Accessibility links

Порошенко командасына Майдан разы емес


Медиамагнат Борис Ложкин (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко.
Медиамагнат Борис Ложкин (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко.

Украинаның жаңа президенті Петр Порошенконың биліктегі алғашқы қадамының бірі медиамагнат Борис Ложкинді өз әкімшілігіне басшы етіп тағайындау болды. Оның лауазымға тұлға таңдау тәсіліне әзірше Майдан разы емес.

Украина президенті Петр Порошенконың әр қадамын «микроскоппен зерттегендей» барлап отырғандар көп.

Маусымның 10-ы күні ол медиамагнат Борис Ложкинді президент әкімшілігінің бастығы етіп сайлады. Бұған қатысты әркімнің пікірі әртүрлі.

МАЙДАН НЕГЕ НАРАЗЫ?

Сыншылар Ложкиннен «медиамагнат, Порошенконың сыры бір серігі, Ресеймен ұзақ жылдар бойы жақсы байланыста болған адам» деп күдіктенеді. Борис Ложкинді қолдайтындар оның басқару қабілеті мықты екенін айтады. Киевтегі сарапшы Владимир Фесенко:

- Порошенко биліктен қажымаған жаңа адамды әкелді. Ол президент әкімшілігінің бұрынғы қызметіне сынмен қарап, ендігі міндетін жаңа көзқараспен анықтай алады, - деді Азаттыққа.

Ложкин осы қызметке тағайындалардан сәл бұрын украиналық United Media Holding (UMH) компаниясындағы үлесін сатып жіберді. Бұрынғы президент Виктор Януковичтің тұсында да оның ісі жүріп тұрған еді.

Майданда әлі тарамай тұрған белсенділер. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 31 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Майданда әлі тарамай тұрған белсенділер. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 31 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украиналық журналист Олег Шинкаренко «Біз бұл төңкерісті олигархтар пайда тапсын деп жасадық па?» деп сұрайды. Еуромайдан шерушілерінің көбі олигарх Порошенкоға күмәнмен қарай бастаған. Ложкиннің жеке бас қасиетін былай қойғанда, Майданға оның жұмыс істеу тәсілі де белгісіз.

Украинадағы президент әкімшілігін осы кезге дейін мықты саяси қайраткерлер басқарып келді. Бірақ жақында өткен реформалар – оның ішінде 2004 жылғы конституцияны қалпына келтіру де бар – президент әкімшілігінің билігін шектеп, Украинадағы мемлекеттік құрылымдар арасында теңдік орнатты.

«ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН АЯНБАЙМЫН»

Осындай өзгерістер болып жатқанда Ложкиннің биліктегі қадамдарын ешкім болжай алмайды. Шығысында бүлік орнаған, Ресеймен арасы шиеленісіп, экономикасы әлсіреген Украинаның билік органдары өзара міндеттерін бөлісіп жатыр. Сондықтан осы сәтте өзін тез көрсетіп қалуға ұмтылатындар да көп.

Маусымның 16-сы күні Ложкин: «Мен дағдарысты шешетін менеджермін, қазіргі кезеңде керегі де осы» деді. Ол «елінің игілігі үшін аянып қалмайтынын» мәлімдеді.

Харьковтің 42 жастағы тұрғыны Ложкин 1990 жылы кәсібін баспагер ретінде бастаған. 1994 жылы ол «Теленеделя» атты телеарна бағдарламаларын жариялайтын журнал ашты. Сонан кейін Ложкин оны пост-советтік аймақтағы ең мықты баспасөз брендінің біріне айналдырды. Соңғы жылдары бұл журнал интернет арқылы хабар тарататын форматқа ауысып, Батыстағы танымал журналдардың жергілікті нұсқасын шығаратын болды.

Игорь Луценко.
Игорь Луценко.
2011 жылдың сәуірінде Ложкиннің UMH медиа-құрылымы Порошенкомен бірігіп KP Media холдингін сатып алды. UMH 2013 жылдың соңына қарай 50 медиа брендтің басын біріктіріп, бұрынғы Совет Одағы аумағындағы ықпалды жеке медиа-компанияға айналды.

Қатыгез бизнес әлемінде осындай табысқа жеткен Ложкинің қолы таза дегенге күмән келтіретіндер де бар. Қоғам белсендісі және бұрынғы Киев қалалық кеңесінің «Батькивщина» партиясынан сайланған мүшесі Игорь Луценко Ложкиннің медиа жобаларын журналистика тұрғысынан алғанда сапасы төмен деп бағалап, «ақысы төленген дүниені жариялай беретінін» айтты.

«ӘЛДЕ РЕСЕЙДІҢ ДОСЫ МА?»

2004 жылы Ложкин «Довира» телекомпаниясын сатып алды, ол соған дейін алты жылдан бері Азаттықтың Украин қызметінің хабарларын таратып келген еді. «Довира» одан соң Азаттықтың хабарларын таратудан бас тартты, оны Азаттық басшылығы сол кезде «сөз бостандығы мен либералды демократияға қарсы саяси акт» деп бағалаған.

Бір жылдан соң Ложкин KP Media мен басқа да меншіктерін Януковичтің серігі саналатын олигарх Сергей Курченкоға сатты. Ложкиннің өзі мұның бәрін «бизнес» деп сипаттайды. Бірақ сарапшылар «билік тәуелсіз БАҚ-ты құрту үшін осындай бірнеше сатылы әрекеттер жасайды» дейді.

Ложкин KP Media-ны 450-500 миллион АҚШ долларына сатқаны айтылады. Бұл Украина медиа бизнесі тарихындағы ең бір сәтті сауда саналды.

Сыншылар Ложкиннің медиа жобаларының бәрі орыс тілінде хабар таратқанын ескертеді. Ал Ложкин «орыс тіліндегі баспасөзге сұраныстың көп» екенін, «Теленеделяны» украин тілінде жүргізудің табысты болмағанын» айтып ақталды. Бірақ белсенді Луценко: «Ложкин украин тілінде сапалы өнім жасауды мақсат еткен емес. Ол жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүргісі келеді» дейді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин мен Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко. (Көрнекі сурет)
Белсендінің айтуынша, «Ложкин «Аргументы и факты» сияқты ресейлік басылым үлгісін алып, оны Украинада тарата береді». Оның үстіне, 2013 жылдың шілдесінде Ложкинді Ресейдің Федерация кеңесі «Украинадағы бұқаралық ақпарат құралын дамытуға үлкен үлес қосып, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген үлесі үшін» марапаттаған.

Марапатты тапсырған Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко ресейлік БАҚ-пен табысты жұмыс істегені үшін Ложкинді қатты мақтаған. Ол Ложкиннің «Үлкен кәсіби маман және Ресейдің досы болуға тиіс» адам екенін айта келіп, «маңызды міндет атқарып жүргенін ұмытпауы керек» екенін де ескерткен.

ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ

Президент Порошенко билікті қолына алғаннан бері жиі туындайтын негізгі сауал: Президент әкімшілігі қалай жұмыс істейді және үкіметпен қандай қарым-қатынаста болады?

Порошенко президент әкімшілігінің бірінші орынбасары етіп Геннадий Зубконы, ал басқарма орынбасары етіп Олег Рафальскийді тағайындады. Бұлардың екеуі де - Житомир облысынан шыққан, реформа жасағаннан гөрі бұйрықты орындауға бейіл адамдар.

Порошенко Сергей Берзенконы мемлекеттік басқару агенттігінің төрағасы етті. Берзенко Янукович кезінде Киевтің мэрі болған Леонид Черновецкийдің кеңесшісі еді. Ал Черновецкий - сыбайлас жемқорлыққа қатысты дауға іліккен адам. Украина президенті өз меншігіндегі телеарна журналисі Святослав Цеголконы баспасөз хатшысы етіп тағайындады.

Украина президенті Петр Порошенко қорғаныс министрлігінің оқу орнында түлектерге диплом тапсырып тұр. Киев, 18 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украина президенті Петр Порошенко қорғаныс министрлігінің оқу орнында түлектерге диплом тапсырып тұр. Киев, 18 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
​Янукович дәуіріндегі парақорлық пен жемқорлықтан көңілдері қалған «Еуромайдан» шерушілері Порошенконың бұлар сияқты саяси серіктеріне риза болмады. Олар билікте түбегейлі өзгеріс болса дейді. Ал Порошенко өзі білген, таныған тобын жасақтаған сияқты.

Киевтегі саяси жағдайды бақылау агенттігінің директоры Виталий Бала 2000-жылдардың басында премьер-министр орынбасарының кеңесшісі болып істеген еді.

Ол Азаттыққа: «Көзім жеткені - Украина президентін маңайындағылар басқармайды. Порошенко өз әкімшілігіне билігін жүргізеді. Барлық ірі саяси шешімдерді (саяси, экономикалық және заңды) өзі қабылдайды. Бұрынғыдай «итті құйрығы басқармайды» деді.

(Азаттық тілшілері Жанна Безпятчук пен Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG