспарланған. Қазір 735 оқу орнында шамамен 400 мың бала азшылық ұлттар тілінде сабақ оқиды.

Украинаның білім министрі Лилия Гриневич "Громадськое радіоға" берген сұхбатында "Украина – халқы украин тілінде сөйлейтін жалғыз ел, сондықтан "Білім туралы" заң білім беру саласында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтеді, ал бұл – табиғи заңдылық әрі қалыпты құбылыс" деген. Министрдің сөзінше, азшылық ұлттар тілінде оқытатын мектептерде толық орта білім алған балалардың украин тілін білмеуі кесірінен елде жоғары білім ала алмауына жол беруге болмайды.

Украин тілінде оқуды қолдаған акция. 2017 жылдың мамыры.
Украин тілінде оқуды қолдаған акция. 2017 жылдың мамыры.

Мемлекеттік бюджеттің үш миллиард доллар қаражатына жүзеге асырылуы тиіс білім саласының реформасын Украинаның өзінде де, одан тысқары жерлерде де көптен бері сынап жатыр. «Білім туралы» заңға вето қою талабымен ел президенті Петр Порошенкоға Украинаның оппозициялық саясаткерлері ғана емес, мемлекет басшысының серігі, Закарпатье облысы әкімшілігінің басшысы Геннадий Москаль (Закарпатье облысында кемі 150 мың этникалық венгр, 20 мыңнан астам этникалық словактар мен румындар тұрады) жүгінген болатын.

"Білім туралы" заңның тең авторы, парламенттің ғылым және білім комитеті төрағасы Тарас Кременьнің айтуынша, құжат Украина конституциясына толық сай келеді.

Бұл талап байырғы халық өкілдеріне ғана қойылмауы мүмкін, мысалы Қырым татарлары орта мектепті бітіргенге дейін қос тілділікті сақтай алады.

– Бұл құжатты әзірлеу кезінде тіл мәселесін комитетіміздің 20-дан кем емес отырысында талқыладық, ал олардың көбі қоғамдық ұйым жетекшілерінің, академиялық ортада жүрген адамдардың, депутаттардың, түрлі ведомстволар мен шетелдік елшілік өкілдерінің қатысуымен өтті. Тілге қатысты жетінші бапта "Барлық білім беру мекемелерінде оқу процесі украин тілінде жүргізіледі" деп жазылған. Бұл норма Украина конституциясына толықтай сай келеді. Ал азшылық ұлттарға қатысты айтар болсақ, заңға сәйкес, олардың өкілдері балабақшаның кей топтарында, бастауыш мектептің кей сыныптарында оқуға құқылы. Ондай топ немесе сыныптағы білім беру процесінде украин тілінен бөлек, белгілі бір азшылық ұлттың тілі де қолданылатын болады. Яғни азшылық ұлт өкілдерінің құқығын бұзбау үшін бала санына қарай топтар құрылуы тиіс, ал оларда оқу процесі азшылық ұлт өкілдері тілінде де жүргізілетін болады. Мемлекеттік тіл Украина мемлекетінде белгілі бір территорияда шоғырланып тұрып жатқан азшылық ұлттардың тілімен интеграциялануы тиіс. 5-сыныптан бастап, яғни оқушылар орта буынға өткен кезде бүкіл сабақ украин тілінде өтетін болады. Бұл талап байырғы халық өкілдеріне ғана қойылмауы мүмкін, мысалы Қырым татарлары орта мектепті бітіргенге дейін қос тілділікті сақтай алады. Егер президент Порошенко заңға қол қойса, 2018 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап осындай білім жүйесі іске қосылады, ал азшылық ұлт тілінде оқытатын мектептерде оқи бастаған балалар бұл жүйеге 2020 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап көшеді. Бірақ алдағы үш жылда азшылық ұлттар тілінде оқитын мектептерде украин тілінде оқытылатын пәндер саны біртіндеп көбейетін болады, - дейді Тарас Кремень.

Украина оқушылары. Кривой Рог, 2017 жылдың мамыры.
Украина оқушылары. Кривой Рог, 2017 жылдың мамыры.

Реформаның келесі бағыты бойынша, жергілікті деңгейдегі білім басқармалары, бөлімдері бекітетін білім бағдарламаларына сәйкес, оқу орындарында бір немесе бірнеше пән екі және одан көп тілде – мемлекеттік, ағылшын немесе Еуропа Одағының (ЕО) кез келген ресми тілінде оқытылуы мүмкін. Ал ЕО-дағы 24 тілдің ішінде Украинада тұратын кей азшылық ұлттардың, мысалы словак, болгар, венгр және румын тілдері бар екенін айтқан жөн. Қарсыластарымызға орыс тілі ЕО аясында қолданылмайтын тіл, сондықтан орыс тілі курстары болмаса, жоғары және кәсіптік-техникалық білім жүйесі түгілі, негізгі, музыкалық немесе көркемсурет мектебі болсын, орыс тілінде тіпті кей пәндердің өзі оқытылмайды дегенді айтқым келеді. Бұл тіл туралы заң емес, білім туралы заң екенін айтқан жөн, сондықтан оны түсіндіруде әлдебір қиындықтар туса, Жоғарғы Раданың өзге комитеттеріндегі әріптестеріміз тіл туралы заңды жуырда қайта қарап, азшылық ұлттардың тілін үйрету мен қолдануға тиісті жағдай жасап, сол арқылы тілдік баланс орнатуға әзір. Украина – көпұлтты мемлекет, сондықтан біз кез-келген азшылық ұлттың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі сақталғанына мүдделіміз. Бірақ бұған қоса, біз мектепті украин тілінде бітірген түлектер оқуын Украинаның жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орнында жалғастыруына да мүдделіміз.

Киевтегі «КПИ» техникалық лицейіндегі Қырым татарларының депортациялану тарихы туралы дәріс.
Киевтегі «КПИ» техникалық лицейіндегі Қырым татарларының депортациялану тарихы туралы дәріс.

– Білім туралы заңды Украинаның өзінде ғана емес, Венгрия, Румыния, Польша, Молдова, Ресей сияқты көршілері де сынап жатыр ғой?

Мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгеру – қазіргі қоғам өкілдерінің міндеті, ал бұл мектеп түлектері Украинада украиналықтар ретінде бәсекеге қабілетті әрі пайдалы болуы үшін қажет.

– Кез келген елде мемлекеттік тілді меңгеру – елдің негізгі заңы - конституциясында қарастырылатын міндетті талап. Бірақ ана тілі, тарих, мәдениет сияқты кейбір пәндерді азшылық ұлттың тілінде оқытуға ешкім тыйым сала алмайды. Біз парламент қабылдаған заңда азшылық ұлттардың тілін және мемлекеттік тілді оқытудың әлемдік тәжірибесін ескердік. Мен Жоғарғы Рада депутаттығына Украинаның оңтүстігіндегі Николаев қаласынан бір мандатты округтен сайландым. Қазір елдегі орта мектеп түлектерінің украин тілін меңгеру жағынан Закарпатье ең соңғы орында тұр, ал оның алдында Николаев облысы тұр. Сондықтан, мұны басты назарда ұстауға тиіспіз. Біз өзіміздің ЖОО-ларға немесе кәсіптік-техникалық оқу орындарына түскісі келетін украиналық жоғарғы сынып оқушыларының құқығын бұза алмайыз. Мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгеру – қазіргі қоғам өкілдерінің міндеті, ал бұл мектеп түлектері Украинада украиналықтар ретінде бәсекеге қабілетті әрі пайдалы болуы үшін қажет. Сондықтан біз азшылық ұлттар мәселесі мен Украинадағы реформаларды кез келген амалмен тежеуге тырысатын бесінші колоннаны шатастырмауымыз керек. Кезінде ішкі істер министрілігін реформалауды да, ұлттық полиция құруды да аяусыз сынаған, бірақ ұлттық полиция болмаса, Украинаның шығыс шекарасы қазіргідей берік болмас еді. Енді олар тілге қатысты бап арқылы «Білім туралы» заңды қабылдауды тоқтатып,ықпал етуге тырысып жатыр. Сондықтан мұның бәрін тілді желеу етіп жасалып жатқан қаскүнемдік, саяси шабуыл, гибрид диверсия деп қабылдау және соған лайық тойтарыс беру керек деп санаймын, - дейді Тарас Кремень.

Украинаның жаңа реформасын Ресейдің сыртқы істер министрлігі елдің білім саласын бүтіндей "украиналандыруға" тырысып жатқан "майданшыл" биліктің әрекеті деп атады. Ресейшіл "Украинский выбор – Право народа" ("Украиналық таңдау – халық құқығы") қозғалысының Львов бөлімшесінің жетекшісі Олег Ростовцев "Білім туралы" заңда орыс тілі жайлы ештеңе жазылмағанымен, оның негізгі мақсаты - Украинаның орыс тілді тұрғындарының құқығын бұзу екені анық дейді.

Донецкідегі оқушылар, 1 қыркүйек 2017 жыл.
Донецкідегі оқушылар, 1 қыркүйек 2017 жыл.

– Қазір Украинада сабақ алты тілде оқытылады. 15 мыңнан астам мектептің 581-інде сабақ орыс тілінде, 75-інде румын тілінде, 71-інде венгр тілінде, үшеуінде молдован және бесеуінде поляк тілінде оқытылады. Яғни қазір елде орыс мектептері бар болғаны 3,7 пайыз ғана. Ал шешім ата-аналардың ыңғайына қарай қабылданатын жеке меншік мектептерде ата-аналардың 40 пайыздан көбі орыс тілінде оқытуды таңдаған. Заңда келер жылдан бастап азшылық ұлттар тілінде оқитын сыныптар бастауыш мектепте әлі қала тұрады, ал 5-сыныптан бастап балалар сабақты украин тілінде ғана оқиды, 2020 жылдан бастап елдегі бүкіл білім беру жүйесі украин тіліне көшеді деп жазылған. 2018 жылдан бастап орыс тілінде оқулықтар шығару толығымен тоқтатылады. Заңдағы мына өзгерістердің бәрі Украина конституциясының мемлекеттік тілі – украин тілі, бірақ мемлекет орыс тілін де, өзге азшылық ұлт тілдерін де дамытуға көмектеседі деп жазылған 10-бабына қайшы. Әрине, мемлекеттік тілді мектеп оқушыларының бәрі білуі тиіс, бірақ олар ата-бабасының тілінде де білім алуға құқылы. Бұл психологиялық әрі мәдени қажеттілік. Заңда бұл жағынан байырғы халық өкілдеріне ғана еркіндік беріп қойған. Олар - Қырым татарлары, гагауз, қырымшақ, қарайым ұлты сияқты Украина билігінің фавориттері. Ал орыс қана емес, венгр, поляк, румын, молдован мектептері де жабылады. Ал бұл Украинада тұратын түрлі ұлт өкілдерінің құқығын, Украина 1991 жылы қабылдаған ұлттар құқығы декларациясын,ел конституциясының мен жоғарыда атап кеткен бабын және бірқатар халықаралық құжаттарды, мысалы Жоғарғы Рада 2003 жылы мақұлдаған «Аймақтық тілдерді немесе азшылық топ тілдерінің еуропалық хартиясын ратификациялау туралы» заңды бұзу. Тұжыра айтсам, қабылданған заңның экономикалық және материалдық сипаты анық байқалады. Бір жағынан, орыс тілді азаматтарға идеологиялық қысым жасамақ, бір жағынан экономикалық фактор. Қомақты ақша төлесе орыс тілінде де оқу мүмкіндігін беретін жеке меншік мектепте балаларын оқыту үшін ата-аналардың көбі соңғы тиынына дейін беретінін Рада депутаттары біліп отыр. Бұл ЖОО-да оқуға да қатысты. "Білім туралы" заң Украина азаматтарының құқықтық және экономикалық мүдделеріне қарсы бағытталған, - деп топшылайды Олег Ростовцев.

...бұл Украинада тұратын түрлі ұлт өкілдерінің құқығын, Украина 1991 жылы қабылдаған ұлттар құқығы декларациясын... бұзу.

Екінші жағынан Жоғарғы Рада қабылдаған білім беру жүйесінің реформасыЕО елдері мен Украина арасындағы дүрдараздыққа себеп болуы ла мүмкін. Венгрия билігі азшылық ұлттардың құқығы бұзылып жатыр деген мәлімдеме жасап үлгерді. Венгрияның сыртқы істер министрлігі бірқатар халықаралық ұйымдарға Украинаның «Білім туралы» заңына қатысты шағым жолдады. Румыния мен Польша да заңға қатысты алаңдаушылық білдірді. Молдованың ресейшіл президенті Игорь Додон Киевті этномәдени азшылықтарға қатыстыжүргізетін жаңа саясатын қайта қарауға шақырды. «Жаңа Украина» стратегиялық зерттеулер институтының директоры Андрей Ермолаев Украинаның білім реформасының тілге қатысты тұстарына көрші елдердің реакциясы жайлы комментарий берді.

Ужгород қаласындағы венгр тілі сабағы.
Ужгород қаласындағы венгр тілі сабағы.

– Мұндай сипаттағы шешім көрші елдердегі Украинаның Еуропамен жақындасу жоспарын шектеуге қатысты консервативті позицияны бұрыннан ұстанатын, украин қоғамындағы мүдделерін, әсіресе отандастары тұрып жатқан территорияларға ықпалын нығайтуды көздейтін саяси күштерді күшейтті. Венгрия, Румыния, Польшаны айтып отырмын. Сондықтан олар үшін мұндай шешім дер кезінде әрі сәтті шешім болып тұр. Бұл Украинадағы процестердіңдемократиялық сипаты жоқ, Еуропаға қосылуға әлі дайын емес деп көрсетудің тағы бір сылтауы. Бухарест пен Будапешт осындай позиция ұстанатынын ашық мәлімдеді. Бірақ олардың көздегені не? Шын мәнінде, ішкі дағдарыс күшейіп, саяси және өзін-өзі басқару жүйесіндегі проблемалар шешілмей жатқан тұста көршілеріміз айрықша мүддесі бар территориялар мен этномәдени топтарға ықпал етудің қосымша мүмкіндігін алды. Аймақта енді басталып келе жатқан жаңа геосаяси дағдарыс кей жерлерде сепаратизмнің бас көтеруіне ұласуы мүмкін деген де қауіп бар. Қазір Орталық Еуропадағы көрші елдердің моральдық, гуманитарлық қолдауына сүйеніп отырғантұрғындар өз мүдделерін қорғайтын біреуді іздей бастайды. Бұлар биліктің жергілікті органдары мен парламенттегі депутаттар ғана емес, азшылық ұлттардың мүдделерін қорғау деген тақырыпты бірден іліп әкететін саяси күштер. Украина билігінің мына шешімі ішкі саясатты қожыратуға ұласты, Украинада жаңа ұлтшылдық қозып келеді деген күдікті қоюлатты,бізбен бәсекелес және өзінің әлеуметтік капиталы үшін таласып жатқан елдердің позицияларын нығайтты. Мұндай әлеуметтік капитал деп көрші елдер отандас санайтын, паспорттарын бере алатын, сыртқы ықпалды ішке тарататын территорияға айналуы мүмкін тұрғындарды айтуға болады. Украинаға бұл қандай қатер төндіруі мүмкін? Білім саласындағы реформаның даулы тұстарын көрші елдер ғана емес, жуырда Еуропа Одағы басшылары да сынауымүмкін. Еуропаның азшылық ұлттардың құқықтары ескерілген білім бағдарламаларын, Украинадағы қазіргі жағдай – Донбастағы соғысты, солтүстіктегі көрші елмен арадағы үлкен проблемаларды, саяси, қаржылық кіріптарлықты ескерсек, Украинаның ЕО-мен интеграциясына қатысты бағдарламаларын талқылау мәселесі де тұйыққа тіреліп қалуы мүмкін. Сондықтан енді көп нәрсе президент Петр Порошенконың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы аясындағы кездесулерінде Украинадағы мәдени саясат, азаматтық құқықтар саласында не болып жатқанын қаншалықты ұтымды түсіндіре алатынына байланысты болады. Қазір ең әуелі еуропалық әріптестерімізбен арада үлкен дағдарыс басталуы мүмкін жағдайда тұрмыз деп болжаймын. Ал Орталық Еуропа елдері отандастары тұратын территорияларда өз ықпалын күшейту үшін мына жағдайды пайдаланып қалуға тырысары анық, - дейді Андрей Ермолаев.

Қазір ең әуелі еуропалық әріптестерімізбен арада үлкен дағдарыс басталуы мүмкін жағдайда тұрмыз деп болжаймын.

Жуырда Украинаның премьер-министрі Владимир Гройсман сыртқы істер министрі Павел Климкин мен білім және ғылым министрі Лилия Гриневичке Еуропа Одағы елдері елшілерімен кездесіп, оларға «Білім туралы» заңды дұрыстап түсіндіруді тапсырды. Үкімет басшысы «бұл құжат азшылық ұлттардың тілдерін пайдалануға жағдай жасап, мемлекеттік тіл – украин тілін еліміздің бүкіл территориясында қолдануға жаңа мүмкіндіктер береді» деп мәлімдеді.

Владимир Ивахненконың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG