Accessibility links

Ресей мен Украинадағы «шоколад шиеленісі»


Ресейде сатылып жатқан Roshen кәмпиті. 29 шілде 2013 жыл
Ресейде сатылып жатқан Roshen кәмпиті. 29 шілде 2013 жыл

Соңғы жылдары Ресей көрші елдермен болған саяси жанжалдардан соң молдован шарабына, белорус сүтіне, грузин минералды суына тыйым салған. Мәскеу енді украин шоколодының сатылуына шек қойды.

Ресейдің бас санитарлық инспекторы Геннадий Онищенко украиналық Roshen кондитерлік корпорациясының шоколадтары мен өзге де тәттілерін импорттауға тыйым салу туралы шешімін жариялады. «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында Онищенко Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғайтын «Роспотребнадзор» мекемесінің Roshen өнімдерінен заң талаптарын бұзатын кемшіліктерді көп тапқанын, мәселен сүтті шоколадта канцерогенді бензапиреннің мөлшері тым жоғары болып шыққанын хабарлаған.

«ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН РЕСЕЙШЕ ҚОРҒАУ»

Roshen корпорациясы бұл айыпты жоққа шығарып, оның фабрикалары Украина мен Ресейдің санитарлық талаптарын толық орындайтынын, 15 жылдық тарихында Ресейден де, тәттілерді импорттайтын басқа елдердің ешқайсысынан да ешбір ескерту түспегенін мәлімдеді.

Кәмпиттердің сан түрін шығарумен айналысатын Roshen корпорациясы Ресей басшылығынан заң бұзушылық жөнінде ресми хатты әлі алмағанын жеткізді.

Бұл дау аймақтың христиан дінін қабылдауының 1025 жылдық мерейтойы тойлана салысымен іле-шала туды. Кремль бұл атаулы күнді Ресей мен Украинаның бірлігінің белгісі ретінде көрсетуге тырысып баққан.
Киевте сатылып жатқан Roshen кәмпиттері. 29 шілде 2013 жыл
Киевте сатылып жатқан Roshen кәмпиттері. 29 шілде 2013 жыл

Алайда, шілде айы бойы күткізіп қойып, енді ғана жарыққа шыққан Онищенконың бұл шешімі екі елді баяғы өзара бақталас қалыпқа қайта түсірді. Кейбіреулердің айтуынша, Кремль жариялаған «шоколад соғысы» - Украинаның Ресейден импортталатын автокөлікке арнайы баж салығын енгізу туралы шешіміне қарымта жауабы болуы мүмкін.

Оның үстіне Киев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Ресей арасындағы шетелдік ескі көліктерді қайта өңдеу салығы төңірегіндегі дауда ДСҰ-ны қолдаған еді. Украинаның «өркөкіректігіне» ашуланған Ресей көрші елден келетін көмір, шоколад және шыны өнімдеріне баж салығын ұлғайтатынын хабарлаған. Ресейдің «Дождь-ТВ» телеарнасына берген сұхбатында «Коммерсант-Украина» басылымының бизнес-редакторы Антон Онуфриенко «шоколад шиеленісі» бұлайша ушығады деп ешкім күтпесе керек деген ойын айтты.

«Жұрттың бәрі бұл текетірес көлік импорты пен қайта өңдеу салығынан басталды деп санайды. Тіпті украиналық министрліктің өзі «Ресеймен диалог түзеліп келеді, егер көлік салығын алып тастасақ, Roshen-нің де мәселесі шешіледі деп үміттенді» дейді ол.

Шоколад мәселесіне қатысты пікір айтқан Украинаның бірінші премьер-министрі Сергей Арбузов екі елдің «сауда соғысына» киліккенін жоққа шығарды және екі жақтың мәселені мұқият зерттеп, алдағы уақытта мәлімдеме жасайтынын жеткізді.

«САММИТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ БОПСАЛАУ»

Ресей саяси дау-дамай кезінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі арқылы көршілеріне тізе батыратын әдетімен белгілі. Соңғы бірнеше жыл ішінде дәл осы Онищенко Молдова мен Грузияның шарабына, Беларусьтің сүті мен қантына, Украинаның ірімшігіне тыйым салған. Әр оқиғада Мәскеу өз азаматтарының денсаулығын қорғаған түр танытты. Алайда мұндай шешімдер Ресейдің тиісті көршілерімен қарым-қатынасы нашарлаған кезеңдерге тұспа-тұс келіп отырды.

Ресейдің 2012 жылы ірімшік импортына тыйым салуы – газ тасымалы, сауда байланыстары және Еуропамен интеграция мәселелеріне қатысты Украинаны бопсалау әрекетіне қатты ұқсап кетті.

Путин пен Януковичтің православ шіркеуінің ұлық мерекесі аясында болған жүзбе-жүз кездесуінің күн тәртібінде де осы үш мәселе тұрды. Онищенконың мұндай қатаң шараға бару себебі – Путин украин әріптесін айтқанына көндіре алмады дегенді білдірсе керек.
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Киев Русінің христиандықты қабылдауына 1025 жыл толу мерейтойы кезінде құлшылыққа қатысып тұр. Киев, 28 шілде 2013 жыл
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Киев Русінің христиандықты қабылдауына 1025 жыл толу мерейтойы кезінде құлшылыққа қатысып тұр. Киев, 28 шілде 2013 жыл

Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Владимир Огрызконың айтуынша, «Роспотребнадзордың» мұндай шешім қабылдауы кездейсоқтық емес және Кремль бұдан әрі де жұдырық түюін жалғастыра бермек. Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында ол Ресей алдағы айларда тіпті белсене қимылдайды деген болжам айтты. Оның себебі – қарашада Ресейдің қолайына жақпайтын бір оқиға болғалы тұр - Украина президенті Вильнюс саммитінде Еуропа Одағымен Ынтымақтастық келісіміне қол қоймақ.

- Менің ойымша, Онищенконың мәлімдемесі кездейсоқтық емес. Roshen-нен соң олардың назарына құбырлар, құбырлардан соң – ірімшік, ірімшіктен соң тағы бірдеңе ілігеді. Бұл әдейі жасалып отыр. Мұның шет-шегі болмай ма деп қорқам, Вильнюс саммиті жақындаған сайын Украинадағы мұндай «төтенше» оқиғалардың саны да арта түседі, - дейді Огрызко.

«САЯСАТТЫҢ САУДАҒА АРАЛАСПАУЫНА ҮКІМЕТ ЖАУАПТЫ»

Бұрынғы Совет Одағының тоғыз еліне, сонымен қатар АҚШ, Канада, Германия және Израильге кәмпит экспорттайтын Roshen корпорациясы Ресейдегі сауда көлемін жыл сайын ұлғайтып келе жатқан. 2012 жылы бұл мекеменің Ресейдегі саудасы 175 пайызға артып, 40 миллион доллар таза пайда тапқан.
Петр Порошенко, Roshen компаниясының жетекшісі. Киев, 14 қаңтар 2013 жыл
Петр Порошенко, Roshen компаниясының жетекшісі. Киев, 14 қаңтар 2013 жыл

«Шоколад патшасы» атанған компанияның иесі Петр Порошенко – «қызғылт-сары төңкерістен» соң билікке келген президент Виктор Ющенконың жақын досы, содан да оның Януковичпен және Ресеймен арасы онша жақсы болмаған.
Фамилиясының ортаңғы буынын шоколад корпорациясының тауар белгісіне айналдырған Порошенко Украинадағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады және ол Киев қаласының мэрі, не тіпті Украина президенті болудан дәмесі бар үміттілердің қатарына кіреді.

Азаттықтың өнім саудасына тыйым салу хақындағы сауалына пікір білдіруден бас тартқан Порошенко «саясаттың мұндай шаруаларға араласпауына үкімет жауапты болуы керек» деп қысқа қайырды.

Материалды ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG